Астанада Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің ұйымдастыруымен «Үздік денсаулық сақтау ісі – дені сау ұлт» атты парламенттік тыңдау өтті. Оған Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, қос палатаның депутаттары, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, басқа да министрліктер мен мүдделі органдардың, аумақтық басқармалар мен емдеу мекемелерінің өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қамтылған үздік денсаулық ісі және дені сау ұлт бағытына тоқталды. Парламенттік тыңдауда Президенттің тапсырмасы бойынша қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттырып, өлім деңгейін төмендету, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелеріне ерекше мән берілді.
Жиында сөз алған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде денсаулық сақтау мәселелері басты назарда тұрғанын, заңнамалық база қалыптастырылғанын, саланы қаржыландыру айтарлықтай артқанын атап өтті. Соған сәйкес, науқастарды емдеуде қымбатқа түсетін стационарлық емге қарағанда негізінен аурудың алдын алуға бағытталған шараларға басымдық берудің, ауруды уақтылы анықтау мен емдеуді қамтамасыз ететін жаңа технологияларды енгізудің маңызы зор екендігіне тоқталды. Алайда бұл жетістіктерге қарамастан, құзырлы органдар қаперде ұстайтын мәселелер жетерлік.
– Президент медициналық көмек көрсетудегі мемлекеттің міндеттемелерін қайта қарастыру қажеттігін бекерден-бекер атап өткен жоқ. Мәселе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің нақты сипатқа ие бола алмай отырғандығында. Тегін және ақылы түрде көрсетілетін медициналық қызметтің аражігі айқын болмағандықтан, тұрғындар тарапынан қосымша төлем жасау жағдайлары орын алуда. Басқаша айтқанда, медицина саласында көрсетілетін ақылы қызметтердің көлемі біртіндеп артуда. Сондықтан медициналық көмектің қай түрінің ақылы және қай түрінің кепілдік берілген көмекке жататындығы тұрғындар үшін айқын әрі түсінікті болуы керек, – деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев сонымен қатар соңғы жылдары сатып алынған заманауи технологияларды пайдаланатын мамандардың тапшылығына алаңдаушылығын білдірді. Кадрдың болмауынан бағасы қымбат әрі қат құрылғылар кейбір емдеу мекемелерінде құр босқа тұрғандығын ескертті.
Айналып келгенде, дәрігерлердің кәсіби деңгейі мен тиісті дәрежеде ынталандырудың аздығынан пайда болатын басқа да кемшіліктер әлі көп. Сенат төрағасы соның ішінде кадр тапшылығын жою және қателіктерге жол бермеу маңызды екендігін жеткізді.
– Елімізде медициналық жоғары оқу орындары жыл сайын 4000-нан астам маманды даярлайтынына қарамастан, осы салада, әсіресе ауылдық жерлерде байқалып отырған маман тапшылығы бізді алаңдатады. Олардың кәсіби дайындығының сапасы да мәселе туындатуда. Кейбір жекелеген сараптама нәтижесіне сәйкес, медициналық жоғары оқу орындарын бітіруші түлектердің әрбір төртіншісі ғана таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуде. Медициналық жоғары оқу орындарына қабылданатын студенттердің санына емес, оларды дайындаудың сапасына көбірек көңіл бөлген жөн. Елбасы медициналық сақтандыруға өту бойынша дайындық жұмыстарын мұқият өткізуді тапсырды. Естеріңізде болар, міндетті медициналық сақтандыруды енгізген кезде көптеген олқылықтарға жол берілген болатын. Ендігі кезекте бұл жұмыстың тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұнан соң баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аталған салада Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттер бойынша жүйелі жұмыстың жолға қойылғандығына тоқталды.
Министрдің айтуынша, Президенттің тапсырмалары негізінде дәрі-дәрмек бағаларын реттеу, отандық өндірушілерден сатып алынатын дәрі-дәрмек көлемін ұлғайту, денсаулық сақтау саласындағы бәсекелестікті күшейту, жекеменшік секторды қолдау, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту мен саланы цифрландыруға басымдық берілген. Бұл салаларда ілгерілеу бар, алайда кейбір мәселе бойынша, мәселен халықты дәрімен қамту ісінде министрлік бірқатар жүйелі кемшіліктерді анықтаған. Атап айтқанда, медициналық ұйымдар дәрілік заттарға деген сұраныс пен оны қамтамасыз етуді дұрыс қалыптастыра алмай келеді, өңірлердің ақпараттық жүйелеріне қате деректердің енгізілуі, дәрілердің қозғалысын бақылау мен есепке алудың бұзылуы және тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржының жеткіліксіздігі жиі қайталанып отырған жайы бар.
Оның үстіне, тегін дәріге мұқтаж жандардың 20 пайызы қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмағандықтан, министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып емдеу мекемелерін жоспардан тыс тексеруді бастаған. Тексеру қорытындысы бойынша кемшілікке жол берген тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылмақ.
Министрдің пайымдауынша, саланы цифрландыру арқылы биылдың өзінде дәрігерлерді қағазбастылықтан құтқаруға болады. Себебі өткен жылдың қорытындысы бойынша медициналық жүйемен қамтамасыз ету көлемі екі есеге артып, компьютермен жарақтандыру – 2,4 пайызға, интернетке қолжетімділік – 15 пайызға өскен.
2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы өлім – 3,1 пайызға, ана өлімі – 5,5 пайызға, нәресте өлімі – 6,2 пайызға, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім – 1,8 пайызға, қатерлі ісіктерден болатын өлім – 5,3 пайызға және туберкулезден болатын өлім – 11,8 пайызға азайған. Ал қазақстандықтардың жалпы өмір сүру ұзақтығы 72,4 жасқа жеткен.
Бұл жетістіктерге қарамастан, дәрігерлер тапшылығы елдің ішінде жиі айтылып, арыз-шағымдарға дәйек болуда.
– 2017 жылы дәрігер мамандарға деген қажеттілік 9 пайызға төмендеді. Өңірлерге дәрігерлерді тарту және оларға әлеуметтік қолдау көрсетуде жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді. Әкімдіктер өңірлерде медицина қызметкерлерін бекіту мен ұстау жұмыстарын тиісінше жүргізбей отыр. Денсаулық сақтау басқармалары шаруашылық жүргізу құқығына өткен кәсіпорынға дәрігерлердің жалақысын өз бетінше белгілеуге мүмкіндік беретін медициналық ұйымдардың әлеуетін жұмылдыра алмай отыр, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Парламенттік тыңдауларға қатысқан Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, «Аман-Саулық» қоғамдық қорының президенті Бақтылы Түменова мен өзге де отандық және шетелдік сарапшылар осы саланың жергілікті жерлердегі жетістіктері мен кемшіліктерін баяндады.
Ал күні кеше өңірлерден оралған депутаттар Денсаулық сақтау министріне кадр тапшылығы, халықты тегін дәрілермен қамту жүйесін жетілдіру, емдеу мекемелері ғимараттарын жөндеу және тағы басқа мәселелер бойынша сауалдарын беріп, тұшымды жауаптарын алды.
Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында жүйелі даму жолына түскен денсаулық сақтау саласына байланысты бұл жиынға қатысушылар сайып келгенде әр азаматтың денінің саулығы алдымен өз қолында екендігін атап айтты.
Ал уақтылы медициналық көмек көрсету, оның қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету медицина саласының басты міндеті болып қала бермек.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»