• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Наурыз, 2018

Жапония – жемқорлықты жүгендеген мемлекет

4936 рет
көрсетілді

Жапон танымында жемқорлық лас іс және іріп-шіруді білдіреді

Синтоизм және буддизм философиясы бойынша, адам таза бо­лып туады, егер ол лас нәр­се­мен айналысса оның жаны ластана­ды. Жапон тілінде жем­қор­лық ұғымы «ошйоку» – лас іс деген қос иероглифті сөзбен бей­неленуі осыдан болса керек. Со­ны­мен қатар «ошйокумен» қатар қол­данылатын «фухай» деген сөз бар. Бұндағы «фу» иероглифі іріп-шіруді білдіреді. «Сэйджино фу­­хай» – саясаттағы жемқорлық, ту­ра мағынасы – «саясаттағы іріп-шіру». Іріп-шіруден ада жа­пон қоғамы жемқорлықпен қа­лай күреседі екен? Енді соған тоқ­талайық.

Жапонияда жемқорлықпен күресуден гөрі оның алдын алу шаралары арнайы құрылған жүйеге сәйкес жүргізіледі. Жем­қор­лық пен парақорлықтың ал­­дын алу «Лауазымды тұл­ға­лар­ды сайлау туралы» (1950), «Пар­ламент туралы» (1950), «Саяси қорлардың жұ­мы­­сын реттеу туралы» (1948), «Мем­­­­лекеттік қызметкерлер ту­ра­­лы» ( 1948), «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» (1947) т.б. заң­­­дар аясында атқарылады. Атал­­­ған заңдар қабылданған күн­нен бастап күші жойылмауымен құн­­­ды.

Кейбір елдерге тән «мемлекет қар­жысын ірі көлемде жымқыру ісі» Жапонияда жоқ. Жалпы Жапо­нияда жемқорлық неге жап­пай тарамаған десек, оның бір­не­ше басты себептері бар:

 Жапон халқы бала тәрбиесінде ежелгі әдеби шығармаларда жа­зылған даналық қағидаларын, са­му­райдың бушидо ар-ождан кодексін негізге алады. Яғни бөтеннің мүлкіне қол сұқпау, иесіз затты меншіктемеу, әрбір жан­ды нәрсенің тіршілік етуге құ­қы бар екенін білу, ата-ананы және үлкендерді құрметтеу, т.б.

Жапон қоғамында «өзім үшін емес, ұжым үшін, барша жапон қоғамы үшін еңбек ету» деген түсінік бар. Бұны ұжымдық сана­ның жетілуі деп түсінген жөн. Әр жапон азаматы өзі қыз­мет ететін мекеме үшін барын салады, ұжым ортақ жетістікке жетуі үшін күш-қуатын аямай еңбек етеді. «Барша жапонның жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етейік» деген ұранды Күншығыс елінің азаматтары әлі күнге ту етіп ұстайды.

Жапонияда басшыны құр­мет­теу ұғымы бала жастан бой­ға сіңген қасиет. Жапон тілін­де үлкенді, бастықты сыйлау рең­кін көрсететін сөздер бар (бас­шы­ға қарата сөйлегенде осын­дай сөздерді қолданады). Бө­лім басшысы, басқарма басшы­сы, мекеме басшысы деп саты­лап жоғарылай беретін бас­қа­ру­шы тұлғаларға сонкэйго ка­те­го­рия­сын­дағы құрметтеу рай­ын­дағы сөз­дер пайдаланылады. Ал басшы адамгершілік, ынсап, сый­лас­тық принциптерінен аттап өт­­пеуге тиіс.

«Вахтері» мен басшысы тең қоғам

Жапонияда кез келген мекемеде басшы ұжымды бас­қа­ра отырып қарама­ғын­дағы адам­дармен тең дәрежеде әрекет етеді. Мә­селен тазалық күнінде өзге қызмет­кер­лермен бірге кеңсе ауласын тазалайды. Бұ­ны беделдің төмендеуі деп санамайды. Ка­пи­талистік ел бола тұра тұрғындардың қыз­метіне, ма­териалдық жағдайына қара­мас­­тан тең дәрежеде екенін кез келген ситуа­ция­дан байқаймыз. Мәселен біздің мекемелер­де «вахтер» деген кілт сақтаушы және күзет­ші қызметіндегі адам бар ғой. Олардың «вах­теріне» дей­ін судай жаңа автокөлік мініп жү­реді және демалыс кезінде қала­ған мемлекетке саяхаттауға мүм­кіндігі бар. Кейбір дамушы елдердің азаматтарының сана­сына әбден сіңген «жоғары жа­лақы алатын бастық қана шал­қып өмір сүреді, төменгі санат­та­ғылар күнделікті шай-пұлына жалақысын жеткізіп алса жарайды» деген түсінік бұл елде жоқ.

