1994 жылдың 31 шілдесі...
Екінші қазақ ғарышкері Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевты ғарыш сапарына шығарып салу үшін қазақ журналистері Байқоңырға тайлы-таяғымыз қалмай жеткенбіз. Баспасөз мәслихатында 125 күндік ұзақ сапарға аттанып бара жатқан «Союз ТМ-19» экипажаның құрамына әлемдік әріптестермен қатар тұрып сәт сапар – «Ақ жол!» тіледік. Жиын аяқталысымен журналистер қонақүйге қайтты да, фототілші Берсінбек Сәрсенұлы екеуміз №17 алаң деп аталатын әлгі ғимараттың холында қалып қойдық.
«Үмітсіз – шайтан» дегендей, тарс жабулы тұрған мынау сан есіктің бірінен ғайыптан тайып біздің Талғат Мұсабаев шыға келер, бәлкім, жүзбе-жүз тілдесіп қалармыз?
Өйткені олардың осында қалғанын білеміз. 1991 жылғы тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровпен баспасөз мәслихаты біткен соң осы ғимараттың сыртқы есігі ашылып, кездейсоқ ұшырасқанбыз... Байқоңырдың сор татыған суын асқазаны сіңіре алмай іші ауырып, үлкен қайыс диванда көзі кіртиіп отырған Берсекеңнің жайын сезіп те тұрмын. Бірақ «Тағы бір он бес минут отырайық, содан соң қайтамыз» деп өтіндім. Ол келіскен секілді, даңғарадай ши қалпағын көзіне түсіріп, үнсіз қалды.
Сенесіздер ме... кенет, теп-тегіс күлгін түсті қабырғадағы он-сан есіктің бірі айқара ашылып, Талғат ағамыз маңдайы жарқырап шыға келді!..
– Ассалаумалейкум, Талғат аға!
– Уәлейкумассалам-м...
Берсінбек те жалма-жан атып тұрды, басынан дөңгелеп түскен ши қалпағына қарамай, қолын ұсына ұмсына ұмтылды. Бұл кезде мен Талғат Мұсабаевтың құшағынан босағам. Жүрегім су ете түсті... «Тәртіп бойынша сапар алдында ғарышкерлер карантинде жүреді, бөгде адамдармен қол алысуға, ғарыштағы стансаға жердің микробын апаруға да болмайды» екен дегенді естігенбіз. Сол себепті де журналистер тобымен сұхбат кезінде екі ортада тұтастай шыны қабырға тұрады, байланыс микрофон арқылы жүреді.
Берсекеңнің қолын құлшына қысқан Талғат ағамыз, дөңгелеп кеткен ши қалпақты сұқ саусағымен нұсқап, «Қалпағыңызды алыңыз...» деді жарқылдай күліп. Ғарышқа әне-міне аттанып бара жатқан азаматтың сондай сабырлы, жайдары әрі қаннен қаперсіз көңіл-күйін көріп, «микроб» туралы ұмытып, біз де еркінси түстік. Берсінбек іске кірісті...
– Мен қазір телефон соғып алайын, – деп, кезекші офицердің жанына барған Мұсабаев, әлдене деді де, телефонның құлағын ұстаған күйі бізге бұрыла қарады.
– Қалайсыңдар?.. Ну, говори, как дела...
– Құттықтаймыз Талғат аға, құттықтаймыз!..
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ағамызды ғарышқа аттандырып салатын 1991 жылдың 2 қазаны күні Гагарин ұшқан атақты №2 алаңның басында Талғат ағамызбен әбден сұхбаттасқаным бар. Есімде, сонда болашақ екінші ғарышкеріміз «Өте қуаныштымын, Тоқтар Оңғарбайұлы жол ашты... Енді мен ғарышқа кеме командирі ретінде ұшамын» деген батыл түрде. Сәлден соң ғарышкеріміз телефонның құлағына дауыстап сөйлей бастады.
– Маған Қазақстанның Туын алып келді. Құранды ұмытпаңыз, Құранды! Топырақ салатын оймақтай контейнер керек...
Қарап тұрамыз ба, Берсінбектің қауындай фотообъективі салынған қобдишасын төңкеріп тастап, ішінен фотоүлдір сақтайтын оймақтай қара футлярды босатып, ғарышкерге ұсына қойдық.
– О, тамаша!.. Нағыз керегі осы еді, мұнда мен туған жердің топырағын салып аламын!..
Талғат Мұсабаев Берсінбек Сәрсенұлы ұсынған фотоүлдір құтысын қолына алып, бізді тағы да қапсыра құшақтады. Алаулаған қуанышты жүзі әлі көз алдымда! Ол ертең алыс сапарға, түпсіз ғарыш кеңістігін шарлауға аттанады. Кенет күлгін қабырғамен бірдей жабысып салынған бір есік ашылып, Мұсабаев бізге оң қолын көтеріп қоштасу ишарасын жасады да, көзден ғайып болды.
Берсінбек екеуміз бейне түс көргендей күйде отырып қалдық...
Талғат Мұсабаев одан кейін де ғарышқа екі рет шығып, соның ішінде бір кезеңдегі ашық кеңістіктегі қызметі үшін есімі Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді. Ғарыш тарихындағы тұңғыш турист – америкалық мультимилиардер Деннис Титоны ғарышқа аман-сау апарып, алып келді. Ғарыш пен ғарышкерлеріміз туралы «Егемен Қазақстанның» әйгілі фототілшісі, ғаламат фотожурналист Берсінбек Сәрсенұлының талай-талай суреттері баспасөз беттерінде сан рет жарияланды. Өкініштісі, «Қазақ топырағының ғарышқа барып қайтуына менің үлесім бар...» деп баданадай күрек тістерін көрсетіп күліп жүретін Берсінбек осыдан дәл үш жыл бұрын ауыр науқастан қайтыс болды.
Тарихи күнгі тарихи деректің куәсіндей болған Берсінбек түсірген бұл суреттің осындай бір сыры бар еді...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНҰЛЫ
(1994 жылғы 31 шілде, Байқоңыр, №17 алаң)