• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Наурыз, 2018

Сергелдеңге салған субсидия

719 рет
көрсетілді

Аграрлық саланы дамытудың үлкен бір бағыты – мал шаруашылығының өркендеуі. Әсіресе, жекелеген шаруалардың мал басын көбейтуге ғана емес, тұқымын асылдандыруға ынталы болып, қызығушылығының артуы бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі екендігін айғақтайды.

Ал мемлекет дәл осы тарапта шаруаларға үлкен қамқорлық танытып, арнайы бағдарламалар арқылы қаржылай қолдауды жолға қойып отыр. Пайызы төмен несие берумен қатар мал басының өсімі мен өніміне субсидия төлеу үрдісі - еліміздегі ең өміршең үлгі екені аян. Дәл осы бағыттағы жұмыстар Алматы облысында да жалғасын тауып келеді. Аймақта мемлекеттік бағдарламалар аясында мал басын көбейтуге, тұқымын асылдандыруға маңыз беріліп отыр. Мысалға, 2017 жылы «Сыбаға» бағдарламасы 147 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы 159 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 127 пайызға орындалған. Бұл мал басының орта есеппен 3,5 пайызға өсуін қамтамасыз еткен...

Бірақ, біз бұл жолы саладағы жетістіктерді жіпке тізуді кейінге қалдыра отырып,  «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшілер қосынына өтініш арқалап келген жеке шаруаның уәжіне тоқталмақпыз. Панфилов ауданындағы «Шүкейіт ата» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Ақынов бірнеше жылдан бері  асыл тұқымды мал басына төленетін субсидияны ала алмай жүргенін айтады. Өкінішке қарай, мемлекеттік бағдарлама бойынша мал сатып алуға берілген несиені субсидиялау бойынша шаруаның жергілікті билікке айтар өкпесі қара қазандай екен. Облыстың ауыл шаруашылығына жауапты шенеуніктердің түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеуі мен салғырттығының кесірі жеке шаруаның жұмысына кедергі болып отырғанға ұқсайды.

- 2015 жылы «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасы туралы оқып, таныстым. Өзім жоғары білімді экономистпін. Қорадағы малымның басын көбейтуді ойлап, қаражат көзін іздеп жүрген маған бұл бағдарлама өте қажет екенін ұқтым. Сол жылы несие алуға бел будым. Қажетті құжаттарды толық жинап, «Агралық несие корпорациясынан» 6 миллион теңге алып, оған 230 бас қой сатып алдым.  Қой болған да, біздің Жетісу өңірде болмаған асыл тұқымды малды таңдадым. Ол тұқым Оңтүстік Қазақстан облысында ғана өсіріледі. Бір жыл бойына асырап, бағып, төлін алдым. Осы аралықта аралықта несиені төлейтін мерзім келіп, қолымдағы малдың бір бөлігін сатып, қарыздың негізі пайызы мен өтемақысын толықтай өтедім, - дейді шаруа қожалығының басшысы.

Жалпы, «Агралық несие корпорациясымен» арадағы келісім бойынша 14 пайыздық несиенің 10 пайызына мемлекет субсидия беруі тиіс болатын. Яғни, бұл жерде несиені қайтарудың алғашқы төлемі жасалғаннан кейін барып субсидия төлене бастайтыны бағдарламада анық жазылған. Яғни, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Шүкейіт ата» шаруа қожалығының иесіне 6 млн. теңге несиенің бір жылдық пайызы мен өтемақы сомасының 10 пайызына шаққандағы ақшаны кері қайтаруы керек болатын. Бірақ, басқарма ол ақшаны басқарма дер кезінде төлемеген. Демек, мемлекет шаруа қожалығының алдындағы міндеттемесін орындамаған болып шығады...

- Мен тиісті субсидияны күтумен жүргенде жыл аяқталып, мал қыстамаға кетті. Сұрау салған хатыма облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 2016 жылғы субсидиялауға бөлінген қаржының жетпей қалуына байланысты өтемақыны кешіктіріп төлейтіні туралы жауап берді. Осы аралықта несиені өтейтін мерзім келіп үлгерді. Әрі екінші жылғы несиені өтеу уақыты мал төлдеп жатқан сәуір айына тура келіп қалды. Жаңа төлдеген малды сатуға шығара алмайтыным анық еді. Бір жағынан 2016 жылғы алашақ субсидия сомасына сеніп, екінші жағынан несиенің негізгі өтемақысын бірінші жылы төлеп қойғандықтан, сәуір айындағы төлемді жасай алмадым. Төлдеген мал тоғайып, қозы сатылымға шыққаннан кейін барып қана несие пайзын төлеуге мүмкіндік туды және мен оны өсімімен өтедім. Бұл кезде маған уәде етілген субсидия әлі төленбеді. Бұл істің қызығы әлі алда екен. Дәл осы кезеңде «Агралық несие корпорациясы» мені төлемді 90 күннен кешіктіргенім үшін борышкерлер тізіміне енгізіп, субсидиялаудан бас тартыпты. Және несиені өтеуді 90 күннен кешіктірген жағдайда субсиядан алып тастау туралы ескерту келісім шартта көрсетілмеген. Тіпті ауызша болсын ескерту де жасалмады. Бірақ, кешіктірген мерзім үшін өсімді толықтай төлетіп алды. Осылайша мен 6 миллион несием үшін бір тиын да суцидия алмай, «Алтын асық» бағдарламасына артқан сенімім ақталмады, -дейді бізге мұңын шаққан Мұхтар Ақынов.

Шаруаның шағымы негізінде біз Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарына жүгінгенбіз. Басқарма басшысының орынбасары Саят Сақмолдиннің айтуынша,  «Шүкейіт ата» шаруа қожалығы басшысының өтініші Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданған. Министрлік мамандары несие алушыға қандай жағдайда субсидия төленбейтіндігі жайлы Мұхтар Ақыновқа жазбаша жауап берген. Бұл жердегі басты кедергі несиені өтеу уақтының 90 күннен артық мерзімге созылып кетуінде екен. Мұны қожалық басшысы да мойындайды. Бірақ, шаруаның «2016 жылы төленуге тиісті субсидия неге берілмеді?» деген сауалының басы ашық қалып отыр.

Жалпы, мемлекеттік бағдарламаның аясында несие алып, мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандырып  отырған шаруаларды субсидиялауға қатысты дау жиі шығады. Бұл жердегі басты мәселе несие беруді жүзеге асыратын операторлар мен субсидия төлейтін жергілікті билік арасындағы байланыстың әлсіздігі мен бюрократиялық  кедергілердің көп болуыннан туындайды. Біз сөз еткен «Шүкейіт ата» шаруа қожалығының басындағы мысал да сол, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен облыстық ауыл шаруашылығы басқарма арасындағы қағаз алмасудың ұзаққа созылуынан орын алған болуы мүмкін. Қалай болғанда да, мемлекеттік бағдарламаға  үміт артқан жеке шаруаның тауы кездейсоқ кедергіден шағылмауы керек. Күні кеше Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама» туралы үндеуін жария етіп, онда «Шағын несие беруді көбейту» бағытын ұсынды. Бұл бағыттың жүзеге асуы кезінде жекелеген бағдарламаларға қатысты орын алған кемшіліктерге жол берілмеуі тиіс. Әсіресе, жергілікті жердегі атқарылатын жұмыстарға екі есе сергектік қажет-ақ...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы