«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Жаңа жыл – әз Наурыз мерекесіне жоспарлаған жаңашыл бастамалары өте көп. Оның дені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырып ұйымдастырылуда.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Егемен Қазақстан» газеті бетінде Наурыз мейрамын жаңашыл бағыт, ұлттық үлгіде тойлауға қатысты жолданған бірқатар тың ойлары ұйым жұмысының да алдағы жоспарларына үлкен серпін беріп, жаңа бастамаларға себепші болып отыр. Осы орайда аталмыш ұсынысты қолдау және жүзеге асыру мақсатында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік бірлестігінің директоры Жеңіс Сейдуллаұлы өнер ұжымының алдағы жұмыс барысы мен «Қазақстан» Орталық концерт залы ғимаратының ерекшеліктерін таныстыруға арналған пресс-тур өткізіп, шығармашылық ойларымен бөлісті. Әлемдегі озық технологиялық жетістіктерді есепке ала отырып бой көтерген сәулетті ғимарат – «Қазақстан» орталық концерт залының ішінде қызмет етіп жатқан бірнеше шығармашылық ұжым жұмысы жекелей таныстырылды. Соның ішінде, әсіресе, Astana Musical театрының сахналық ізденістері және ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы мен елорданың 20 жылдық мерейтойына орай 20-27 наурыз аралығында Алматы қаласына жоспарланған гастрольдік сапар бағдарламасы да көпшілік назарына ұсынылды.
Astana Musical – еліміздегі және Орталық Азиядағы тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры. Заманауи театр өнері бағыттарын өз тәжірибесінде ұтымды қолданып жүрген жас театр бүгінде республика аумағынан бөлек, Франция, Бельгия, Аустрия, Ресей сынды бірнеше мемлекетті де өз талантымен тәнті етіп қайтты. «Достар серті», «Ер Төстік», «Ромео мен Джульетта», «Қыз Жібек» сынды әлемдік классика мен төл драматургиямыздың жауһарларын да сәтті сахналап жүрген жас театрдың Алматы қаласына апарар гастрольдік бағдарламасы да өзіндік мазмұнымен қызықты. Өнер ұжымы, сондай-ақ алдағы уақыттағы әлемнің озық мюзиклдерін қазақ сахнасына әкелу жоспарларын да ортаға салып, шығармашылық жұмыстарының қыр-сырымен бөлісті.
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының қазақ өнерін дамыту, жеке орындаушылар мен жас таланттардың шығармашылық ізденістерін қалың көрерменмен қауыштыруда жасап жатқан жұмысы орасан. Ұжымның жаңа директоры Жеңіс Сейдуллаұлының мәлімдеуінше, бірлестік алдағы уақытта да осы қарқынын жоғалтпай, еліміздің түкпір-түкпірін аралап өнер көрсетумен қатар, қазақ музыкасы мен театр өнерін әлем деңгейіне көтеруге барынша көңіл бөлінетіндігін атап өтті. Кездесу соңында «Қазақстан» орталық концерт залының ішіне арнайы экскурсия жасалып, жиынға қатысқан БАҚ өкілдері мен жоғары оқу орындарының ұстаздары, педагог ғалымдар талантты гример, мүсінші Айдос Есмағанбетовтің шеберханасымен танысты.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»