Президенттің бастамалары қазақстандықтардың әл-ауқатын нығайтуға, заманауи қазақстандық қоғамның ең өткір әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.
Мемлекеттің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін, отбасына деген қамқорлықты арттыру, лайықты білім беруді дамыту және ұлттық бірлікті сақтау – басты ұстаным. Елбасы атап айтқандай, гүлденген Қазақстан – бұл ең алдымен, мемлекеттің қорғау, қолдауын және қамқорлығын сезінген және оған патриоттық рухымен жауап беретін өзіне сенімді адамдар. Мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтары экономикалық өсу қарқыны емес, халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады.
Президент атап айтқан бірінші бастама – ол тұрғын үй мәселесін шешу. Алдағы уақытта әрбір отбасына тұрғын үй сатып алу үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Жұмыс істейтін қазақстандық азамат жеңілдікті шарттармен теңгемен ипотекалық заем ала алады, жылдық мөлшері 7 пайыздан аспайтын ипотекалық несие беріледі, бастапқы жарна 20 пайыз, мерзімі 25 жыл. Бұл ай сайынғы төлемдердің мөлшерін бірнеше есе азайтады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өсуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға оң ықпал етеді.
Екінші бастама жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту мақсатында олардың салық жүктемесін азайтуды қолдауға бағытталған. Әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндіктері жоқ азаматтар мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Келесі жылдан бастап ондай азаматтардың салық жүктемесі 10 есеге азаяды. Басы артық қаражат осы санаттағы 2 миллионнан астам қазақстандықтардың еңбек төлемін көбейту үшін жұмсалады.
Қазақстанның білім қоғамдастығының өкілі ретінде «Жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту» атты үшінші бастама біз үшін аса маңызды. Адамдарға салынған инвестициялар әлеуметтік саясат саласындағы басымдық деп танылады. Келесі оқу жылында қосымша 20 мың білім гранты бөлінеді. Техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды даярлауға арналған қосымша гранттар жаңа экономиканың кадрлық мәселелерін, мемлекет жүргізетін индустриялық бағдарламаларды тиімді шешуге және сұранысқа ие мыңдаған мамандарды оқытуға мүмкіндік береді. Олар, бірінші кезекте, инженерлер, ақпараттық технологиялар, робот-техника және нанотехнология салаларының мамандары. Сондай-ақ техникалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша да барлық ЖОО-лардың, ұлттық университеттердің грантын көбейту қарастырылған. Бұл сапалы білім беру үдерісіне қажетті материалдық-техникалық базаны және кадрлар ресурсын дамытуға мүмкіндік туғызады.
Алдағы уақытта студенттердің өмір сүру жағдайлары жақсарады. Жатақхана тапшылығы бар жоғары оқу орындарындағы аталған өзекті мәселе оң шешімін табады. Айта кету керек, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде мұндай мәселе жоқ. Бүгінде университетімізде жатақханаларды, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және кампус аймағын көріктендіру бойынша көп жұмыс атқарылуда. Студенттердің оқуына және бос уақытын тиімді өткізуіне бар жағдай жасалынған, бұл олардың академиялық және шығармашылық табыстарына оң әсерін тигізеді.
Президенттің өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен және жұмыссыз азаматтар арасында жеңілдігі бар шағын несие ұсыну бастамасы халықтың кәсіпкерлік белсенділігін дамытуға ықпал етеді. Мемлекет басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы айта келе, 2018 жылы микрокредит берудің жалпы көлемі 14 мыңнан астам адамды құрайтынын атап өтті. Мемлекет тарапынан аталған бағдарламаға қомақты қаражаттың бөлінуі өз кезегінде отандастарымыздың өзін-өзі танытуына ықпал етеді, соның ішінде студент жастар үшін қосымша мүмкіндіктер мен перспективаларды қамтамасыз етеді. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты ретінде мен Қараөзек-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша магистральді газ құбырын тартуды қолдаймын. Бұл өңірдегі экологиялық мәселелермен күресуге оң ықпал етеді, қаладағы және ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартады.
Ауқымдылығы мен күтілетін әсері бойынша мемлекеттің «түбегейлі шаралары» атанған мәлімделген жобалар соңғы жылдардағы республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының ең маңызды нәтижесі болып табылады. Президент жүзеге асырып отырған экономикалық өсудің тұрақты стратегиясы бүгінгі күні ауқымды әлеуметтік бастамаларды іске қосу және табысты іске асыру үшін қажетті негіз саналады. Президент айтқандай, бұл есептелген бағдарлама, халықтың игілігіне арналатын ұтымды және оптимистік жоба.
Барлық ұсынылған жобалар азаматтардың әлеуметтік қорғалуын, қамтамасыз етілуін нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар мультипликативті экономикалық дамуды күшейтеді, әлеуметтік тұрақтылықты, әлеуметтік дағдарыстың алдын алу бойынша мемлекет пен жеке бизнестің серіктестігін кеңейтуді қамтамасыз етеді. Әлеуметтік саясат құралдарын жандандыру экономикалық өсудің катализаторы. Яғни, әлеуметтік саясаттың басымдықтары оның ұзақ мерзімді экономикалық дамуға және теңдестірілген әлеуметтік құрылымды қамтамасыз етуге әсерін ескере отырып анықталады.
Елбасы адамгершілік, құрмет, сенім, халыққа және елге ризашылық білдіру қабілеті халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің табысты дамуының негізіне айналатынын әркез айтады. Ұсынылған бағдарламалар қоғамдағы әлеуметтік және психологиялық жайлылықты қамтамасыз етуге, халық пен мемлекеттің өзара сеніміне, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты халық үшін тартымды әлеуметтік жобаны нығайтуға бағытталған. Біз барлығымыз Президентіміздің «әлеуметтік мемлекет пен ұлттық әл-ауқаттың қазақстандық үлгісін» табысты қалыптастыруға деген сенімділігін қуаттай отырып, қолдаймыз.
Еркін КӨБЕЕВ, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры