• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 09 Сәуір, 2018

Парламент назарында – ұлт денсаулығы

467 рет
көрсетілді

Астанада Сенаттың Әлеу­мет­тік-мәдени даму жә­не ғылым комитетінің ұйым­дас­тыруымен «Үздік ден­саулық сақ­тау ісі – дені сау ұлт» атты парламенттік тыңдау өтті. Оған Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, қос палатаның депутаттары, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, басқа да министрліктер мен мүдделі органдардың, аумақтық басқармалар мен емдеу мекемелерінің өкілдері қатысты. 

Жиынды ашқан Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым коми­те­тінің төрағасы Бірғаным Әйті­мо­ва Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қамтылған үздік денсаулық ісі және дені сау ұлт бағытына тоқталды. Парламенттік тыңдауда Президенттің тапсырмасы бойынша қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттырып, өлім деңгейін төмендету, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелеріне ерекше мән берілді.

Жиында сөз алған Сенат Төр­­ағасы Қасым-Жомарт Тоқа­ев елімізде денсаулық сақ­тау мәселелері басты назарда тұр­ға­нын, заңнамалық база қа­лып­­тас­тырылғанын, саланы қар­жы­ландыру айтарлықтай арт­қан­ын атап өтті. Соған сәйкес, нау­қастарды емдеуде қымбатқа түсетін стационарлық емге қарағ­ан­да негізінен аурудың алдын алуға бағытталған шараларға ба­сымдық берудің, ауруды уақ­тылы анықтау мен емдеуді қам­та­масыз ететін жаңа технология­лар­ды енгізудің маңызы зор екен­дігіне тоқталды. Алайда бұл жетіс­тіктерге қарамастан, құзырлы органдар қаперде ұстайтын мәсе­ле­лер жетерлік.

– Президент медициналық кө­мек көрсетудегі мемлекеттің мін­деттемелерін қайта қарастыру қа­жеттігін бекерден-бекер атап өт­кен жоқ. Мәселе тегін меди­ци­налық көмектің кепілдік берілген көлемінің нақты сипатқа ие бола алмай отырғандығында. Тегін және ақылы түрде көрсетілетін медициналық қызметтің аражігі айқын болмағандықтан, тұрғындар тарапынан қосымша төлем жасау жағдайлары орын алуда. Бас­қаша айтқанда, медицина сала­сын­да көрсетілетін ақылы қыз­мет­тердің көлемі біртіндеп артуда. Сон­дықтан медициналық көмек­тің қай түрінің ақылы және қай тү­рінің кепілдік берілген көмекке жа­татындығы тұрғындар үшін ай­қын әрі түсінікті болуы керек, – деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев сонымен қатар соңғы жылдары сатып алынған заманауи технологияларды пайдаланатын мамандардың тапшылығына алаңдаушылығын білдірді. Кадр­дың болмауынан бағасы қымбат әрі қат құрылғылар кейбір емдеу ме­кемелерінде құр босқа тұрған­ды­ғын ескертті.

Айналып келгенде, дәрі­гер­лердің кәсіби деңгейі мен тиісті дә­режеде ынталандырудың азды­ғы­нан пайда болатын басқа да кемшіліктер әлі көп. Сенат төрағасы соның ішінде кадр тапшылығын жою және қателіктерге жол бер­­меу маңызды екендігін жет­кізді.

– Елімізде медициналық жоға­ры оқу орындары жыл сайын 4000-нан астам маманды дая­р­лай­­тынына қарамастан, осы сала­да, әсіресе ауылдық жерлер­де бай­қа­лып отырған маман тап­шы­лығы бізді алаңдатады. Олар­дың кәсіби дайындығының сапасы да мәселе туындатуда. Кейбір жекеле­ген сараптама нәтижесіне сәй­кес, медициналық жоғары оқу орын­дарын бітіруші түлектердің әрбір төртіншісі ғана таңдаған маман­дығы бойынша қызмет етуде. Ме­ди­циналық жоғары оқу орындарына қабылданатын сту­дент­тердің санына емес, олар­ды дайындаудың сапасына көбі­рек көңіл бөлген жөн. Елбасы ме­ди­циналық сақтан­ды­руға өту бой­ынша дайындық жұмыс­тарын мұқият өткізуді тапсырды. Естеріңізде болар, міндетті меди­ци­налық сақтандыруды енгізген кезде көптеген олқылықтарға жол берілген болатын. Ендігі ке­зек­те бұл жұмыстың тиісті дең­гей­де орындалуын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнан соң баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аталған салада Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттер бойынша жүйелі жұ­мыстың жолға қойыл­ған­дығына тоқ­талды.

Министрдің айтуынша, Пре­зи­денттің тапсырмалары негізін­де дәрі-дәрмек бағаларын реттеу, отандық өндірушілерден сатып алынатын дәрі-дәрмек көле­мін ұлғайту, денсаулық сақтау сала­сын­дағы бәсекелестікті күшейту, же­ке­­меншік секторды қолдау, сон­дай-ақ мемлекет-жекеменшік әріп­тестігін дамыту мен саланы цифрландыруға басымдық бе­ріл­­ген. Бұл салаларда ілгерілеу бар, алайда кейбір мәселе бойынша, мәселен халықты дәрімен қамту ісінде министрлік бірқатар жүйелі кемшіліктерді анықтаған. Атап айтқанда, медициналық ұй­ымдар дәрілік заттарға деген сұ­раныс пен оны қамтамасыз етуді дұрыс қалыптастыра алмай келеді, өңірлердің ақпараттық жүйелеріне қате деректердің енгізілуі, дәрі­лер­дің қозғалысын бақылау мен есепке алудың бұзылуы және тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етуге қаржының жет­кіліксіздігі жиі қайталанып отыр­ған жайы бар.

Оның үстіне, тегін дәріге мұқ­таж жандардың 20 пайызы қажет­ті дәрі-дәрмекке қол жеткізе ал­ма­ғандықтан, министрлік әкім­дік­термен бірлесе отырып емдеу ме­кемелерін жоспардан тыс тек­се­руді бастаған. Тек­серу қо­ры­тын­дысы бойынша кем­ші­лік­ке жол берген тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылмақ.

Министрдің пайымдауынша, саланы цифрландыру ар­қы­лы биылдың өзінде дәрі­гер­лер­ді қағазбастылықтан құт­қару­ға болады. Себебі өткен жыл­дың қорытындысы бойынша меди­ци­на­лық жүйемен қамтамасыз ету кө­лемі екі есеге артып, компьютермен жарақтандыру – 2,4 пайызға, ин­тернетке қолжетімділік – 15 пайызға өскен.

2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы өлім – 3,1 пайызға, ана өлімі – 5,5 пайызға, нәресте өлімі – 6,2 пайызға, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім – 1,8 пайызға, қатерлі ісіктерден болатын өлім – 5,3 пайызға және туберкулезден болатын өлім – 11,8 пайызға азай­ған. Ал қазақстандықтардың жалпы өмір сүру ұзақтығы 72,4 жасқа жеткен.

Бұл жетістіктерге қарамастан, дәрі­герлер тапшылығы елдің ішін­де жиі айтылып, арыз-шағым­дарға дәйек болуда.

– 2017 жылы дәрігер маман­дар­ға деген қажеттілік 9 пайызға төмендеді. Өңірлерге дәрігерлерді тарту және оларға әлеуметтік қол­­дау көрсетуде жергілікті ат­қа­­рушы органдар маңызды рөл ат­қаратынын атап өткім келе­ді. Әкімд­іктер өңірлерде меди­ци­на қыз­меткерлерін бекіту мен ұс­тау жұмыстарын тиісінше жү­р­гізбей отыр. Ден­сау­лық сақ­тау басқармалары шаруа­шы­лық жүр­гізу құқығына өткен кәсіп­орын­ға дәрігерлердің жалақысын өз бетінше белгілеуге мүмкіндік беретін медициналық ұйымдардың әлеуетін жұмылдыра алмай отыр, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Парламенттік тыңдауларға қатысқан Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, «Ұлттық ней­­рохирургия орталығы» АҚ бас­қарма төрағасы Серік Ақшо­ла­қов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, «Аман-Саулық» қоғамдық қорының президенті Бақтылы Түменова мен өзге де отандық және шетелдік сарапшылар осы саланың жергілікті жерл­ердегі жетістіктері мен кем­шіліктерін баяндады.

Ал күні кеше өңірлерден оралған депутаттар Денсаулық сақтау ми­нистріне кадр тапшылығы, халық­ты тегін дәрілермен қам­ту жүйесін же­тілдіру, емдеу мекемелері ғима­рат­тарын жөндеу және тағы басқа мәселелер бойынша сауалдарын беріп, тұшымды жауаптарын алды.

Мемлекет басшысының сали­қ­а­лы саясатының арқасында жүйелі да­му жолына түскен денсаулық сақтау саласына байланысты бұл жи­ынға қатысушылар сайып кел­генде әр азаматтың денінің сау­лығы алдымен өз қолында екендігін атап айтты.

Ал уақтылы медициналық көмек көрсету, оның қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету медицина саласының басты міндеті болып қала бермек.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»