«Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламентте талқыланып жатыр. Бұл заң жобасына халық өкілдерінің қойып отырған талаптарына байланысты бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізу қарастырылған. Соның бірі ауылдық елді мекендер маңайында жайылымдардың жетіспеушілігін шешу мәселесі болып табылады.
Бұл мәселенің ауыл тұрғындарын толғандыра бастағандығына біраз уақыт болды. Себебі түсінікті, ауылдарда жыл өткен сайын тұрғындар қолындағы мал саны көбейіп, осының нәтижесінде ауыл маңайындағы жайылымдық өріс тарыла түсуде. Бұған ауыл маңайындағы жерлердің кезінде ұзақ мерзімге жалға беріліп кеткендігі де әсер етуде. Аталған заң жобасында осы проблеманы шешу жолдары қарастырылған. Ол қандай жолдар?
Осы сұраққа жауап іздеп Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендинаға хабарласқан едік.
– Жалпылай айтсақ, заң жобасында халықты толғандыратын, осы бойынша құрылған жер комиссиясында талқыланған мәселелер бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізу қарастырылып отыр. Ауылдар маңайындағы жер телімдерінің мәселесін шешу де осындай үлкен төрт өзгерістің қатарына шығарылды.
Заң жобасы әзірленбес бұрын біз ауылдар маңайындағы жерлерге қатысты зерттеу, талдау жұмыстарын жүргіздік. Сол тұста көптеген қателіктер 1993 жылдары ауылдардың бас даму жоспарларын жасаған кезде жіберілгендігін аңғардық. Ол кездері, әрине ауылдардағы мал саны азайған тұс еді. Сондықтан ауыл маңайындағы көптеген жерлер жекеменшік қолына берілмесе де ұзақ мерзімге жалға беріліп қойылған екен. Енді осы проблеманы шешу үшін ауыл маңайындағы жерлерді мемлекет мұқтажына қайта қайтарып алу нормалары енгізілді. Ал қандай жер телімдерін қайтарып алу керектігін жергілікті әкімдіктердің өзі анықтайды. Өйткені жергілікті жер мен халықтың проблемасы ең әуелі соларға таныс қой. Ауыл маңайындағы жер телімдері кері қайтарып алынған соң, ол жерлерді ауыл тұрғындары бірлесіп пайдаланады. Бұл жерлер екінші рет ешкімге жалға немесе жекешелендіруге берілмейді, – деді Гүлжахан Амангелдіқызы.
Оның айтуы бойынша, алдағы уақытта мұндай мәселелерді халықтың талап-тілегін ескере отырып шешу үшін тең жартысы жергілікті халық өкілдерінен, тең жартысы мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын комиссиялар құрылып, жұмыс істейтін болады. Қандай жерді жалға беріп, қандай жерді сату конкурсына шығаруға болатындығын, ал қандай жер мемлекет меншігінде қалдырылатындығын міне, осы комиссия анықтайды екен.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»