• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Сәуір, 2018

Имандылық туралы іргелі еңбек жарық көрді

1139 рет
көрсетілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Маңғыстау өңіріне іссапарында Бекет атаның басына барып зиярат етіп, Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылынан жаңа мешіттің ашылуына қа­тысты. Муфтидің қатысуымен өткен тағылымды іс – Ержан хазірет Тө­леген­ұлының «Иманшарт» және «Өсиетнама» кітаптарының тұсаукесуі болды.

Рухани жиында белгілі теолог М.Себасов артында ғылым қалдырған бірден-бір дінбасы, әрі ұстаз, әрі дәрігер Ержан хазіреттің азаматтық болмысы, ерен еңбегі туралы баяндама жасады.

– Ержан Төлегенұлының бірін­ші ерекшелігі – дін мен дін өкіл­дерін қудалаған кеңестік кезең­нің өзінде дәстүрлі діннің алтын шынжырын үзбей тәуелсіз ұр­паққа жалғастырып кетуші дә­некер. Екінші ерекшелігі – соңын­да хатталған мұра қалған тұлға. Ол халыққа тәрбиені, өне­гені тек сөзбен емес, өзінің жүріс-тұрысымен, болмысымен көр­сетіп кетті. Тіпті  өзін төрт рет сот­таған өкімет туралы бір ауыз сөз теріс әңгіме айтпай, «өкіметтің заңына бағыну – уәжіп» деп ха­лыққа насихатын айта жүріп, ру­хани тәрбиесін беріп кеткен дін­дар, деп тоқталды М.Себасов хазірет туралы.

Кешеге дейін көзден таса болып келген қос қолжазбаның – бүгінгі халқымен қайта қауышқан қос кітаптың тұсауын кескен Серікбай қажы Оразұлы да Ержан хазіреттің қос еңбегі туралы тұ­щым­ды пікірлерін айтып, жоға­ры бағалады.

– Ержан хазіреттің бұл еңбек­тері, ұлы мұрасы біздің қандай мек­тепті ұстанғандығымызды айқындайды. Қос кітапта біздің жамағатқа беретін жеткілікті ілім бар. Біз жамағатымызды біріз­ділікке алып келуіміз керек. Бұй­рық болған парыздардың барлығын санап, бесеуі исламда, жетеуі иманда, он екісі намазда, төртеуі дәретте, үшеуі тайаммумда деп әрі қарай санап отырып, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіріп айта алған. Осы кітаптардың авторы, иесі Ер­жан хазіреттің еңбегі, әсіресе «Өсиет­намада» біз үшін, тіпті дін­дарлар үшін ата-бабамыздан келе жатқан діннің, ілімнің таза, саф қалпын сақтаған, адамның бойын­дағы нәпсісін жүгендей ал­ған, жан дүниесін кең, көпшіл бола алатын, жалпы адамның қал­пын қалыптастыратын дүния осы кітаптарда айтылған екен. Қос кі­тап ел-халқымыз үшін, мұ­сыл­ман жұртшылығы үшін бағ­дар­шам ретінде игілік-пайдаға аса бер­сін, деп қолжазбаның ұрпақ, ұлт тәр­биесіндегі алар орнын айқын­дап берді.

Жиынға хазіреттің қызы – 83 жастағы Несіпхан әже Қызылсай ауылынан арнайы келіп қатысып, игі істің ұйытқысы болып жүрген­дерге алғысын жеткізді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы