• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Сәуір, 2018

Рухани жаңғыру: Кемел білімнің көкжиегін ашқан кезең

2502 рет
көрсетілді

Елбасының қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкеліп, рухани сілкініс тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде бағдарламадағы іргелі жобалар бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асты. 

Атап айтатын болсақ, «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобалары сәтті жүргізілуде. Осы жобаларды іске асыру барысында әлеуметтік инфрақұрылым дамытылуда, мәдениет ескерткіштері қалпына келтірілді. Қазақ тілінің жаңа әліпбиін қолданысқа енгізу бойынша нақты қадам жасалды. Осындай маңызды бастаманың тағы бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған алғашқы 18 кітап кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен көпшілікке таныстырылды. 

Алқалы жиынға белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қа­уым өкілдері, жоғары оқу орын­дарының басшылары мен жас ғалымдар, депутаттар мен министрлер қатысты. Шараны Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жүргізіп отырды. Елбасы жиынды ашып берген соң, Е.Сағадиев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасының негізінде көптеген жүйелі жұмыстар атқарылғанын, соның ішінде ең маңызды жобаларының бірі – «Жаңа гума­ни­тар­лық білім. 100 жаңа оқулық»  аясында 18 кітаптың жарық­қа шыққанын баяндады. Бұдан соң Ұлттық аударма бюро­сының директоры Рауан Кенже­ханұлы жобаны жүзеге асырудың жай-жапсарына кеңінен тоқталды. 

Ұлттық аударма бюросы былтыр Елбасының тапсырмасы бо­йынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру мақсатында құрылған болатын. Бюро директоры бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, бір жыл ішінде қандай жұмыс атқарылғанын айта келе, алдыңғы кезекте жарық көр­ген 18 оқулықты таныстырды. Атап айтқанда Дерек Джонс­тонның «Философияның қыс­қаша тарихы: Сократтан Дер­ри­даға дейін», Энтони Джон мен Пат­рик Кеннидің «Батыс фи­­ло­со­фиясының жаңа тарихы, Ан­­тика философиясы» (4 томдық, І том) және «Батыс фи­ло­со­фиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр» (4 том­дық, ІІ том), Ре­ми Хесстің «Ф­и­ло­софияның таң­­дау­лы 25 кітабы», Дэвид Брин­керхофтың «Әлеуметтану не­гіздері», Джорди Ритцердің «Әлеу­меттану теориясы», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз: әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн П.Шульц пен Сидней Еллен Шульц­тің «Қа­зіргі психология тарихы», Дэвид Майерстің «Әлеуметтік психо­логия», Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлордың «Эко­но­микс», Дональд Ф.Куратконың «Кә­сіп­керлік: теория, процесс, прак­тика», Рикки В.Гриф­финнің «Менеджмент», Карен Армс­тронгтің «Иудаизм, Хрис­тиан­дық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану бая­ны», Виктория Фромкин, Ро­берт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуника­ция», Алан Барнардтің «Антро­по­логия тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индус­триялық революция» деген оқу­лықтары қазақ тіліне аударылған. 

Шарада Л.Н.Гу­милев атын­дағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сы­дықов, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ер­лан Қа­рин, І.Жансүгіров атын­­дағы Жетісу мемлекеттік уни­вер­­си­те­тінің шет тілдері мен аудар­ма кафедрасының меңгеру­шісі Айымжан Рыскиева, «Қа­зақ­стан-2050» жалпыұлттық қоз­ғалы­­сы кеңесінің төрағасы Мұх­тар Манкеев сөз сөйледі. 

Жиынды Елбасы өзі қоры­тын­дылады. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақала қазақ­стандықтар тарапынан кең қол­дауға ие болғанын айтып, оның жекелеген бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәти­желеріне тоқталды.

«Барлық өңір «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінді. 700-ден астам мә­де­ниет ескерткіштері жөнделіп, қай­та қалпына келтірілді. Жүз­де­ген ғылыми экспедициялар ұйым­дастырылды», деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиін талқылау үдерісі біртұтас қоғамымыздың кемелденгенін танытатын тарихи қадамға айналғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы рухани жаңғыру аясындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, «100 жаңа оқулық» жо­ба­сының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айт­ты. «Жастарымыз жоғары ғы­лы­ми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқу­лықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы бұл шара­ның бүкіл әлеуметтік-гума­ни­тарлық сала үшін маңызды екенін айтып, оның бірқатар ерекшеліктерін атап өтті. «Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ұсынылған кітаптар қазақ тіліне түпнұсқадан аударылғанын айрықша атап өтті. Ал бүгінгі іс-шара рухани жаң­ғыру бағдарламасының жаңа кезең­ін бастайтынын айтты. «Бұл – ау­қымды энциклопедиялық ізде­ніс арқылы адамзат дамуы­ның көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үде­рісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бас­тау алып келеді», деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ қазіргі жағдайда әлемнің дамуы кө­біне инженерлік ғылымның әле­у­е­тімен анықталатынына назар ау­дарып, озық технологияларды пай­даланудың мақсаттарын ұғы­ну маңызды екендігін тілге тиек етті.

«Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті бо­луының басты шарты. Жаңа оқу­лықтар білімнің нағыз энци­к­лопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сон­дай-ақ оның мазмұны да маңыз­ды. Осыған орай «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.

Елбасы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағдарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін атап өтті. «Жаңа оқулықтар – экс­клюзивті гуманитарлық кітап­хана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш формат­та қолжетімді болмақ. Кітап­тар латын қарпінде басып шыға­рылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады», деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев жобаны іске асырудың арқа­сында Қазақстанда аударма ісінің жа­ңа мәдениеті қалып­тас­қа­­нын атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақ­стан Президенті еліміз бен қоға­мы­мыздың бәсеке­ге қабі­летті­лігін арттыру факторы­ның маңыз­ды­лығы жөнінде айтты.

«Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы жастарымыздың бола­шағы үшін іске асырылуда. Осы орайда, өскелең ұрпақтың оны жүзеге асыруға белсенді түр­де атсалысқаны аса маңызды. Біз бүгін тәуелсіздік жылдары қа­лып­­тасқан ғылыми-кадрлық әлеу­еті­міздің зор екеніне тағы да көз жет­кіздік», деді Мемлекет бас­шысы.

Елбасы үштілділік қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқ­талып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды. Қорытындысында Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді.

«Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақ­ты­лы әрі толық бөлінуге тиіс. Ке­лесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақы­тында іріктеліп, талдаудан өт­кізілуі керек. Екіншіден, бұл оқу­лықтарды білім беру үде­рі­сіне тиімді түрде енгізу – ма­ңыз­ды міндеттердің бірі. Осы оқу­лық­тар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжі­рибеде қолданылатын барлық тер­миндерді жүйелендіріп, гума­нитарлық және экономикалық лек­сиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Президент уәкілетті мемлекеттік орган мен Қазақстан Үкіметі тарапы­нан жоба­ның сапалы жүзеге асы­ры­луына тиісті бақылау жасау­ды тап­сырды. «Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамы­ған елдерде виртуалды универси­теттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қол­дау табуы керек. Ашық лекция­лар видеотекаларының және со­лар­дың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қа­да­ғалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жа­ңа оқулық» жобасы ғылыми ау­дар­ма мектептерін дамыту ісін­де маңызды рөл атқарады. Сон­дықтан аударма саласын­да тәжірибенің, білімнің және кә­сі­би дағдының жүйелі да­­­муын қамтамасыз ету керек», де­ді Мем­лекет басшысы.

Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»