Жапон менеджерлері, компания басшылары көгалдандыру ак­цияларына да қарапайым аза­мат­­тармен бірге белсене ат­са­лы­сады. Осыдан бірнеше жыл бұ­рын Алматыдағы жапон ком­па­нияларының басшыларымен бір­ге бір топ студент «Таңбалы» шат­қалына барған едік. Сонда жа­пондар қолдарына дорба алып, бұта-бұтаның арасындағы ал­дыңғы туристерден қалған қа­ғаз қалдықтарын, пластик бө­тел­келерді тергеніне куә болдық. Бұл тауда жай ғана қыдыру емес, «Табиғатты таза ұстайық» деген акция екенін сонда барып білдік. Өйткені бізде жоғары санаттағы қызметкерлердің ел қатарлы таудағы қоқысты тазалағанын бұрын көрмегенбіз.

Шенеуніктер қоғамдық көлікпен жүреді

Сондай-ақ Осакада жергі­лік­ті депутатпен бірге бастау­ыш мектепке кездесуге бар­ға­ным бар. Депутат станциядан өз кө­лі­гімен қарсы алып, жер­гі- л­ік­ті мектептердің біріне апарды. Мектеп ауласына кіргенде ешкім бізді қарсы алған жоқ. Өйткені таңғы сабақ уақыты бо­латын. Мектепке кіргенде «де­путат Мйоукай Кадзухира кел­ді» деп, қызыл кілем төсеп, құр­дай жорғалаған мұғалімдерді көр­медік. Әрқайсысы сыныптарда дәрістерін өткізуде. Оқушы­лар­мен кездесу кешінде де «депутат мырза» деп жалбақтаған мектеп қызметкерін байқамадық. Өйткені мұнда депутаттар сай­лан­ған аймақтағы мектеп, ауруха­на, т.б. нысандарға аптасына бір-екі рет міндетті түрде барып, жұ­мыс жағдайын көріп қайтады екен. Сондай-ақ депутаттар мен мем­­лекеттік қызметкерлер, тіпті жо­ғары дәрежелі шенеуніктерге дейін ел қатарлы қоғамдық көлікпен жүреді. Токиодағы депутаттар префектураларды аралау үшін іссапарға шыққанда жалпақ жұртпен бірге шинкансэн немесе дэншя электр пойызына мінеді. Нөкер ертпейді. Өйткені бұл елде басқаға белгілі қылмыс түр­лері жоқ.

Әділетті кадр саясаты

Жапонияда шенеуніктердің жеке бизнеспен айналысуына тыйым салынған. Бұндай заң та­лай елде бар, әрине. Бірақ Жапо­нияда заңға бәрі бағынады. Жақ­сы тұрмыс үшін жасырынып «сауда жасап» жүрген шенеунікті таппайсыз. Өйткені үкімет бел­гілеген жалақы қалыпты өмір сүру үшін жеткілікті саналады. Жапонияда мемлекеттік және муниципалдық қызметкердің басшы бола жүріп, кеңесші, компания кеңесінің мүшесі, жеке ком­пания иесі, т.б. жұмыстарды қатар атқаруына заңмен тыйым салынған. Жасы жетіп, қыз­мет­тен кеткен шенеуніктің екі жыл ішінде өзі басқарған сала­дағы коммерциялық фирмада қызмет атқаруына болмайды. «Қызметкерлер ісі жөнін­де­гі кеңес» шенеуніктен өзі қыз­мет атқаратын салада қандай акция­лар­ға иелік ететіні туралы есеп бе­руді талап ете алады.

Сондай-ақ Жапонияда шенеу­нік­тердің қосымша ақыға немесе сыйақыға жанама қызмет істеу­іне болмайды. Бұл елде сай­­лау алды компанияларын қар­жыландыру ісі қатаң бақы­ла­нады. Шенеунікке бір мәселені ше­шу үшін «пара беру» ешбір жа­пон­ның ойына да келмейді. Өйтк­ені бұнда барлығы жүйелі, жау­апты мекемелер белгіленген мін­деттерді заңға сәйкес орындайды.

Жапониядағы 1907 жылғы «Қылмыстық кодекстің» (1995 жылы редакцияланған) 25 бабы парақорлық пен қызмет бабын асыра пайдалануға арналған. Бұл құжат бойынша «пара алды» деген жалған айыптауды және пара беруді пара алумен бірдей заң бұзу­шылық деп таниды. Пара бергендер де, ал­ғандар да қатаң жазаға кесіледі, яғни үш жыл­дық айдауға жіберіледі немесе ақшалай айыппұл төлейді. Парақорлық туралы жалған ақпарат бергендер үш айдан он жылға дейін сотталады.

