• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2018

Әулие Топағаш

2070 рет
көрсетілді

Сайын сахараның сырбаз суреті, ұлы даланың ұлағатты үні заманалар мен дәуірлердің жадында.

Алып даланың аңызы мен ақиқатын астастырып бұл өмірден кімдер өтті, олардан қандай ұлағат қалды деген әңгіме бүгінде ұрпаққа аманат. Тумысынан әулиелік пен данышпандықты бойына дарытқан халқымыздың шертер шежіресі де, айтар аңызы да көп. Ал елді ұғыну, жерді тану дейтін дүние де бабалар қалыптастырған байтақ жолдың жарқын көрінісі.

Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылының құмды беткейінде, күре жолдың төменгі жағындағы құм жиегіне жақын жерде Топағаш жері бар. Бұл жерді халық «Әулие Топағаш» деп те атайды. Тұтас бір гектар жерді алып жатқан ағаштардың өзіндік тарихы да қалыптасқан. Халық аңызында «Әулие Топағаш» тарихы сонау 1400 жылдардан бас­талады екен. Аңыздарда Мақтым Ағзам Қожаның немересі Нүриланың, тарихтағы әйгілі Домалақ ененің өрмек тоқыған жері делінеді. Ал Топағаш маңындағы Сұмқайтты жеріне байланысты да ел аузында деректер бар. Мәселен 1726 жылдары Болат ханның тұсында атақты Бөгенбай батыр үш жүздің басын құрап, Әбілқайыр бас сарбаз атанып осы Топағаштың тұсында жаудың бетін қайтарған деседі. Сондықтан да бұл жер Сұмқайтты аталып кеткен екен. Бұл жерде де талай батырлар мен баһадүрлер ел мен жер тағдыры үшін құрбандыққа барған. 

Аңыз түбі ақиқаттан алшақ емес. Неге десек, сол Топағашта тоғыз әулие тас бар. Халық мұны тоғыз батырдың бейнесі деп атайды. Сондай-ақ мұн­дағы әулие құдық та көне замандардың куәгері іс­петті. Топағаштың әрқайсысының өзіндік атаулары да халық жадында. Мәселен, Адам Ата, Хауа Ана ағаштары аталып кеткен ағаштар мыңдаған жылдардан бері өмір сүріп келе жатқан адам құшағы жетпейтін алып дүние. Ал періштелер талының түбіндегі кішкене бұлақтың өзіндік емдік қасиеті бар деседі жұрт.

Шеңберлене, топтасып өскен талдар адамды таби­ғаттың тылсым әлеміне жетелейді. Тіпті адамның еріксіз қызығушылығын тудырады. Ал оның тарихы ұлт тарихына қосылған тамшыдай болса да үлес.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы