• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Наурыз, 2018

Батыс Қазақстанда тасқын қаупі бар

428 рет
көрсетілді

Биыл Батыс Қазақстан облысында топырақ қабатындағы тоң жылдағыдан 2-3 есе қалың қатқан. Күн күрт жылынып, жаңбыр жауатын болса, еріген қар жерге сіңе алмай, көл-дария болуы мүмкін. Ал ауа райын болжаушылар наурыз мейрамынан соң өңірде күн райы жылынуы мүмкін деп отыр. 

Ақ Жайық өңірі судың тілсіз жау екенін 2011 жылы алапат тасқын бол­ғанда анық сезінген. Мыңдаған тұр­ғын үй, әлеуметтік және әкімшілік нысан­дар су астында қалды. Су астында қалған елді мекендерден 9 мыңнан астам адам көшіріліп, тасқын салдарын жою үшін үкіметтен 870 млн теңге бөлінді.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында арнайы қызметтер, жергілікті әкімдіктер болуы мүмкін су тасқынының алдын алу үшін жұмылып жатыр. Облыс орталығында коммуналдық мекемелер көшенің қарын күндіз-түні далаға тасыса, наурыз айының ортасына дейін ауылдық елді мекендер аумағынан 200 мың текше метр қар шығарылыпты.

– Бұл әлі аз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Әр азамат өз ауласындағы қар­ды шығарсын. Ал көшедегі қарды біз таза­лаймыз. Наурыз мерекесінен кейін күн күрт жылынуы, жаңбыр жаууы ықтимал. Сонда судың деңгейі көтеріліп кетуі мүмкін, – деді бейсенбі күні арнайы Тасқала ауданына барған өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Тасқала – су тасқынынан зардап шегуі  ықтимал ауданның бірі. Мұнда қар да жылдағыдан көп, жердің тоңы да өткен жылға қарағанда екі есе қалың. Былтыр ол 50-60 см болса, биыл кемі 54, ең көбі 130 см-ге жетіп отыр.

Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев­­тің айтуынша, 10 наурыздан бастап ауданда су тасқынының алдын алу үшін сенбілік ұйымдастырылған. Ең қауіпті деген 7 жерде жүйелі жұмыс жасалған.

– Жергілікті полиция қызметкерлері мен ауылдық округ әкімі аппараты қыз­мет­­керлері тұрғындар арасында арна­йы буклеттер таратып, түсіндіру жұ­мыс­­тарын жүргізді. Тұрғындар ауыл іші­нен өтетін арықтарды тазалауға к­ө­мек­тесіп жатыр. Ең қауіпті деген бес арна­ның төртеуін толық тазаладық. Соң­ғы­сын бүгін-ертең бітіреміз. Тасқала ауылы­ның ең қауіпті Ахметқалиев, Чури­лин, Первомайск, Шевченко көше­ле­ріндегі қар түгелдей шығарылды. Ата­мекен, Амангелді және Бірінші Шежін ауылдарында да тасқынның алдын алу жұмысы жүргізілуде. Қазір мұнда үш К-700 тракторы қарды аршып, су жүретін жол­дарды тазартуда. Жалпы аудан бойын­ша соңғы төрт күн ішінде 6 мың текше метр қар шығарылды, – деді Санжар Әлиев.

Биылғы өзгешелік – өзендердің мұ­зын бұрынғыдай динамитпен жару тоқ­татылып, арнайы құрылғымен мұзды кесіп алып жатыр. Бұл экологиялық жа­ғы­­нан да тиімді, балыққа зиян келмей­ді, әрі қауіпсіз. Мұзды кесу, өзен арнасын­да мұз тығынының алдын алу өте ма­ңыз­ды. Тасқынның негізгі себебі де су ар­на­лардың кемерінен асып, келген суды өткізіп үлгермеуінен болады.

Биылғы қыстың қары жұқа, жылда­ғы­­дан әбігері аз болған еді. Бірақ наурыз айы туысымен күн күрт суытып, үсті-үсті­не қар жауды. Боран болып, күре жолдар бірнеше мәрте жабылды. Дәл осы ­Тасқала ауданының үстімен Ресейге өтетін Саратов жолында 9 наурыз күні 53 авто­көлік қар құрсауында қалып, арна­йы қызмет өкілдері құтқарып алды. Наурыздағы жауын-шашын қалыпты жағ­дайдан әлдеқайда көп. Жергілікті тұр­ғын­дар мұндай қыстың соңғы рет 1986 жы­лы болғанын айтады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы