Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы наурыздың басында халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға арналған бес әлеуметтік бастамасын жариялады.
Бұл бастамалар елде бұған дейін қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының және Президенттің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген 10 басым міндеттің талаптарымен сәйкес келеді.
Сонымен қатар бұл бастамалар бір жағынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, табысы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған.
Бұл бастамаларды барлық қазақстандықтарға пайда әкелетін теңгерімді бағдарлама деп тануға болады. Ең алдымен, ол тұрғын үй құрылысы мен оны сатып алу үшін тиімді несиелік бағдарлама ұсынады. Халық осы арқылы тиімді мүмкіндіктерді қолданып, яғни табысы аз болғанымен төмен пайыздық мөлшерлеме арқасында өздерінің баспана мәселесін шешіп алуына болады. Бұл Германиядағы Баушпар (Bauspar) жобасына ұқсайды.
Бұдан бөлек, төменгі жалақы төлейтін сектордағы қызметкерлердің жоспарланған салықтық жеңілдіктер арқылы жалақысын өсіру де халық үшін игі бастама болып табылады. Мұның нәтижесінде елдегі екі миллион адамға қаржылық қолдау көрсету жүзеге асырылады. Бұл экономикалық дамуға, қаржы секторының нығаюына ықпалын тигізеді.
Менің ойымша, ең маңызды бастама – сапалы жоғары білімге қолжетімділікті арттыру. Бұл қадам жаһандану кезеңінде Қазақстан экономикасына қажетті білікті ғалымдарды қолдау үшін өте маңызды. Ол, ең алдымен, экономиканы цифрландыру мен әртараптандыруға қатысатын бастаушы инженерлерді дайындауға арналған.
Сондай-ақ Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасының ішіндегі төртіншісі көптеген қазақстандықтар үшін өте қажет мәселе деп ойлаймын. Өйткені бұл бастамада микрокредиттеу және өзін-өзі жұмыспен қамту үшін қаржы ресурстарын ұлғайту ісі қамтылған.
Елдің оңтүстігіндегі Қызылорда облысынан Астана қаласына дейінгі газ құбырының құрылысын салу ісі де Н.Назарбаев көтерген бастамалардың ішіндегі маңыздысы деп ойлаймын. Ол Қазақстанның газдандырылуын жеделдетіп, бірқатар қалалардағы экологиялық жағдайдың жақсаруына әсер етеді.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Президенті ұсынған, қазақстандықтар үшін аса маңызды бұл бес әлеуметтік бастаманы игілікті қадам деп есептеймін.
Матиас ДОРНФЕЛЬД,
Потсдам университетінің Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері бойынша сарапшысы (Германия)