• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Наурыз, 2018

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы: «Сарыарқа» газ құбыры құрылысы биыл басталады

426 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмасы бойынша Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасы аясында берген тапсырмаларының жүзеге асырылу барысымен танысты. 

Б.Сағынтаев 2018 жылы әлеу­­меттік-экономикалық да­му­­дың мақсатты индикатор­ларына қол жеткізу бойынша облыстың жобалық бақылау жұмыстарының жүйесі және Мемлекет басшысының Жол­дау­ларын іске асыру мәселелері бойынша өңір активімен, аудан әкімдерімен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуде Елбасының өсім­нің жаңа моделін қалып­тас­тыру бойынша алға қойған мін­­дет­терін жүзеге асыру мәсе­лелері талқыланды. Осы мақ­сатта экономиканың барлық маңызды бағыттары бойынша жобалық басқару жүйесі ен­гізілгені мәлім. Бұл – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция­лар тарту, индустрияланды­ру, АӨК, өнімді жұмыспен қамту, цифрландыру, техноло­гия­лық жаңғырту және Индус­трия 4.0 элементтерін енгізу. Әр­бір жоба бойынша мақсатты көр­сеткіштер де белгіленген болатын. 

 Үкімет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев денсаулық сақтау, білім беру, көлік және коммуникация, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы және басқа да салалар­да жүзеге асып жатқан жоба­ларға кеңінен тоқталды. Мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында Қызылорда облысы бойынша құны 29 млрд теңге болатын 66 жоба жү­зеге асырылған. Бүгінгі таң­да 10 жоба бойынша МЖӘ келісім­шар­ты жасалды. Сөз ыңғайында ай­та кетсек, кәсіпкерлер салған төрт жүзге жуық балабақша бар. 

Жиын барысында Қызыл­орда облысы экономикасының құры­лымдық трансформация­сын және сапалы әрі тең­герім­ді экономикалық өсуді қам­та­ма­сыз ету бойынша ішкі қор­ла­рын анықтау және пайдалану жоспарлары да қаралды. Осы мәселеге қатысты өздері жауап­ты бағыттар бойынша Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасым­бек, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев сөз сөйледі. Талқылауға бизнес өкілдері де қатысты. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқар­ма төрағасының орынбасары Э.Жұмағазиев жобалық басқару міндеттерін іске асыруға биз­несті тартудың басымдықты бағыттары туралы айтып берді.

Премьер-Министр кәсіп­керлікті дамыту Үкіметтің бас­ты басымдықтарының бірі еке­нін атап өтті. Бұл – еліміздің эко­номикалық өсімінің жаңа моделін құрудың басты ба­ғы­ты. Осыған орай Үкімет кә­сіп­­керлік ахуалын жақсарту және ШОБ субъектілерінің іскер­лік бел­сенділігін ынталандыру бо­йын­ша жүйелі шаралар қа­бы­л­дауда. Бизнеске қолайлы жағ­дай­лар жасау мен қайта реттеуге бағытталған заң жобасы Пар­ламентте қаралып жатыр. Ден­сау­лық сақтау және білім беру ұйым­дарына қойылатын 30-дан астам ескірген санитар­лық ережелер жойылады. Са­лық­тық тексерістер саны 40%-ға азаяды.

Отандық бизнесті дамытуға қолдау көрсету мақсатында Мемлекет басшысы «Шағын несие беруді көбейту» төртінші әлеуметтік бастамасын жария етті. Бұл мақсатқа қосымша 20 млрд теңге бөлінеді (ауылдық жерлерде несие беруге – 14 млрд теңге, қалаларда несие беру үшін – 6 млрд теңге). Президенттің тапсырмасына сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен халық­тың экономикалық белсенді емес топтарын экономиканы дамытуға тарту жөніндегі мін­дет­терді орындауға, сондай-ақ цифрландыру мен автоматтандыруды ескере отырып мамандарды даярлау және қайта даяр­лау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. 

Талқылауды қорытындылай отырып, Бақытжан Сағынтаев Үкі­мет бизнесті дамытуға не ке­дергі келтіретінін, шешімін табу­дың қандай жолдары бар еке­нін және қалай көмектесуге бо­ла­тынын білуі қажет екенін айтты.

