59 жыл бойы Өскемен тұрғындарына қызмет көрсеткен, жолақы бағасы да (65 теңге) халықтың қалтасына салмақ салмайтын, қоршаған ортаға келтірер залалы да аз, таңғы сағат 6-дан түнгі 12-ге дейін қатынаған трамвайлар биылғы 26 ақпанда тоқтап қалған-ды. 1959 жылы 6 қарашада ресми түрде жұмысын бастаған қоғамдық көліктің тоқтауына «Өскемен трамвай паркі» ЖШС-ның қарызға белшеден батқаны себеп болған еді.
37 шақырым жол бірде-бір рет жөнделмеген
Қала әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев қаңтар айында журналистерге арнап өткізген брифингте мекеме электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Шығысэнерготрейд» ЖШС-на 70 миллион, «ЦентрКредит» банкіне 406 миллион және салық қызметіне 102 миллион теңге көлемінде қарыз екендігін мәлімдеген болатын. Ал облыс әкімі Даниал Ахметов трамвай паркі қызмет атқарғалы бері оларға қарасты 37 шақырым жолға бірде-бір рет жөндеу жасалмағанын, аталған жолдың 22-і шақырымының сапасы мүлде нашар екендігін, трамвай паркін қаржыландыру туралы бірқатар банк басшыларымен, инвесторлармен келіссөз жүргізгенімен, барлығы да тозығы жеткен қоғамдық көлік қатынасына инвестиция салудан ат-тондарын ала қашып отырғанын айтқан-ды. Алайда «Өскемен трамвай паркі» ЖШС-ның бұрынғы директоры Анатолий Успенский қарыздың астында қалып отырғанына қарамастан, жұмысшыларына ешқандай қарызының жоқтығын, кәсіпорынды одан әрі дамытуға мүдделі екендігін, наурыз айында түрік компаниясымен келісімшарт жасасып, нәтижесінде олар 3 миллион доллар көлемінде қаражат аударатынын тілге тиек етіп: «бізге атқарушы билік тарапынан ешқандай қолдау болмай отыр» деп жергілікті әкімдікті кінәлаған еді. Содан не керек, ақыр соңында облыс басшылығы бұл тығырықтан шығар жол тек біреу екендігін, трамвай паркі жақын арада мемлекет меншігіне өтпесе, жағдайдың одан әрі ушыға беретіндігін алға тартқан-ды. Мұны аймақ басшысы Д.Ахметов өңір тұрғындары алдындағы есепті кездесуінде де шегелеп айтқаны есімізде.
Алматыдан 13 трамвай әкелінеді
Облыс әкімдігі тұрғындарға берген уәдесінде тұрған секілді. 30 наурыз күні өткізілген брифингте Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев пен «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Антон Крамаренко трамвай паркінің болашағына қатысты тарқатып айтып берді. Антон Крамаренко өз сөзінде қарызы бастан асқан «Өскемен трамвай паркінің» мүлкі саудаға қойылып, бастапқы бағасы 853 миллион теңгеге белгіленгенімен, аукцион нәтижесінде «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 443,5 миллион теңгеге сатып алғанын, қазір құжаттарды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, 1-2 ай көлемінде «Муниципиалды трамвай паркі» деген атпен заңды тұлға пайда болатынын жеткізді. Оның сөзінен «біздің бизнес жоспарымыз бар, жұмысшыларға бір тиын қарызымыз жоқ» деген «Өскемен трамвай паркі» ЖШС-ның бұрынғы директоры Анатолий Успенскийдің айтқандарының шындыққа сәйкес еместігін аңғарғандай болдық. А.Крамаренко құқық қорғау органдарына 200-ге жуық шағым түскенін, парк қызметкерлері соңғы 3 ай көлемінде айлықтарын алмағанын, мекеменің еңбеккерлерге қарызының жалпы жиынтығы 80 миллион теңгеден асқанын айтады. «Жақында ұжыммен кездестік. Барлық жалақы берешегі бір апта көлемінде өтелетінін ескерттік. Трамвай паркінің ұжымына келсек, ұжым осы күйінде сақталады. Бірде-бір жұмысшы қысқармайды. Өйткені қазіргі 14 трамвайдың үстіне мамыр айында Алматыдан тағы 13 трамвай әкелеміз. Сонда қала бойынша ұзын саны 27 трамвай жүретін болады», дейді ол.
60 жүргізушіден 28 ғана қалған
Жалпы, трамвай паркі төңірегіндегі дау-дамайдың өрбігеніне 5-6 жылдың жүзі болған. Әсіресе соңғы жылдары мекеме жағдайы қиындай түскені мәлім. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын Өскемен трамвай паркінде 60 жүргізуші болса, қазір небәрі 28 жүргізуші ғана қалған көрінеді. Бұған дейін Өскеменде трамвайлар төрт бағытта қатынаған-ды. Ресми деректерге жүгінсек, осынау қоғамдық көлікті жылына 500 мыңнан астам өскемендік пайдаланады екен. Қазіргі уақытта тоқтап қалған трамвайлардың орнына бірнеше автобус жүріп жатыр. Десек те «Осы трамвайдың қаншалықты қажеті бар? Автобус жетпей ме?» деген пікір білдіріп жүрген қала тұрғындары да жоқ емес. Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев бұл пікірмен келіспейтіндігін, трамвай шаһар тұрғындарына аса қажет екендігін айтады. «Біріншіден, трамвай қала тұрғындарының қалтасына салмақ салмайды. Екіншіден, жүру уақыты да ұзақ. Жұмыстан кеш қайтатын тұрғындарға қолайлы. Үшіншіден, экологияға ешқандай зиян келтірмейді. Әсіресе Өскемен секілді өндірістік қала үшін трамвай таптырмас көлік. Біз алдағы уақытта біртіндеп ескі вагондардың орнына жаңасын алып, тозығы жеткен рельстер мен электр желілерін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Биыл трамвай жолдарының автокөлік жолдарымен түйісетін тұсын да жөндемек ойымыз бар», дейді қала әкімі.
Қазір көптеген қала тұрғындарын «трамвай қашан жүреді?» деген жалғыз сауалдың мазалап жүргені анық. Мұны брифингте біз де сұрадық. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Антон Крамаренко мұның нақты уақыты әлі белгісіз, шамамен маусым-шілде айларында жүруі мүмкін екендігін жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН