• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Сәуір, 2018

Қоғамдық тәртіпті сақтауға жыл сайын 29,5 мыңнан астам адам қатысады

253 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз маслихатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министірлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов БАҚ өкілдерімен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерінде полицияның халықпен және азаматтық қоғаммен өзара бірлесе жұмыс істеу туралы мәліметпен бөлісті.

«Жалпы еліміз бойынша қоғамдық тәртіпті сақтауға жыл сайын 29,5 мыңнан астам адам қатысады, олар 4,5 мың құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдарға біріктірілген. Мысалы, ауылдық жерлерде «Сақшы» жасақтары жұмыс істейді, олар көбінесе мал ұрлығының алдын алуға бағытталған. Еліміздің оқу орындарында «Студенттік жасақтар» жұмыс істейді, олар аталған мекемелердің, сондай-ақ студенттік қалашықтар мен жатақханалардың аумақтарын патрульдейді, ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кеседі, студенттер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ағымдағы жылы көрсетілген құрылымдардың қатысуымен 1,4 мыңнан астам қылмыс ашылды, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 12,5 мың адам ұсталды. Заңнамалық деңгейде аса белсенді азаматтарды грамота, алғыс хат, бағалы сыйлық және ақшалай сыйақылармен көтермелеу мүмкіндігі бар екенін атап өту қажет. Ағымдағы жылдың тек 1 тоқсанында полицияға белсенді көмек көрсеткені үшін ІІО-ның өтініштері бойынша әкімдіктер 955 адамды көтермеледі, оның ішінде 765 адам 14,5 млн теңгеден астам сомаға ақшалай сыйақымен марапатталды», деді Мақсат Байболов.

Сонымен қатар ол жыл сайын еліміздің аумағында «Участке» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілетінін мәлімдеді.

«Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары өздерінің учаскелеріндегі әрбір үйге және пәтерге баруға тырысады, халықпен танысады, туындаған проблемалар туралы сұрастырады және өздерінің визит кәртішкелерін таратады. Одан бөлек, жыл аралығында учаскеліктер ұдайы түрде тоқсанда кемінде бір рет халық алдында есеп берулер жүргізеді, олардың барысында атқарылған жұмыс туралы есеп береді, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен шағымдар мен ұсыныстарға ден қояды. Мәселен, ағымдағы жылы учаскелік полиция инспекторлары 25 мыңнан астам есеп беру кездесулерін жүргізді  онда 1,5 млн. астам азамат қатысқан. Соңғы бес жылда өткізілген осындай акциялардың нәтижесінде халық ақшалай сыйақыға ерікті түрде 47 мыңнан астам атыс қаруын, 250 жарылғыш құрылғылар мен 1,7 млн данадан астам ойық қару патрондарын тапсырды. Барлығы ерікті түрде қару-жарақ заттарын тапсырғаны үшін осы жылдары 38 мың азаматқа 1 млрд. 418 млн. теңге төленген. Осындай акцияларды өткізудің тиімділігін атыс қаруын қолдана ортырып жасалған қылмыстар санының жалпы 44,8 пайызға жыл сайынғы азайғаны көрсетіп отыр. Ағымдағы жылы акция сәуірдің 10-нан басталады, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 125,4 млн. теңге бөлінген. Заңсыз сақталған қару-жарақ заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемелі тапсыру қағидалары Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген. Бұл қағидаларда қаруды ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне, оның техникалық жағдайына және қару түріне қарай сомасы оннан жүз айлық есептік көрсеткішке дейін төлем көзделген. Заңсыз сақталған атыс қару-жарақ заттарды ерікті түрде тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Осы сәтті пайдала отырып, сақтауда заңсыз қару-жарақ заттары бар азаматтарға оларды ақылы негізде ішкі істер органдарына ерікті түрде тапсыруды өтінемін», деді Ішкі істер министірлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»