Астана қаласының сахна майталмандары Халықаралық театр күнін тойлады. Биылғы өнер мерекесінің ерекшелігі сол – елорданың үздік театрларына І «Алтын шымылдық» театр жүлдесі табысталды. Аталған байқау Астананың 20 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылып отыр.
Мерекелік кеш Жастар театрының ғимаратында елорда актерлері мен режиссерлерінің қызыл кілемнен өту салтанатымен басталып, сахналық қуыршақтардың театрландырылған қызықты қойылымына ұласты. Бір айта кетерлігі, астаналық театр ұжымдарының кәсіби мейрамдарын тойлау дәстүрі ерекше. Мерекелік іс-шараға жауапты театрлар арнайы таңдап алынып, әр жыл сайын сол өнер ошағы кезегімен эстафета бойынша салтанатты кешті ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болады. Биыл Астананың 20 жылдығы аясындағы театр күнін ұйымдастыру кезегі М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына берілді. Ұжым дәстүрлі шараның форматы мен мазмұнына бірқатар жаңашылдық енгізіпті. Оның негізгісі – әртістердің қызыл кілемнен өту шарасы мен үздіктерге құрмет көрсету Red Carpet Оскар жүлдесі форматында өтуінде болды. Тірі стендтер мен әуендер, аты аңызға айналған Элвис Пресли, заманға сай Bullet Time фотосурет түсіру қондырғысы келген меймандардың көңілін көтеріп, мерекелік кештің шырайын кіргізді.
Бұл – салтанатты шараның бірінші бөлімі. Ал екінші бөлім сахнада өткізілді. Мұнда мерекелік бағдарламаны М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры, Жастар театры, «Наз» би театры және Астана қаласы Қуыршақ театры ұжымдары дайындаған театрландырылған көріністер қонақтар назарына ұсынылып, Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында І «Алтын шымылдық» театр жүлдесі үздіктерге табыс етілді.
Қалалық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен өткен мерекелік жиынның шымылдығын Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып, сахна майталмандарын төл мерекесімен құттықтады. Салтанатты кеш одан әрі «Алтын шымылдық» иегерлерін марапаттау рәсіміне ұласты. Тәуелсіз театр сарапшыларының шешімі бойынша «Жыл энергиясы» номинациясы бойынша Астана қаласы Жастар театрының «Жасауыл» әфсанасы (авторы – Жаныш Құлмамбетов, режиссері – Бекболат Құрманғожаев) І «Алтын шымылдық» театр жүлдесімен марапатталды.
«Жыл қимылы» аталымындағы сыйлық Астана қаласы Қуыршақ театрына Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қойылымы үшін (режиссері – Құралай Ешмұратова) табыс етілді. «Жыл көзқарасы» номинациясында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры ұжымы Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы үшін (режиссері – Болат Ұзақов) үздік деп танылды. «Жыл әрекеті» жүлдесі «Наз» би театрына берілсе, М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры А.Пушкиннің «Евгений Онегин» қойылымы үшін (режиссері – Юрий Квятковский) «Алтын шымылдық» сыйлығының иегері атанды.
Сахна майталмандарының кәсіби мерекесі осылайша өз мәресіне жетті. Ал «Алтын шымылдық » І театр жүлдесі осы жылдан бастап кәсіби мереке сайын Астана театрлары үшін үздік қойылымдарына дәстүрлі түрде жыл сайын тағайындалып, маусым жаңалығына айналған қойылымдар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Назерке ЖҰМАБАЙ, «Егемен Қазақстан»