Уақыттың зор сынына төтеп беріп, адамзат көкейіндегі бітіспес майдан мен таусылмас сұрақтарға жауап беріп келе жатқан һәм жауап қатудан шаршамайтын, әмсе ескірмейтін шығармалар – классика. Ал олардың авторы – классик. Үлгілі қаламгер, иә шебер дейік.
Қай уақытта да осы ең биік баға болып есептелетін ұғымның айналасында дау-дамай да, пікір алмасу да толастаған жоқ. Сент-Бевтің «Классика деген не?» мақаласы, осы аттас Элиоттың да баяндамасы бар. Классик контексіне қарай әртүрлі мағыналық реңктерге ие болады. Бір қаламгер белгілі бір жанрдың классигі болу мүмкін. Немесе біреуді асыра мақтағанда, шалықтап – классик деп жібереміз. Ал шын мәнінде классикалық шығармаларды айтқанда өткен ғасырларда өмір сүрген жазушыларды және әдебиеттің үлкен бір дәуірін классикалық дәуір дейміз. Ендеше шығарма қандай қасиетіне байланысты классика, қаламгер қандай жағдайда классик атанады?
Өлеңші көп, ақын аз, жазарман көп, жазушы тапшы уақытта «классик» деген мақтаулардың көбеюі, бірақ солардың арасынан классик боп бірен-сараны шықса қуанатын жағдайға келуіміз ненің көрінісі екенін білмейміз. Бәлкім, бұрынғы заманда көрмегеннен кейін, айта беретін де шығармыз. Ол кезде де мақтау, мақтану көп болған шығар. Өзін-өзі мақтап рецензия жазған бір кездегі Еуропа жазушыларының қызық әрекетін немен түсіндірер едіңіз. Дегенмен әңгіме шын классика туралы...
Том-том кітап шығарып, неше жыл өлең жазып келе жатқан ақын-жазушылар жылдық өтіліне қарай классик болмайтыны анық. Иә, көп мақталған, мол сыйлық алған адам да оңай жете қоятын баға емес. Бүгінгі атағы дардай, алмаған сыйлығы қалмаған қаламгерлерді бір ойлап қойсаңыз болады осындайда. Ол бағаны қарақұрым оқырман, уақыт береді. Оқырманды алдап, мақтата алмайсыз, уақытқа жағынып, атаққа шықпайсыз. Сонда бір ғана жол қалады. Адал еңбек, маңдай тер. Құдай берген талант, қасиет. Ең ұлы сыншы деп Уақытты айта беретініміз де сондықтан шығар.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»