Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры «U-Sana» би спектаклінде әлеуметтік мәні зор мәселені көпшілік назарына ұсынды.
Барлығы көрші баланың планшетінен басталды. Алдымен жасөспірімдердің гаджетке тәуелділігінің өзі қайдан шығуда? Заман ағымынан қалуға болмайтын, ақпараттық жылдамдыққа көз ілеспейтін уақытта дәстүрлі құндылықтар мәнінің солғындауынан ба, әлде қоғамдағы ата-ана мен бала, дос-жаранмен пен қарым-қатынастың басқа деңгейге ауысуынан, әлде ығысуынан дейсіз бе, әлде виртуалды әлемдегі ықпалдың санаға тигізер әсерінен дейсіз бе? Спектакль осы сауалдарға жауап іздегендей.
Ермек, Айгүл, Еркін – бір үйдің балалары. Еркін ауылда әжесінің тәрбиесін көрген, тай мініп, асық ойнаған, домбыраның үніне елтитін кенже ұл болса, Ермек пен Айгүл сабақтарын өте жақсы оқып, ата-анасына қолғабыс жасап, інісінің сабақ оқуына да көңіл бөліп, кітап ақтарып балалық қызықтарын біліммен ұштастыратын жеткіншектер. Бірақ осы бақытты өмір Асан атты көрші баланың планшетпен ойнап жүргенін көрген соң нілдей бұзылады. Балалардың оған қатты қызыққаны сондай, отбасындағы өте құнды, анасы үшін қимас домбыраны планшетке айырбастайды. Еркін домбыраны қимай қанша қиылса да, үлкен екі баласының көңілі үшін ана сол қадамға барды. Алайда ойынға берілген балалар анасы мен кітапты тыңдаудан қалып, компьютерлік ойындар иесі У-Сананың ықпалына көшеді. Сахнада – гаджет жетегіне ілесіп, балалық кейпінен өзгеріп кеткен жеткіншек. Шиыршық атып, жан күйзелісіне түсіп, шарқ ұрған ана. Ана рөлінде биші Гаухар Исмағұлова би тілімен осы бір ішкі иірімдерді шебер жеткізеді.
Сахнадағы У-Сананың (Қарлығаш Нәсен) ықпалы өте зор. Қимылы әбжіл, құдіретінің күшін білген У-Сана патшайым бала біткеннің ой-санасын жаулаған. Алдында ғана ана алдында талшыбықтай иіліп жүрген балалар құрыққа түскенде роботқа айналғандай. Бар зейіндері, есіл-дерті тек қолдарындағы гаджетте. Залдағы көрермен тым-тырыс. Уланған Айгүл (Айдана Дайрабаева) жанары шоқтай жанып, залға көз тіккен. Жанды денеден гөрі пультпен басқарылатын компьютерлік ойындардағы бейнелерге айналған балалар бірінен соң бірі көрермендер залын қақ жарып сахнаға беттеген. Қолындағы планшетімен қызықтырып, зал аралап кеткен көрші бала Асанның қармағына (Марғұлан Жүнісов) дәл қазір-ақ талай жеткіншек түсердей. Еліктіреді, қызықтырады, түрлі ойынның кереметтерін беріле көрсетеді. Ал жан қармана балаларын іздеп, таба алмай шиыршық атып, шарқ ұрған ана жанында ұлттық рухы өлмеген кенжесі Еркін (Ержан Құдайбергенов) ғана. Балалар табылды. Бірақ олар У-Сананың ықпалынан шыға алмайды. У-Сананың құлына айналған балалар өткен өмірін ұмытып, іздеп келген бауырына да қарамайтын жағдайға түскен.
Сахнада арпалысты би. Декорацияда, лэд экранда шырмауыққа шырмалып алыстап кеткен домбыра суреті. У-Сана шеңгелі қусырып барады. Жанұшырған ана мен бала ойынға тәуелді қымбаттарын тұтқыннан шығаруға, бұрынғы өмірлеріне қайта әкелуге бар күшін жұмсайды.
Неге бұлай болды? Табан тірер тұрлауы, рухани діңгегі осал ма? Солай тәрізді. Ата-бабадан жеткен діл, таным, көзқарас, дәстүр байланысы қай жерден үзілді? Домбыра, қамшы, асық тәрізді құндылықтарды тәрк етпей, бойдағы қанмен берілген ұлттық рухтың діңіне құрт түспесе, тамырдан жеткен нәр жас шыбықты иілтіп, бүктіргенімен жұлып әкете алмайды екен. Анасымен бірге У-Санамен арпалысқан Еркін сол тамырын үзбеген шыбық. Спектакльдің нағыз шарықтау шегі. Анасы мен Еркін У-Сана басындағы тәжді шешуімен барлық бала роботтық кейіптен, санасы уланған, ойынпаз, ойсыз бейнеден арылып, саналы жеткіншектерге айналады. У-Сана жеңілді.
Кейінгі буын бойында қауқар бар екен, күресе алады екен. Еркін бауырларын жамандықтан құтқарып, бұрынғы өмірлеріне қайта әкеледі. Қойылым ғаламтор жетегінде кетіп, білімнен алыстап, тек қана ойынның соңына түскен балаларды білім әлеміне жетелейді.
Әлемдік мәселеге айналған виртуалды әлемге тәуелділік тақырыбын қозғаған қойылым «Наз» би театрының әлеуетін, ел алдындағы жауапкершілігін де көрсеткендей. Либретто авторы Сағаділдә Үсібәлі, қоюшы хореографтар Арман Баймағамбетов, Ұлан Изенаев, Сағит Дүзбаев, композитор әрлеуші Байдалы Рыспанбет, театрдың көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері Қадиша Ағымбаеваның үйлесімге ұмтылған қимылымен, әлеуметтік мәні зор мәселені сахнаға алып шығып, кішкентай көрермендерге ұсынуын үлкен жетістік деп бағалаған орынды. Естеріңізге сала кетейік, либретто авторы Сағаділдә Үсібәлі тұңғыш «Қазақ елі» анимациялық фильмінің сценарийін жазған, балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қаламгер болса, «Наз» мемлекеттік би театры сан түрлі ұлт пен ұлыстардың билерін, хореографиялық қойылымдар мен композицияларды сахналаған Қазақстандағы бірден-бір кәсіби би театры.
Ібір-Сібір жұрты дейтін қиырды жайлаған түркітілдестер ішінде камасин атты халық болыпты. Өзінің тілі, мәдениеті, дәстүрі бар еді. Әуелі дәстүрі мен тілінен айрылған жұрт құмға сіңген судай қарасы көп халықтың арасында жоғалып кетіпті. Қазір камасиндер жоқ. Ал сахнадағы би тілі камасиндей жоғалмауға үндейді. Қапастан шығып, шырмауықтан арылған домбыра ұлттық болмыстың шырақшысындай көрінді!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»