• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2018

ОҚО-да шегірткенің қаупі күшейіп тұр

1032 рет
көрсетілді

Бұл Крыловтың әйгілі мысалындағы ала жаздай ән салып, қыс түскенде сү­мең­деп еңбекқор құмырсқаның есі­гін қағатын дәрменсіз шырылдауық ше­гіртке емес.

Атаулары да әйдік. Марокколық, азия­лық және италиялық. Біздің ба­ла кезден көз үйренген бәкшек ше­гірт­ке бұлардың қасында тышқан мұр­нын қанатпайтын жуас. Ал мына көк­соққандарды қарақұрым болып ұшқанда күн көзі көрінбей, қонған жерінде тіс шұ­қитын қылтанақ қалдырмайтын жауыз десе болады.

Биыл да Оңтүстікте жылдағы ойбай басталайын деп тұрған сияқты. Жыл басында аумақтық инспекция ма­мандарының күшімен 1 миллион гектар жерге зерт­теу жұмыстарын жүргізіп көрген. Жылда шегіртке жұмырт­қа­ла­рын жер­ге сіңіретін қауіпті аймаққа. Қауіп­тен­гендей болып шықты. Облыстағы 11 ауданның 340 мың гектардан астам алқабында шегірткелер­дің үлкен шоғыры бары байқалған. Күн жылт етсе, жер бетіне өріп шығатын ше­­гірт­келерді уақытында залалсыздан­дырмаса, қанаты қатайған соң ие бермей кетеді. Ондай жағдайлар облыс­та болған. Жұмыстар жеткілікті жа­сал­­мағандықтан марокколық және ита­лиялық шегірткелер Сырдарияның үстінен алғаш рет ұшып өтіп, Шарда­раның бау-бақша, егістігін майқандап тастаған еді. Төрт ауданның диқандары алдындағы нәпақасынан айы­рылып қала жаздаған.

Облыста шегірткені залалсыздандыру үшін арнайы штаб құрылды, басшысы – облыс әкімінің бірінші орынбасары Әліп­бек Өсербаев. Облыстық аумақтық инспекцияның бас­шысы Н. Қашқынов штабта соны­мен қатар ауыл шаруашылығы басқармасы мен төтенше жағдайлар департаментінен мамандар және барлық аудан, қала әкім­дері бар дейді. Бүгінде нақты жұмыс жос­пар­лары бекітілді.

Биылғы жұмыстарға арнайы техникасы бар 3 серіктестік тартылмақшы. Одан бөлек 500-ден астам адам жұмыл­ды­рылады. Ал, зиянкестер мекендеген аумақ­тың 50 пайызы жерүсті агрегатымен өңделсе, 137 мың гектарға ұшақ­тар арқылы дәрі себіледі. Осындай әдіс­­тердің арқасында шегірткелердің қа­наты қатаймай жатып, көзі жойылуы­ тиіс.

– Қазір қажетті дәрі-дәрмек сатып алы­нып қойды. Енді фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталы­ғының хабарламасын күтіп отырмыз. Егер сол орталық шегірткелердің жер бе­тіне шыққанын хабарласа, барлық меке­мелердің басын қосып жұмыстарды бастаймыз. Бір айта кетерлігі, биылғы зиян­кестер шоғырланған аумақ өт­кен жылғыдан 80 мың гектарға аз. Бұл былтырғы жұмыстың нәтижелі бол­­ғанын аңғартады. Сондықтан мамандар кезекті залалсыздандыру шараларын жоғары деңгейде жүргізуді жос­парлап отыр, – дейді облыстық аумақ­тық инспекцияның басшысы Нұржан Қашқынов.

Оңтүстікке көктем ерте келіп қой­ған. Ақпанның ортасынан сібірлеп бас­тал­ған жауын наурыздың бел ортасына дейін жалғасты. Өрік ағашының алды гүл­деп, далада жауқазын жер төсін тесіп шықты. Мұндайда жаны сірі ше­гірт­кенің қарап жатпасы анық. Олар жер бетіне шыққан соң дауыс салып, бә­рі бір жерге шоғырланады. Бас-аяғы жиналған соң қалың қол секілді тұтасып, жорық шеруін бастайды. Оларды екінші қайтара ұратын уақыт осы. Штаб мүшелері уақытынан кешікпеу үшін жұмысты ерте бастап кетті.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы