Абай хакімнің айтуында, адамның жүректен аяулы жері жоқ. Айрықша бөліп айтқан адамдық үш қасиеттің бірі де – жылы жүрек. «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» дейді. Ал ғақлия қара сөздерінің соңын: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» деп тұжырымдайды. Осыған ой жүгіртіп пайымдағанда дүниені ұстап тұрған адамдық асыл қасиеттердің асқар шыңында әділет пен мейірім тұрмағы лазым.
Адам Ата заманынан бері, Әбілді Кәбіл, бауырды бауыр өлтіргеннен бастап қаталдық пен қаскөйлік, қатыгездік пен залымдық исі адам баласының қас дұшпаны болып келеді. Сонда дейміз-ау, бір ғажабы, бірге туғаныңды, өз қандасыңды ғана емес, діні мен ділі, тілі біріңді ғана емес, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» деген ұлық ғаделетті сөзді қазақтың бас ақынының айтқаны қандай ғанибет. Аяулы Төлеген Айбергеновтің «адамның заңғар ұлылығын сағынышымен есептеуі де» тегін емес. Өмірдің мәні мен сәні, тіршіліктің жұлын-өзегі – махаббат пен мейірім дегенді аңғартады жоғарыдағы ғибратты ой иірімдері. Ізгілік пен инабат, адамгершілік пен ар-ұят, барлық жақсылық атаулы адам жүрегінің тұма бұлағында тұнған тұнық сезім – мейірім мен махаббаттан бастау алады.
«Әлемді сұлулық құтқарады» деген екен әлемге әйгілі жазушы Достоевский. Бұл сөз де өз ретінде, өз орнында дұрыс шығар. Ал бірақ мейірімі, қайырымы жоқ сұлулықтың да сұлулық болып жарытпасы белгілі. Нағыз шынайы сұлулықтан мейірімнің лебі еседі, махаббаттың нұр шуағы төгіледі. Әлемді құтқаратын құдірет – мейірім мен махаббат, адамды адамдық биігіне көтеретін – мейірімнің шапағаты. Кісілік бастауы – мейірімде. Адам жүрегіндегі мейірім мен қайырым Алланың рақымымен жаралады.
Бұл дүниеде ана мейіріміне, аналық махаббатқа жетер не бар?! Ол өмірді гүлдендіреді, көңілді нұрландырады. Өмір бастауы – ана мейірімінде. Әлемді құтқарудың үлкен бір кепілділігі де аналар жүрегінің телегей-теңіз, күндей қуатты, таудай сабырлы мейірім-махаббатында жатыр. Мейірімді адамдары көп қоғам да неғұрлым ізгілікті, әділетті болмақ, қауым жұртына қуанышты көбірек сыйламақ, қылмыс пен қиянаттан, қара жүрек қаскөйлік пен жауыздықтан тысқары тұрмақ.
Атам қазақ әлмисақтан қайырымды, мейірімді, бауырмал халықтардың қатарында. Бала кезімізден мейірім бейнесі бізге ақ кимешекті әжелеріміздің, ақ жаулықты аналарымыздың, аяулы апа-қарындастарымыздың, ақ сақалды аталарымыздың, қамқор әкелеріміздің, ақ жайлау ағаларымыздың, ақ пейіл дос-құрдастарымыздың кейпінде елестейді. Әмбе лайым осылай бола бермек. Мейірім әрбір қазақ шаңырағының отының басында, ошағының қасында. Қазақтың асыл тегі тұрғанда мейірімнің оты маздап жана бермек, осынау дүниедегі ең ізгілікті кісілік қасиет, адами асыл сезімінің шуақ жылуы жүректерді жылыта бермек, шарапатын тигізе бермек.
Әлбетте, ниет-тілегіміз осылай болсын дейді-ау. Бірақ күнделікті өмірде мейірім жүзіндегі мұңды көріп налаға батуымыз, назаланып налуымыз да әсіресе соңғы уақыттарда шектен шығып, тым көбейіп бара жатқандай. Әсіресе қалалы жерде адамдардың бір-біріне қайырымсыз болуының мысалы қадам басқан сайын қынжылтып алдан шығары тым-ақ өкінішті. Үлкен үйлердегі көршілердің бір-бірінің үйіне хал сұрасып, айтшылап кіруі былай тұрсын, бір-бірін танымауы, сәлем мезіретін де жасамауы қалыпты әдетке айналып барады. Адамдар арасындағы қатынаста бір салқындық, суықтық сезіледі. Ең ізгілікті мамандық иесі, абзал жанды, адам өмірінің арашашысы дейтін дәрігерлердің арасында көмек-шипа сұраған науқастың тауқымет-тақсыретіне салт етпес, безбүйрек, қайырымсыздықтың да көбірек бой көрсетуі мейірімнің рухани құндылық ретіндегі мәртебесі төмендеп кеткенін аңғартады. Бүйте берсе мейірімсіздік, тасбауырлық, қайырымсыздық қоғамның іштен ірітетін басты дерттерінің біріне айналмақ. Мейірім жүзіндегі мұң ай бетіндегі қара дақтардай біртіндеп үлкейе бермек. Сонда қасіреттің үлкені сол болмақ.
Бір қоғамның, бір елдің адамдары бір-біріне мейірімсіз болса, жауды сырттан іздеп те керегі жоқ. Мейірім болмаған жерде қатыгездік, жауыздық пен залымдық, қиянат пен қаскөй қылмыс бас көтереді. Күнбе-күн дерлік небір жан түршігерлік сұмдықтарды көріп, біліп, естіп жатамыз. Жауыздықтың көкесі кісі өлтіру болса, оған да етіміз өліп алғаны жаман ырым емес пе? Бейкүнә сәбилерді өлтіру белең алуда. Тіпті бөтені емес, әжесі, әйтпесе туған шешесі, туысқандары өлтіріп жатыр. «Ана атынан, адам атынан садаға кеткірлер-ай!» дейсің амалың құрып. Іштен шыққан шақалағын қоқысқа, дәретханаға лақтыру. Қара жүрек өштікпен, қаскөйлікпен кектеніп, көздерін қара шел басып, жар қосақтарын бензин құйып өртеп жіберу, бақталасып азаптап өлтіру... Айта берсе, айналамызда жауыздықтың неше алуан түрі жетіп артылады.
Бұл жалпы қоғамдағы мейірім қасиетінің азайып бара жатқанын аңдатса керек. Жұртшылық, тиісті мекемелер осындай түйткілді, жанайқайы шырқыраған мәнзелді мәселеге көңіл аударып, дабыл қаққаны мақұл демекпіз. Айдың-күннің аманында, рухымызды жаңғыртып, береке-бірлігімізді бірлеп жатқан мына бостан заманымызда ең асыл адами қасиетіміз – мейірім жүзіне мұң ұялатып қоюмыз обал, ар-намысқа да, елдігімізге де сын.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»