Осыдан біраз жыл бұрын Қостанайдағы жазушы ағамыз Ғұмар Ахметчин Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні туралы бір қызық әңгіме айтқаны бар еді.
Ғұмар аға туыстарымен Уфа қаласының түбіндегі бір татар ауылына құдалыққа барады. Татарлар қазақ құдаларын құдайындай күтіп, мәре-сәре болып қалады. Оларда да ел мен елді ұл мен қыз тамырластырған құдалықты ән-бимен, әзіл-қалжыңмен қызықты өткізеді екен. Сонымен татар құдалар «ауылдың алты ауызы» деп, сандуғаштай құйқылжытып ән айта бастайды. Қостанайдан барған құдалар да қарап қалмайды, қазақ әндерін тамылжытады. Қазақтың айтысындай, бірде татар, бірде қазақ әндері алма-кезек айтылып, құдалардың мол дастарқаны көңіл хошымен байи түседі. Бір кезде татарлардың бірі «Ана туралы жырды» сызылтады. Қазақ әні татар сөзімен, татар әуезді бояуы- мен құлпырып шыға келіпті, қазақтардың ұйып тыңдаудан басқа амалы қалмайды. Бірақ қазақ құдаларда «татарлар қазақтың әнін айтып қойды» деген «қызғаныш» қылп ете қалады. Содан Ғұмар Ғарипұлы сөз бастайды.
– Татар құдалар, сендер өздеріңнің татар әндеріңді айтыңдар, бұл қазақтың әні ғой, – дейді ғой бас құда.
– Бұл өзіміздің татардың әні, біз қазақ әнін айтқан жоқпыз, – дейді құдалар. Сонымен құдалықта «дау» басталады. Татарлар «безнең жыр» дейді, қазақтар «біздің ән» дейді.
– «Онда бұл әннің авторын айтыңдар» дедім. Сөйтсем татарларым оған тоқтамайды ғой, «бұл әннің авторы жоқ, бірақ «татар жыры» деп дес бермейді. Білмесеңдер, құдалар, біліп қойыңдар, бұл әнді кемеңгер екі қазақ шығарған, әнін Шәмші Қалдаяқов деген керемет композитор, сөзін Ғафу Қайырбеков деген ірі ақын жазған» дедім қызыл кеңірдек «дауда», – дейді Ғұмар аға күліп. Ән татар халқы арасында кең жайылған екен.
Жақында Челябі облысында тұратын қандастарымыз өткізген Наурыз мерекесінің куәсі болғанымыз бар. Троицк ауданына қарасты Санарка деген селодағы 50 үй қазақ ұйымдастырған Наурыз тойына Челябі облысының өзге аудандары мен қалаларынан да қазақтар келді, аудан басшылығынан өкілдер қатысты. Осы мерекеде жұрт аудан, село өнерпаздарының концертін тамашалады. Көбіне қазақ, орыс әндері шырқалды, жастар би биледі. Бір кезде орта жастан асқан, башқұрттың ұлттық киімін киген әйел сахнада «Ана туралы жырды» башқұрт тілінде баянның сүйемелдеуімен шырқады. Әнді шырқаған білім саласының ардагері, Санарка селосының тұрғыны Галина Ғарипова деген апай екен.
– Башқұртстаннан башқұрт әндерінің жинағын алдырғанмын. Сонда бар екен, осы жолы бірінші рет сахнада айттым. Әйтпесе бұл әнді баяғыдан дастарқан басында, тойларда шырқайтынбыз, дейді Галина апай.
– Қазақ әні екенін білесіз бе? – дейміз біз.
– Әрине қазақтардың айтуынан білемін. Шынымды айтсам, бұрын авторларына мән бергенім жоқ, мұны башқұрт тіліне кім аударғанын да білмеймін. Әйтеуір башқұрт тілінде айтатынбыз. Бірақ мына кітапта авторларын жазыпты, әні Шәмші Қалдаяновтікі, сөзі Ғафу Қайырбековтікі, – деді ол. Шәмшінің тегі де «Қалдаяқов» емес, «Қалдаянов» боп жазылғанға ұқсайды әншінің айтуынша.
– Башқұртстанда бұл ән жиі шырқала ма? – деп сұрадық тағы да.
– Ол жақта бұл ән кең тараған. Менің өзім кешегі күнге дейін авторына, қай ұлттың әні екеніне мән бермеппін. Ал қарапайым адамдар оны тіпті елей бермейді ғой, бірақ ән башқұрттар арасында танымал, деді Галина апай.
Әдемі әнде шекара болмайды. Ал Шәмшінің әндері қазақ шекарасынан асып, түркітілдес халықтардың ортақ қазынасына да айналып бара жатқандай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