• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Наурыз, 2018

Ресей халқы өз таңдауын жасады

357 рет
көрсетілді

Өткен жексенбі күні Ресей Федерациясында 2018-2024 жылдар аралығындағы мерзімге президент сайлауы болып, іс басындағы Президент Владимир Путин қарсыластарынан айқын басым шықты. 

В.Путин сайлаушылардың 77 пайызға жуық даусын алды. Яғни 56 миллионнан артық адам өз дау­сын В.Путинге берген. Негізгі қарсыластары Павел Грудинин 12, Владимир Жириновский 6, Ксения Собчак 2 пайызға жуық дауыс жинады. Бұл сайлау дауыс берушілердің көп болуымен де ерекшеленді, оған барлық сайлаушылардың 67 пайызға жуығы қатысты. Ал бұл 73 мил­лионнан артық адам деген сөз.

Дауыс беру уақыты аяқталған соң орталық сайлау комиссиясының төрағасы Элла Памфилова журналистерге баспасөз конференция­сын өткізіп, сайлаудың ресми қорытындысы 10 күннен кейін шығатынын айтты. «Қорытынды хаттаманы сонда шығарамыз, бірақ ол қазіргі дауыс бөлінісіне әсер ете қоймайды», деді төраға.

Басым дауысқа ие болған В.Путинді көптеген ел­дердің мемлекет басшылары құт­тықтауда, соның ішінде Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің құттықтауын жіберді.

Бұл сайлаудың ерекшелігі сол, оған деген халықтың қызы­ғу­шылығы айрықша болды. Нә­тиженің қандай болатынын жұрт­тың бәрі жобаласа да Путин­нен басқа жеті үміткердің қаты­суымен өтіп, барлық телеарналарда көрсетілген пікірсайыстар сайлаудың көрігін қыздырып, халықтың бар назарын өзіне аударды. Әсіресе, бұрын саясатқа белсене араласпаған Грудинин, Собчак сияқты үміткерлер сайлаудың қазанын бұрқылдата қайнатуға үлкен үлес қосты. Бұрын саясаттың алдыңғы шебінде жүрсе де кейін одан алшақтап кеткен Явлинский, Бабурин сияқты үміткерлер де сайлау додасында жаңа қырынан жарқырай көрінді.

Ресей Федерациясында бар­лығы 100 миллиондай сайлаушы бар екен, олардың 60 пайыз­дан артығы 96 мыңнан артық сайлау учаскелеріне келіп дауыс берді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда әлдеқайда артық. Ресей Федерациясының әлемнің 145 елінде жүрген азаматтары үшін 393 сайлау учаскесі ашылды. Соның ішінде Қазақстанда Ре­сей Федерациясының елшілігі мен консулдықтары, өкілдігі бар қала­ларда да сайлау учаскелері жұмыс істеді.

Осы сайлауға Владимир Путин билік басындағы «Единая Россия» партиясының атынан емес, өзін-өзі ұсынған үміткер ретінде қа­тысты. Владимир Жириновский өзі­нің «ЛДПР», Ксения Собчак «Аза­мат­тық бастама», Борис Титов «Өсу пар­тиясы», Павел Грудинин «КПРФ», Григорий Явлинский «ЯБЛОКО»,Сергей Бабурин «Ресей­дің бүкілхалықтық одағы» және Максим Сурайкин «Ресей ком­му­нистері» партияларының атынан түсті.

Халықаралық ұйымдар мен ше­телдерден келген байқаушылар саны да бұл жолы рекордтық көр­сеткішке жеткен. 115 елден келген 1513 байқаушы федерацияның 59 субъектісінде өз жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде ең көп байқаушы жіберген ел Қазақстан болды. Бізден барған байқаушылар саны – 223. Қазақстан бай­қау­шылары ТМД, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД Парламентаралық ассамблея­сы сияқты халықаралық ұйымдар делегацияларының құрамында қызметтерін атқарды. Ал Ресейдің өзінен сайлауды бақылауға 474,5 мың байқаушы қатысқан. Сонымен қатар 10,5 мың БАҚ өкілі сайлау барысын жариялап отырды.

Қоғамдық пікірлерді зерттеу орталықтарының, соның ішінде Бүкілресейлік қоғамдық пікірлерді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) алдын ала зерделеулеріне қарағанда В.Путинге – 69, Грудининге – 7, Жириновскийге – 5, Собчакқа – 0,7-ден 2 пайызға дейін, Явлинский мен Бабуринге – 1, Титов пен Сурайкинге бір пайыздан төмен дауыс беріледі деп болжанған. Пікір зерттеушілердің болжамы нақты нәтижеден алысқа кетпегенімен, бір­шама кейіндеп қалды. Соның ішінде 69 пайыз алады деген В.Пу­тин 77 пайызға жуық дауыс жинады.

Сайлау барысында орталық сай­лау комиссиясының электронды деректеріне 15 елден хакерлік ша­буыл жасалғаны туралы да ай­тылды. Бірақ олар сайлаудың деректерін бұза алмаған.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»