Еліміздегі зияткерлік мектептерге израильдік стартап технологиялар енгізіле бастады. Кәсіпкерлік білім негіздері жөніндегі жаңа курс «Моментум» зияткерлік мектептері мен Тель-Авив университетіндегі достар қауымдастығының бірлескен жобасы. Аталған қауымдастық әлемнің академиялық орталықтарын Израильдің басты жоғары оқу орындарымен біріктіретін ерекше ұйым. Бұл стартап индустрияны қалыптастыруға және инновациялардың экожүйесіне арналған.
– Бүгінде еліміз үшін кәсіпкерлік білім өте маңызды. Өйткені отандық экономика дамудың инновациялық үлгісіне өтуде. Бизнес орта бәсекелестік пен кәсібилікке жаңа талаптар қойып отырғандықтан білім табиғатын қайта қарау, сүзгіден өткізу жұмысы жүргізілуде. Біз балалардың өзіндік интеллектуалдық қабілеттерін әлеуметтік маңызды салаларда пайдаланып, іске асыруларына барынша көмек жасаймыз, – деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Израильдің стартап саласындағы белгілі сарапшысы Елена Донецтің айтуынша, бастапқы кәсіпкерлік машықтарды оқыту курсы қазақстандық оқушыларға арнайы бейімделіп әзірленген, іскерлік тұрғыдан ойлануға және бизнес құралдарын иеленуге бағытталған. Курс аяқталғаннан кейін балалар венчурлік қор мен акселератор, қазіргі стартап үлгісі мен инновациялар экожүйесі қалай жүргізілетінінен хабардар болады. Ең бастысы, олар өздерінің бизнес-жоспарларын жасауға және оны ілгерілетуге үйренеді. Тель-Авив университетінің кәсіпкерлік орталығы әзірлеген барлық әдістеме зияткерлік мектептерге беріледі. «Зияткерлік мектептердің оқушылары инновациялық бизнес-курсқа дайын. Жоғары сынып мектебінің оқу жоспарына «Экономика», «Жаһандық келешектер мен жобалық жұмыс», «Қазіргі замандағы Қазақстан» сынды пәндер, сондай-ақ таңдамалы курс ретінде дизайн-ойлау сабағы енгізілген. Біз бүгінде әлемдік стандарт болып табылатын израильдік технологиялар бойынша инновациялар экожүйесін қалыптастыруға мүдделіміз», деді дербес білім беру ұйымы төрайымының орынбасары Светлана Испусинова.
Астанада мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушыларының қатысуымен жобаны іске асыру басталып кетті. Нәтижесінде, тыңдармандар уақыт өте келе өздері тренер болмақ. «Моментумның» ерекшелігі оқушылар жайлы ортадан шығып, кәсіпкерлік базаны ғана емес, табысқа жету жолында қажетті өмірлік құндылықтарды да жетілдіретін болады. Жобаның арқасында әлемнің әр елінен келген көптеген жастар кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алады. Израильдік бағдарламаны оқытудың алғашқы жылында университеттер мен жекелеген жергілікті топтарды қоса есептегенде, барлығы 400 адам оқудан өткен екен.
Астана қаласы физика-математика бағытындағы мектепте интенсивті курсты аяқтағаннан кейін оқушылар өздерінің үйретушілері мен қонақтарға арналған өзіндік жобаларын ұсынды. Тайм-менеджмент, білім беру платформалары, денсаулыққа пайдалы ас ішу, жеткіншектерге арналған тауарлар мен қазіргі жастарды мазалайтын басқа да проблемалар келешек миллионерлер стартабының өзегіне айналды. Бұл жобалар өзінің жаңашылдығымен және сыни тәсілімен ерекшеленеді.
«Израильде дәстүрлі экономика мен кәсіпкерлікті балалар мектеп қабырғасынан бастап үйренеді, тиісінше балаларда сәтті жобаларды игеруге бағытталған іскерлік-ойлау жүйесі мен мақсат қалыптасады. Астаналық «Моментум» қатысушыларының алғашқы жұмысының өзі қазақстандық оқушылардың орасан зор әлеуеті бар екендігін көрсетеді», дейді Елена Донец.
Елена Израильде үлкен сұранысқа ие тренер ретінде ғана емес, сонымен қатар жемісті инновациялық стартаптарды құрушы ретінде де белгілі. Еленаның қазіргі ең табысты жобасы – Тель-Авив университетіндегі кәсіпкерлік орталығының қызмет етуі, көптеген елдермен әріптестік жасауы деуге болады. Қазақстанда Тель-Авив университеті мен ERG (Еуразиялық топ) «Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі» аталатын бірнеше бағытта кәсіпкерлікті дамыту жобаларын жүзеге асыруда.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»