Үкімет басшысы Қызылор­да облысына жұмыс сапары ая­сында Президенттің бес әлеу­меттік бастамасын жүзе­ге асыру мәселелері бойынша білім беру, денсаулық сақ­тау және әлеуметтік сала қызмет­керлерімен кездесті.

Кездесу барысында Мем­лекет басшысының әлеуметтік бас­тамалары аясында беріле­тін жаңа мүмкіндіктер: қол­жетім­ді баспана, салық салуды төмендету, студенттерге ар­нал­ған жаңа пакет – қосымша грант­тар мен жатақханалар, шағын несие беруді көбейту, тұрмыс сапасын жақсарту үшін жаңа газ құбырларын тарту және өңірлерде бизнесті дамыту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. 

Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сының «Төртінші өнер­кәсіп­­тік революция жағ­дайын­­дағы дамудың жаңа мүм­­кін­діктері» Жолдауын жү­зеге асыру аясында инфра­құ­ры­лым­ды жаңғырту, мем­ле­кет-жекеменшік әріптес­тігін дамыту және саланы ырық­тандыру арқылы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәсе­лелері талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев беріл­ген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Үкіметтің барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. Бес бастама бойынша нақты іс-шаралар мен орындалу мерзімін қамтитын Жол картасы іске қосылуда. Барлық іс-шаралар 2022 жыл­ға дейін жүзеге асы­ры­л­мақ. Қазіргі уақытта олар­дың орын­далу тетіктері толық­тай пы­сық­талуда – наурыз айы­ның соңына дейін қажетті заң­на­малық өзгерістер жасалады. Кездесуде Инвестициялар және даму министрі Ж.Қа­сым­бек, Білім және ғылым вице-министрі Т.Ешенқұлов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Әлтаев, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов Елбасы бастамаларынан туындайтын өз салаларына қатысты мәселелер жөнінде кеңірек тоқталды. 

Талқылау барысында «Бола­шақ» университетінің ғы­лы­ми жетекшісі Б.Досманбетов, жырау А.Алматов, облыс­тық медицина орталығының дәрігер-хирургі Н.Амитов, облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі А.Хусейн пікір білдірді.

Сапар аясында Премьер-Ми­нистр Б.Сағынтаев «Қараөзек» компрессорлық станса­сына барып, Президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы – «Елді газ­бен қамтамасыз етуді жал­ғастыру» аясында «Сары­ар­қа» магистральды газ құбы­ры­ның құрылыс жоспарымен танысты.

Қараөзек стансасы Қазақ­стан кен орындарының батыс топтарынан (Қарашыға­нақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау газы) табиғи газ­ды тұрақты жеткізуді қам­та­масыз ету үшін Бейнеу – Бозой – Шымкент газ магис­тральды жүйесінде жұмыс істеуге бағытталған. Зауыттың өнімділігі жылына 10 млрд текше метрді құрайды, бұл көрсеткішті болашақта жылына 15 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Биылғы шілде айында «Қараөзек» компрессорлық стан­­са­сынан «Қызылорда – Жез­қазған – Қарағанды – Темір­тау – Астана» бағытында 2,7 млн адамды табиғи газбен қам­та­масыз ететін «Сарыарқа» газ құ­бы­рының құрылысы басталады. 

Бақытжан Сағынтаев Арал ауданында «Аралтұз» цехтары мен Арал қаласындағы балық өңдеу зауытының мысалдары негізінде балық және азық-түлік өнеркәсібінің даму қарқыны­мен танысты. Сондай-ақ Арал өңірінің жұртшылығымен және аудан активімен Солтүстік Арал­ды дамыту мәселелері жөнін­­де кездесу өткізді. Кездесу барысында Солтүстік Арал жобаларын іске асыру, ауыл шаруа­шылығын дамыту, со­ның ішінде суармалы жерлер­ді жақсарту мәселелері талқыланды.

Бүгінде аудан экономикасын дамыту бойынша шаралар кешені іске асырылуда. Арал ауданының бюджеті жеті есеге ұлғайтылды, соның арқасында жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар ашылды. Мемлекет басшысының бас­тамасымен құрылған Аралды құтқарудың халықаралық қорына 25 жыл толды. Бұл шешім Арал маңы тұрғындары үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл ел үшін маңызды оқиға болды. Арал­дың қазақстандық секторы қайта қалпына келді.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы