• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Наурыз, 2018

«Қарыз құлдығынан» сақтану керек

404 рет
көрсетілді

Елімізде 2017 жылы заңды тұ­лға­ларға берілген банктік не­сиелер 2016 жылмен салыс­тыр­ғанда 5,8 пайызға қысқарған. 

Ал жеке тұлғаларды несиелендіру 12,4 пайызға артқан. Қаражатқа шаққанда компанияларға беріл­ген займ ауқымы 500 мил­лиард­қа төмендеген, ал халыққа бері­летін займ керісінше, осындай сомаға өскен. Бұл банктер на­за­ры­ның қарапайым халық­­қа бұ­­ры­ла бастағанын көрсете­ді. Себе­бі олардан қарызды өндіріп алу оңай. Сайып келгенде бұл экономиканың дамуына үлкен қауіп төндіреді. Өйткені өндіріс және ұсыныс саласын несиелендірудің орнын тұтыну саласын несиелендіру басады. Бұл баға өсіміне және өндірістің даму мүмкіндігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Тұтынушылық несиелердің не­гізгі бөлігі отандық тауарлар­ды сатып алу үшін емес, им­порттық электрониканы, жиһаз­дар мен киімдерді тұтыну үшін алынатыны дәлелденген.

Екіншіден, жеке тұлға­лар­ды несиелендірудің қар­қы­ны тым жоғары. Жалпы әлем­дік тәжірибе несиел­ен­діру­­­дің дұрыс өсімі халықтың қар­­ж­ы­лай табысы­ның және жа­л­пы экономика­ның өсіміне сәй­кес болу керекті­гін көр­се­тіп отыр. Қазақстанда халық­ты несиелендірудің 12 па­йы­з­ға ұлғаюы Ішкі жалпы өнім­нің небары 4 пайызға артуы мен аза­ма­ттардың шынайы табы­сы­ның 2,5 пайызға төмен­деуі жағ­дайында орын алып отыр. Бұл өмір сүру деңгейін қалыпты жағ­дайда ұстап тұру үшін халық тұтынушылық несиеге жүгінуге мәжбүр дегенді білдіреді, яғни олар несие арқылы өздерінің тө­мен табыстарын толтырады.

Елімізде банктік несиелен­діруден басқа онлайн-несиелен­діру де қарқынды жүріп жатыр. Онлайн-несиелендіру 350 па­йызға өскен. Оны ешкім рет­те­мей­ді. Бұл займдар бойынша сый­ақы өте жоғары, жылдық үс­тем­ақы шамамен 700 пайызды құрайды.

Қазіргі таңда біз мынадай өте қауіпті жағдайды бақылап отырмыз: банктер, микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар мен жар­тылай заңсыз займдар бойын­ша онлайн-кеңселер қазақ­стан­дықтардың табыс деңгейі­нің және қаржылық сауатты­лық­тарының төмендігін пайдаланып, несиелік өнімдерді сату­дың агрессиялық саясатын жүр­гізуде. Сөйтіп жаңа несиелер ескі несиені жабу үшін алынады да, қазақстандықтар қарыз құл­дығына түседі. Қаржылық «фастфуд» нарығының қарқынды өсуі халықтың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр.

Мәжілістегі «Халық комму­нис­тері» фракциясы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, ескі несиені жабу үшін жаңа не­сие алу арқылы халықтың үне­мі қарызға батуына қарсы ек­е­німізді жеткіздік. Сонымен қа­тар несиелендіру бұлай жалғаса бермеуі керектігін ескерттік. Бо­рыш­ты қайтару бұқаралық мәсе­леге әкеліп соқтырып, әлеу­меттік шиеленісті ушықтырады және шынайы экономикалық секторға зиянын тигізеді. Осы­ған орай уа­қыт оздырмай Үкі­мет не­сие­лендіру нарығында азамат­тары­мыздың құқығын қорғау бо­йынша кешенді шара қабылдауы қажет.

Айқын ҚОҢЫРОВ,

Мәжіліс депутаты