• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Сәуір, 2018

Оңтүстік кәсіпкерлері мен көрші ел диқандары арасында қандай айырмашылық бар?

358 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысында қолайлы бизнес климат қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасалуда. Облыс аумағында 179,5 мың шағын және орта бизнес шоғырланған.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен 499 жобаға қолдау көрсетілсе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында 911 кәсіпкерге 4,1 млрд.тг көлемінде шағын несие берілген. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 500 адам оқудан өткен, оның ішінде 300-і өз кәсібін бастады. Өңірлік қаржы институттары -  «Оңтүстік» Аймақтық инвестициялық орталық және «Ырыс» МҚҰ арқылы 2017 жылы 8,3 млрд. теңгеге 2 342 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, нәтижесінде 4 618 жаңа жұмыс орындары ашылған. Дегенмен, оңтүстікке көрші елден әкелінетін тауарлар көбейген. Мысалы, азық-түлік, химиялық, тоқыма өнімдері, кілем, аяқ киім, тыңайтқыш импорты артқан.

Бұл деректер Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысында келтірілді. Отырыста, өзінің бәсекеге қабілетті өнімі бар Өзбекстан шекарасын ашып жатқан уақытта отандық тауар өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету маңызды екені айтылды. Бұл орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев өткен жылы Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесін баяндады.  Сарыағашта болашақта қажетті 44 бизнес нысан анықталған. Аудан орталығында 30% бала мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз етілмеген. Яғни,  шамамен 8 бала бақша салуды қажет етеді. «Аудандық кәсіпкерлер палатасы жүргізген талдау бойынша колледждер мен кәсіптік мектептерде білім алған 5318 жас маманның 90 пайызы жұмыспен қамтылмайды. Сондықтан біз осы оқу орындарына қойылатын талапты өзгертуді ұсынамыз. Яғни, кәсіпорындардың сұранысына сай мамандар даярлау қажет», - дейді Э.Жұмағазиев. 

Бұдан бөлек, «Атамекен» кәсіпорындардан оқу орталықтарын ашуды, онда  1 айдан 6 айға дейін оқытуды ұсынып отыр.

Оңтүстікқазақстандық тауарөндірушілердің бәсекеге қабілетті болуы үшін көрші елдегі диқандармен арадағы айырмашылықты азайту маңызды. Отырыста келтірілген деректерге қарағанда, Оңтүстікте электр қуатының 1 киловаты 28 теңге болса, біздің ақшамен санағанда көрші Өзбекстанда – 8 теңге. Бір текшеметр суыңыз оңтүстікте 50 теңге, көршімізде -15, бір текшеметр газ бізде 36 теңге, оларда – 11 теңге. Мұндай айырмашылық отандық кәсіпкерлерге қиындық туғызуда. «Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Мысалы, 1 келі қызанақтың өзіндік құны оңтүстікте 270 теңге болса, Өзбекстанда біздің ақшамен есептегенде - 180 теңге», дейді Э.Жұмағазиев.

Сондай-ақ, кеңейтілген отырыста жерді тиімді пайдалану, әр ауданның мүмкіндігіне талдау жасау, бәсекеге қабілеттілікті артыру қажетті айтылды.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы