• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2018

Сенатта Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың тиімділігін арттыру туралы дөңгелек үстел өтті

360 рет
көрсетілді

Сенатта «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар – өңірлік даму институты» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел болды, деп хабарлады Парламент Сенатының Баспасөз қызметі.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев шараны аша келіп, Мемлекет басшысы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» Жолдауында аймақ орталықтарында экономикалық іс-қимылды үдетуге, сондай-ақ аймақтарды тиімді экономикалық салаларға мамандандыруды қалыптастыруға бағытталған қазіргі замандағы аумақтық даму стратегиясын әзірлеу қажеттігі туралы міндет алға қойғанын атап өтті.

Асқар Бейсенбаев қазіргі кезде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бизнесті қолдау және аймақтық дамудың өсу орталықтары ретінде экономикалық қарқынды ынталандыруда қажетті институттар ретінде қажет болып отырғанын, ӘКК аймақтағы кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау білдіре отырып, аймақтағы бизнестің іскерлік белсенділігін арттыруы тиіс екенін атап өтті. ӘКК жұмысының тиімділігін арттыру бүгінгі таңда аймақтарды дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.

Сенатор Әлімжан Құртаев жеке қаржының жетіспеушілігі, коммерциялық және коммерциялық емес міндеттердің араласып кетуін, көптеген ӘКК-нің шығынға ұшырап жатқанын, жобалар ауқымы аясының кеңдігі мен оңтайлы еместігі және басқа да ӘКК қызметіндегі өзекті мәселелерді атап көрсетті.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметіндегі негізгі көрсеткіштерді дөңгелек үстелге қатысушыларға таныстырды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында 16 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жұмыс істеп келеді, олардың 85 еншілес әрі тәуелді кәсіпорны бар, оларда 102 инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жалпы кірісі 31,5 миллиард теңгені, шығыстары 31,8 миллиард теңгені құрады.  

Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Арыстан Қабыкенов Қазақстанның 8 аумағында (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында) 23 индустриялық аймақтар жұмыс істейтінін айтты. 136 миллиард теңге (25,6 пайызы шетелдіктердің қатысуымен) салынған 127 жоба іске қосылды, 186 жоба жүзеге асу кезеңінде, 8 мың жұмыс орны ашылды, өндіріс көлемі 160 миллиардтан астам теңгені құрады, 14 миллиардтан астам теңге салық түрінде қайтарылды. Бұл ретте барлық индустриялық аймақтардан инфрақұрылымның құрылысына арналған бюджет шығындары 61 миллиардтан астам теңгені құрады. Сөйтіп, инфрақұрылымға салынған бюджеттің 1 теңгесіне жеке инвестицияның 2,2 теңгесі тартылды.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев азық-түлік тауарларының тұрақтандырушы қорларын қалыптастыру мен пайдалануда министрлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен өзара тығыз әрекет етінін атап өтті.

«Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жетекшісі Нұрлан Жақыповтың деректері бойынша, «1000  орын – көше саудасы» бағдарламасы аясында 800 миллионнан астам жеке инвестиция тартылған, астанада мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылғаны айтылды.

Сөз алған «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Айтмұхамед Алдажаров облыста 11 индустриялық аймақ құрылғанын, онда 156 миллиард теңгенің 172 жобасы жүзеге асқанын айтты.

Парламент Сенатының депутаттары дөңгелек үстел отырысы барысында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының тиімді дамуына бөгет болып отырған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, қаржыландырудың қосымша көздерін табу, жер бөлу мерзімдерін қысқарту және басқа да мәселелер айтылды.

Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, олар еліміздің Үкіметіне, жергілікті атқарушы органдарға және басқа да мүдделі ұйымдарға жіберіледі және бұдан былайғы заң шығару жұмыстары барысында Сенат депутаттары ескеретін болды.