• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Сәуір, 2018

Сенат депутаты: Ақылды жастан айырылып қалмайық

337 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің үстіміздегі жылғы 26 қаңтардағы санында «Ақыл-ой көші ары асып бара ма?» деген тақырыппен жарияланған мақалада аса өзекті мәселелер көтерілді. Онда соңғы жылдары теріскей өңірлердің шекаралық елді мекендерде туып-өсіп, білім алған балаларымыздың көрші елдің орта және жоғары оқу орындарына құжат тапсыруы жиі көрініс бере бастағаны баяндалған.

Соңғы жылдары Ресейдің жоғары оқу орындарының шекаралық облыстардағы елді мекендердегі мектеп оқушыларын іріктеп, дарындыларын өздеріне оқуға шақыру фактілері жиілеп кетті. Ол үшін Қазақстанның мектептерінде әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, білімділерін ерте бастан іріктеп алып, тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыстауда. Әрине, жастардың таңдау еркіне, талап-тілектеріне шектеу қоя алмаймыз. Шетелде білімі мен біліктілігін жетілдіріп келгеннің еш айыбы жоқ. Бірақ, олардың өзге елдерге жаппай кетуі бізді ойландыра­ды. Мысалы, тек 2017 жылы елі­міз­ден 10 мыңға жуық жоғары білім­ді кәсіби маман сыртқа кеткен.

Білім және ғылым минис­тр­лігінің жалпы білім беретін мек­теп­тердің 11-сыныпты бітіру­шілеріне қатысты мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 оқу жылында 127 414 оқушы мектеп бітіріп, соның ішінен тек 92 827 түлек, яғни 72%-ы ғана ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш төмендеп барады. Оның бір ұшы түлектердің өз елінің оқу орнынан гөрі шетелдің білім ордасын таңдауына келіп тіреледі. Мысалы, 2015-2016 оқу жылдарында Павлодар облысында 3 оқушы өз тағдырын шетелдегі оқу орындарымен байланыстырса, 2017-2018 оқу жылында 412 түлек шетелде оқуға тілек білдіріп, бұл көрсеткіш 135 есеге көбейген. Ақмола облысында екі жыл бұрын осындай 62 түлек болса, былтыр бұл көрсеткіш 6 есеге артқан. Айта кетуіміз керек, бұлардың көпшілігі мектепте жақсы оқыған талантты оқушылар. Бұл секілді жағдай Ресеймен шекаралас Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында да орын алуда.

Сонда Қазақстан тарапы басқа мемлекеттің экономикасы үшін қаржы шығындап, орта білім берген болып шығады. Бұл – ақыл-ой көші. Экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Мектепте білім алу үшін мемлекет жыл сайын әр балаға 3 млн 200 мың теңге қаржы бөліп, әр тұлғаның қалыптасуына қаншама маман тер төгеді. Соның бәрі кейін өзгелерге дайын еңбек күші ретінде үлестіріліп отыр. Бұл ел үшін үлкен экономикалық шығын, адами капиталға келтірілген нұқсан екеніне көз жеткіземіз.

Ресеймен шекаралас ай­мақ­тардың орыс тілді мектептері түлек­терінің көпшілігі ҰБТ тапсы­руға құлықсыз, өйткені оның тәртіп-ережелерін қиынсынады. Оған қарағанда Ресей оқу орындары көптеген жеңілдіктер ұсынатындықтан, жастарымыз көбіне сол жаққа қарай ұмтылады. Ресей түлектерді ақысыз оқуға түсіреді және оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыруға кепілдік береді. Ал Қазақстанда оқу ақысы қымбат, сондықтан жастар шекара асуға мәжбүр. Қарапайым ғана мысал, Еуразия ұлттық университетінің бір жылдық оқу ақысы 750 мың теңге шамасында және жатақханада жиі орын болмауына байланысты пәтер жалдап оқу студент үшін жылына 1 миллион теңгеден астам шығын әкеледі. Ал, Ресейдің Омбы қаласындағы мемлекеттік университеттің бір жылдық оқу ақысы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Осының өзі көп жайдан хабар береді ғой деп ойлаймыз.

Біз осының бәрін депутаттық сауал арқылы Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа жеткізіп, шека­ралық елді мекендерде туған мек­теп түлектерінің көрші елдің орта және жоғары оқу орындары­на ауысу себептерінің алдын алып, еліміздің келешегі – ақыл-ой иелерінен көз жазып қалмау жолдарының кешенді іс-шарасын қарастыруды сұрадық.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты