Үкіметтің аграрлық секторды дамытуға деген талпынысы үлкен үміт тудырады. Дегенмен өз ауласында мал өсіретін жеке шаруашылықтарға деген қолдаулар әлі де мардымды болмай тұр. Ал бұлар ішкі рыноктағы ет пен сүт өнімдерінің 75-80 пайызын, жұмыртқа мен құс етінің жартысын береді. Аса қажетті картоп сияқты көкөністердің де жартысы осылардың үлесінде. «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» Заң ауыл тұрғындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін материалдық, қаражаттық әлеуеттерін біріктіруді қарастырған. Алайда оның орындалып жатқанын көрмей жүрміз. Қазір кооперативтер деп бұрыннан келе жатқан фермерлік ұйымдарды және шаруа қожалықтарын атайтын болыпты, осылайша жергілікті органдар олардың саны артты деп көрсетеді. Бірақ бұлар нағыз кооперативтер емес. Заң ауыл, село тұрғындарының ауладағы шаруашылықтарында кооперативтер ашуды көздеген еді, іс жүзінде оның талаптары қағаз бетінде ғана орындалып тұр. Сондықтан да ауласындағы жекеменшік малдарын өсіретіндердің бейнеті әлі де азаймауда, олар малдарына жем-шөпті өздері дайындай алмайтын болғандықтан, қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Сауын аппараттары да жоқ, дән үгетін техникалары және басқа да құрал-жабдықтары болмайды, сондықтан бәрін де қолмен істейді. Осындай бейнеті мол жұмыстардың себебінен мал басын көбейте алмай отыр. Кооперативтер осы мәселенің шешім табуына ықпал етіп, жеке мал өсірушілердің бейнетін азайтар деген үмітіміз ақталмады. Ал ауылшаруашылық саласындағы шенеуніктер жеке шаруашылықтарды үлкен құрылымдарға қосу керек дегенді айтады. Біз оның қалай болатынын білеміз, кезінде бастан өткіздік қой. Жекешеге берілген жер үлестерін үлкен ауылшаруашылық құрылымдарына берген тұрғындар қазір содан ешқандай пайда көрмей отыр. Кездескен тұрғындардың бәрі бізге жер үлестерін бергені үшін пай ала алмай жүргендерін айтып, шағымданады.
Ауылдағы аулалық жеке шаруашылықтардың дамуына мемлекеттік тұрғыдан ықпалды көмек болмаса тұрғындарда ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге деген енжарлық туып, қалаға көшуді аңсайды. 2011 жыл мен 2017 жылдарды салыстыратын болсақ, мал басы 1,2 миллионға, яғни 25 пайызға азайып кетіпті. Сайып келгенде бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтірері сөзсіз. Біздіңше, осы тығырықтан талапқа сай құрылған кооперация ғана құтқара алады. Сондықтан осы істі жандандырып, дұрыс жолға қоюды ұсынып, біз Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің атына депутаттық сауал жолдадық.
Владислав КОСАРЕВ,
Мәжіліс депутаты