Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көктемнің алғашқы айының басында халыққа бес әлеуметтік бастамасын жариялауы аса мәнді болды. Наурыз – қазақ халқы мен басқа да ұлыстардың ертеден келе жатқан қасиетті және заманауи дәстүрлері жаңғыратын ерекше ай.
Президент халыққа Үндеуінде: «Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын», деді. Шындығында, елін жан жүрегімен сүю – халықтың мемлекет ісімен үндестігінің көрінісі. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөздерін жүрегімізге жақын қабылдадық. Әсіресе, ұлттық-мәдени бірлестіктерге назар аударғаны қуантты. Осы орайда Қазақстан халқының бірлігіне ҚХА-ның қосқан үлесін мақтанышпен айта аламыз. Енді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың наурыздағы Үндеуіне байланысты «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясы жаңа мағынамен толыға түсуі тиіс.
Үндеудің мазмұны тұтастай ұлттың әл-ауқатын көтеруге арналған. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсап, несие өсімінің мөлшерлемесін қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтындай ету туралы бастама көтерілді. Сондай-ақ орталық және солтүстік өңірлерге газ жеткізуге байланысты ұтымды шаралар бекітілді. Демек, бұл бастамалар Президенттің бұрынғы ұсыныстары тәрізді әлеуметтік мемлекеттің шынайы әрі сындарлы қазақстандық моделін қалыптастыруға бағытталған.
Енді шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салынады. Бұл шараның нәтижесі бойынша жалақының өсімі жұмыс берушілердің жүктемесіне әсер етпейтіндігі маңызды. Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделейтін болды. Бұл жүйе жалақысы төмен адамдардың табысын арттырып, халықтың өмір сүру деңгейін ыңғайымен теңестіруге мүмкіндік тудырады. Үндеудің Президент ерекше басымдық берген тағы бір маңызды бағыты ретінде қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлінетіндігін айтуға болады.
Сонымен бірге техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру қарастырылған. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтуға бағытталған бастамалары елдің мұқтаждығына сай келді деп есептеймін.
Гүлнар АННАКУЛИЕВА, Алматы қалалық және Алматы облысының «Түркімен қоғамдық-мәдени орталығы» ҚБ төрайымы