Жапонияда 2000 жылдың қараша айында жемқорлық әрекеті үшін қылмыстық жазаға тартуды көздейтін арнайы заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес жемқор деп танылған тұлға бір жылға дейін бас бостандығынан айыры­лады немесе 2,5 млн иен айып­пұл төлейді.

Жапонияда министрлер ка­би­неті мүше­ле­рінің, олардың от­басы мүшелерінің, ми­нистр­лер орынбасарларының, парла­мент де­путаттарының, губер­на­тор­лардың дүние-мүлкі тура­лы дек­ларация тапсыруды мін­дет­тей­тін қоғамдық бақылау жүйесі құрылған. Жапониядағы әділетті кадр саясатын жүргізу және қыз­меткерлердің құқықтарын қор­ғау «Қызметкер ісі жөніндегі ке­ңеске» жүктелген.

Бұл елде заң жүзінде саяси қыз­меткер­лер­дің этика мәселе­сіне де үлкен көңіл бө­лін­ген. «Пар­ламент туралы» заң­да «Сая­си этика» туралы бө­лім бар. Депутаттар әдеп ере­же­ле­рі мен саяси этика бағ­дар­ла­ма­сын қатаң ұстануға мін­детті. Арнайы құрылған комис­сия­лар шенеуніктердің этиканы сақ­тау дәрежесін тексеріп тұ­рады.

2000 жылдың сәуір айы­нан бастап «Мем­ле­кеттік қыз­мет­керлердің этикасы турал­ы» заң күшіне енді. Бұл заңға сәйкес, әдеп бұзған мемлекеттік қыз­меткер әкімшілік жазаға тар­тылады. Сондай-ақ осы заңға сәйкес шенеуніктердің сый­лық алу­ына да шектеу қойыл­ған. Бө­лім бастығының көмек­ші­сі мен одан жоғары қыз­мет­керлер әр үш ай сайын министрлік бас­шысына немесе бас­қармаға қабылданған әрбір 5 мың иен (және одан да жоғары) кө­лемдегі сыйлықтар туралы есеп беруі тиіс. Жоғары дәрежелі ше­неу­нік­тер басшылыққа өткен жыл­да­ғы кіріс туралы есеп береді. Бұл істе «Этикалық тексерулер жөніндегі комитет» белсенді рөл атқарады. Атал­ған комитет тексеру жүргізіп, жаза тағай­ындау құқына ие.

2001 жылғы «Ақпараттың ашық­тығы туралы» заңға сәй­кес азаматтар үкіметтегі рес­ми ақ­па­раттарға қол жеткізе алады. Ресей­дің жоғары эконо­ми­­калық мектебінің сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы саясат зерт­ха­­насының мәліметі бойынша, соң­ғы жылдары жүргізілген аза­маттардың жемқорлықпен бет­пе-бет келуі халықаралық ин­дек­сінде Жапония мен АҚШ ең төменгі сатыдан көрінген, яғни жемқорлықтан ең таза ел болған.

Токио мэрі не үшін қызметінен кетті?

Өткен жылғы шілде айында Токио­ның губернаторы Йоичи Масудзоэның басы «жемқорлық дауына» қалды. Оны жұрт саяжайына бір рет қызметтік көлігін мініп барғаны үшін «жемқор» деп айыптаған. Қызметінен кетерде ол адал түрде жұмыс күнін толық аяқтап барып, кабинетінен шыққан.

Йоичи Масудзоэге сондай-ақ қор есебінен каллиграфия сабағы үшін жібек киім сатып алды деген жала жабылды. Баспасөзде өзі туралы сыни мақала жарияланғаннан кей­ін Масудзоэ жалақысын түгел қай­таруға уәде беріп, қыркүйек айы­на дейін орнында отыруды сұ­раған. Бірақ өз атына 31 мың арыз түс­кенін білген соң, қыз­ме­тінен кеткен көрі­неді.

Жапонияда қызметтен боса­ған­­дарға бел­гілі бір мөлшер­де төлемақы төленетін тәр­тіп бар. «Асахидің» жазуынша, Йоичи Масудзоэ жұмыстан босағанда 68 млн иен (650 мың доллар) тө­лем­ақы алған. Одан бұрынғы Токио мэрі саяси науқанға пай­да­лану мақсатында 500 мың дол­лар қаржыны ресми түрде тір­кемегені үшін қызметінен бо­са­ған еді.

Жапонияда сайлауалды нау­қанында компаниялардан, жер­гі­лікті өзін-өзі басқару органдарынан, т.б. ақша алуға болмайды. Заң бұзғандар келесі сайлауға қатыса алмайды.

 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы