...Бәрінен де қауіптісі – қай істі де екіұштылық билеп-төстеуде. Бір жағынан, қоғам жекелеген индивидумдарға ыдырап, атомдана түссе, екінші жағынан, сана өткінші ағымдар мен өтпелі ұстанымдарға, сән қуалаушылық пен беделде табынушылыққа беріліп, стандарттана, тіпті тоталитарлана, жаппай қасаңдана түсуде.
Бұрынғы ұзақ мерзімді догма енді уақытша үстемдік құратын өтпелі догмалармен орын алмасуда. Қысқасы, азаматтық сана қалыптасқан қағидалар үстемдігінен арыла алмай отыр. Адам біткен банктерде өз есептерін ашып, бизнеске өз акциясын салып, өз қалтасына ешкімге қол сұқтыртпай өзі ие болуға тырысса да, өмірде болып жатқандарға байланысты өз көзқарасын түйіп, өз пікірін қалыптастыруға соншалықты ынталы емес. Көбіне көп басқалардың ығында кетуге бейім. Экономикалық эмансипация өзіне сәйкес әлеуметтік-моральдық, рухани-көзқарастық эмансипацияға ұласа алмай келеді.
Біздің ғасырдағы электроникалык, қайта қарулану адам тіршілігін қайтадан тобырландырып бара жатқандай. Үйінде оңаша отырып та, иін тірескен көшедегі көпшіліктің арасында жүргендей, басқалардың ықпалынан құтыла алмайсың. Кез келген телефон шылдыры сені үйіңе өрт тигендей, есігіңді ұры қағып тұрғандай әбігерлендіре алады. Кім көрінген жеке өміріңе қол сұғып, көңіл күйіңді күйзелтіп, арыңды саудаға салып, көзқарасыңа қысым, адамдық күш-жігеріңе зорлық-зомбылық жасай алады. Сырт қарағанда демократияшыл көрінген ұсыныстардың ар жағында да: «Бізді қолда. Олай етпе, былай ет!» – деген әлеуметтік озбырлық қылаң береді. Құдды бір төменнен не қапталдан бопсалау жоғарыдан бопсалағандай емес, әлеуметтік қысымға жатпайтындай. Қайткен күнде де, біздің замандасымыздың өзімен өзі қалып, өз жағдайын өзі ойланып, не істеп, не қылатынын, ешкімнің араласуынсыз, өзі анықтап алуына жағдайы қалмай, уақыты жетпей барады. Сондықтан көбі не керектің бәрін иемденіп отырып, мұқтаждықтан, кім керектің бәрін тауып отырып, жалғыздықтан арыла алар емес.
Жұрттың ортасында жүріп жұрттың бәрі жалғыздықтан жапа шегуде. Парадокс. Бірақ шыны солай. Сырласарға дос, ақылдасарға ағайын жоқ. Оның есесіне тобырына ілестіріп әкеткісі келетін топ көп. Сондықтан да дәстүрлі коллективизмнен гөрі шынайы плюрализм көбірек керегіп тұр. Өйткені топшылдық адамның жеке пікірі мен жеке басының мүддесін баса-көктейді. Ал плюрализм алуан пікір иелерінің арасынан өзіңе ұқсас пікірлес іздетеді. Жеке басыңның қадірі мен пікірін ешкім езіп-жаншымайды. Ендеше осындай қалтқысыз сұхбаттас, қаяусыз пікірлестің орнын тек кітап қана толтыра алады. Оны оқып отырып, тек өз замандастарың мен отандастарың ғана емес, жалпы адамзаттың бүгінгі және бұрынғы ұрпақтарының өмір тәжірибелері мен көзқарастарымен танысып, өз ойларың мен сезімдеріңді өзгелермен салыстырып, өз жан дүниеңді өзің елеп-екшелей аласың. Адам жады мен абырой-намысын көздің қарашығындай сақтап, ар-ұжданы мен сезімін аялай сыйлап, ақылы мен тәжірибесін үздіксіз байытып, әдебиет әуел бастан бергі әмбеге ортақ жанашыр, әмбеге ортақ ұстаз маңызын одан әрмен нығайта бермек. Сол арқылы әзелден бергі киелі мерейіне қылау түсірмей, мүлтіксіз сақтап қала алмақ.
Олай болатыны түсінікті. ...Адамзат ізгілік пен жақсылыққа, адамгершілік пен гуманизмге үзбей тырысу арқылы ғана жер бетінде өзін-өзі сақтап қала алып отыр. Әдебиет те тек солай еткен жағдайда ғана адамдар ықыласын ақтай алады. Әзелден әдебиеттің пешенесіне жазылғаны сол.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