Экология мәселесі бүгін шешілмесе, ертең әлеуметтік-экономикалық шығындарға ұрындыратын ауқымды проблемаға айналуы мүмкін. Бұған әлемде де, өз елімізде де мысалдар жетерлік. Өндіріс орындарынан шығарылатын зиянды заттар, тұрмыстық қатты қалдықтар мен қоғамдық көліктерден бөлінетін түтін де бүгінде осы экологиялық ахуалды күрделендіре түсетін, тиімді шешімін табуы тиіс түйткілдердің қатарында. Мұндай мәселелер Жамбыл облысында да жоқ емес.
Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласының өзінде 300 мыңнан астам халық тұрады. Осы халықтан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтардан бөлек, шайынды сулардың өзі қазір кәдімгідей алаңдаушылық тудыруда. Осы уақытқа дейін сол шаһардан шыққан шайынды сулардың, яғни кәріз жүйелерінің тазарту қондырғыларымен қамтамасыз етілмеуі бүгінде өңірдегі ең күрделі экологиялық мәселеге айналып отыр. Бүгінде пайдаланылып отырған тазарту жүйесі 1960-жылдардан бері қарапайым сүзу алаңдары ретінде ғана жұмыс істеп келеді. Сондықтан да шайынды суларды толық биологиялық тазартудан өткізу болуы мүмкін апатты жағдайдың алдын алатын еді. Бірақ қазіргі жағдайда сол шайынды сулар қала іргесіндегі Жамбыл ауданының аумағына, нақты айтсақ Жамбыл, Қостөбе ауылдарының маңайына жайылып, халыққа кері әсер етуде.
«Ондағы 12 картадан тұратын аумағы 14 гектар тұндырғыштар мен 92 картадан құралған 193,5 гектар сүзу алаңдарына тәулігіне шамамен 30,0 мың текше метр, яғни жылына 12,0 миллион текше метрден астам шайынды сулар құйылады. Сүзу алаңдарының тұрақты гидравликалық артық жүктемесінен жерасты суларының ластану фактілері орын алуда. Бұл сол маңайда орналасқан елді мекендердің ауызсуына зиянды әсерін тигізіп, ауылшаруашылық жерлердің бүлінуіне әкелетіні белгілі», дейді Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанатбек Мәдібек.
Департамент басшысының мәліметінше, өткен жылдың қыркүйек, қараша айларында сол маңайдағы жерасты суларына талдау жүргізу үшін бақылау ұңғымаларынан сынамалар алынған екен. Нәтижесінде, жерасты суларындағы нитраттың мөлшері 2 ұңғымада рұқсат етілген шектен 5,1 және 4,3 есеге артық екендігі анықталыпты. Сол сияқты тоғандар мен сүзгі алаңдарының сыртынан өтетін дренаж каналынан алынған су сынамасында аммоний азотының мөлшері рұқсат етілген шектен 3,4 есе артық, ал оттегінің биохимиялық қажеттілігі 7,0 есеге кем болған.
Шынында да қалада күн сайын тұрғындар тұтынған тұрмыстық нәрселерден бөлек, дәмхана мен мейрамханалардың қалдығы, автожуу тұрақтарының шайынды суы сияқты артық заттардың барлығы да экологиялық апатқа алып келетін қауіп. Сондықтан да шайынды суларды тазалау күн тәртібіндегі мәселе болып тұр. Алайда «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Марат Смаиловтың айтуынша, бұл мәселе 2005 жылы көтеріліп, содан бері шешімін таппай келеді екен.
Тіпті, сол кезде Елбасының Жамбыл облысына сапары барысында бұл мәселе көтеріліп, Елбасы тарапынан тиісті басшыларға тапсырма берілгенімен, түрлі себептермен аталған мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған. Өз сөзінде Марат Райымбекұлы мұның үлкен мәселе екенін айта келіп, Ресей технологиясы шайынды суларды тазалау арқылы оны тыңайтқыш ретінде сататынын айтты. Сондай-ақ шайынды суларды сақтайтын 200 гектар жерде 97 карта бар болса, оның аумағы 10 миллион текше метрге арналған екен. Бүгінде оның 12 картасы тазаланыпты.
Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының шектесер тұсындағы аумақта шайынды сулар орналасқан карталарды барып көргенімізде, шынында да алпыс жылға жуық пайдаланылып келген карталардың тозығы жеткені байқалып тұрды. «Тараз су» мекемесі су сүзгі алқабы бөлімінің басшысы Қуаныш Қалмаханов бізге 28 картаның 1963 жылы, 26 картаның 1978 жылы, 12 картаның 1986 жылы, ал 26 картаның 1991 жылы салынғанын айтып берді. Міне, содан бері талай жыл өтті. Тіпті бүгінде 1963 жылы салынған карталардың су сіңу қабілеті төмен екен. Сондықтан да бүгінде еліміздің барлық өңірінде бар, тек Жамбыл облысында ғана жоқ болып отырған бірнеше блоктан тұратын ағынды суларды тазалау кешені қажет-ақ. Әйтпесе халықтың денсаулығына, тіпті мал жайылымына дейін мұның тигізер зияны көп екені шындық.
Дей тұрғанмен, мәселенің шешілетін уақыты да алыс емес сияқты. Олай дейтініміз, наурыз айының басында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өкімімен Тараз қаласының шайынды суларды тазартудан өткізетін кешен құрылысын салу жұмыстарын зерделеу және ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобының құрылғаны қуантарлық әрине. Талай жылдан бері халықтың алаңдаушылығын тудырып келген бұл мәселе ендігі жерде дұрыс шешімін тапса, құба-құп. Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Сапаралиев Тараз қаласынан шыққан шайынды суларды тазарту кешеніне техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге облыстың бюджеттік комиссия қарауына 39 миллион теңге көлемінде өтінім тапсырылғанын, ендігі жерде облыс басшысының өкімімен құрылған жұмыс тобының құрамына өңірдегі 15 жауапты мекеменің басшылары мен мамандары кіріп отырғанын, сондай-ақ бұл мәселеге еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі қолдау көрсетіп отырғанын айтып берді. Расында да аталған 39 миллион теңге мақұлданып, жұмыс жүзеге асса, онда мақсаттың орындалғаны.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің есепті кездесуінде де бұл мәселе көтерілген болатын. Сол кезде әкім шайынды суларды тазартудан өткізетін кешен құрылысын салу үшін миллиондаған қаржы керек екенін, алдағы уақытта бұл мәселені қолға алатынын айтқан. Енді бүгінде әкімнің халық алдында берген уәдесі үдеден шығып келе жатқандай.
Жамбылдықтар мен қостөбеліктердің қорқынышы күн санап артып келеді. Себеп сол, шайынды сулардың зияны денсаулығына тиіп кете ме деген қауіп. Мәселен, жайылымға мал жайылады. Ал күн сайын мыңдаған текше метр су жерге сіңіп, ол тазаланбай жатса, сол у жайлаған жайлауға жайылған малдың етін тұтыну да қауіпті. Суын ішсе де қауіпті. Сондықтан да алдағы уақытта қолға алған іс сәтті болса дейміз.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы