Маңғыстау жыраулық дәстүрінің көрнекті өкілі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің Қорқыт атындағы ғылыми зерттеу институты қазақ ақындық, жыраулық, шешендік өнер зертханасының жетекшісі, ұстаз, профессор, Мәдениет қайраткері Амандық Көмекұлымен өзінің шығармашылық жолы, жыршы-жыраулық өнердің өткені мен бүгіні һәм келешегі туралы әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Қадірлі, Амандық аға! Кеудесі жырдың көмбесіне айналып, айнала жұртты аузына қаратып, таңнан таңға жырлайтын жыршының туған ортасы, көрген өнегесі қандай болуы керек?
– Мен Түрікменстанда туған қазақпын. Түрікменстанның бір жағы Ашхабадқа дейін, енді бір жағы Шағадамға дейін созылып, бір бүйірі айналып келіп Маңғыстауға ұласатын Шаржау облысында кең ауқымды аумақты алып жатқан Қарақұм деген жер бар. Мен сол жерде дүниеге келіппін. Ал бабаларымның жұрты Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Жыңғылды деген жері екен. Кешегі небір ақын, жырынды жыршы, айтулы шешен, ардақты ахұн, ишандарды елден бездірген аумалы-төкпелі аласапыран заманда Хиуадан ілім іздеп барған біздің әкеміз кіндік жұртына жете алмай, қиыс тартып сол Қарақұмда қоныс теуіп қалған ғой. Міне, жалаңаяқ, жалаңбас балалығым сонда өтті. Ол жақтағы елдің кәсібі мал шаруашылығы. Құм жайлаған жұрт құдық жағалап қоныстанады. Сексеуіл, тораңғылы жерлерде кейде сәл кермек сулар кездесіп қалады демесең ақдүзген, нарселеулі қызыл құмның етегінен қазса балдай тәтті тұщы су шығатын еді. Сөйтіп бір құдықтың маңында 5-6 үйден топтасып отырады. Алданыш, ермегіміз – радио. Оған да бәрінің қолы жете бермейтін. Сәске шай, бесін шайға жиналғанда жаңадан радио алған біздің ауылдың бір кемпірі «бүгін біздің үйде Харифолла алты ән айтты (Ғарифолланы Харифолла дейтін)» дегенде, тағы бір апамыз «үйбай-ау, оның несін айтасың, біздің үйде Харифолла 12 ән салғанын айтып мақтанбағанда да жарылып кетпей отырмыз ғой» деген екен. Сол Маңғыстаудың мақам-сазындағы Ғарекеңнің әндері бойыма өз-өзінен құлай берді. Мектеп бітіргенше сізге өтірік, маған шын Ғалифолла Құрманғалиев орындайтын әндердің 70-80-ін айттым. Онда мына «Шалқар» радиосы 5 минут хабар, 25 минут ән-күй, жыр-термелерді беріп отыратын. Мен сол құмда жүріп: «Балыққа таяз судан терең оңай, Ақынға қара сөзден өлең оңай, Шешендер сөйлегенде жанды ерітіп, Көңіліңнің құсын ұстап береді оңай» деп айтылатын өлеңнен бастап Кенен атамыздың көптеген әндерін жаттап алдым. Кейін магнитофон шығып, ән таспалары сатыла бастады. Кітаптар келді. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» сынды эпос, дастандар кітап болып келді. Бұрын тек тыңдап жүрген жырлар қолымызға тиіп қорымыз молая берді.
– Жыр айта бастадыңыз...
– Менің әуелде жыршы бола қояйын деген ойым жоқ еді, әнді домбырамен қатырып айтамын «әнші бала» атана бастадым. Әкем «дауысың жақсы» деп батырлар жырын оқытады. Өзім де жақсы көремін, барған сайын ішіне еніп, жаттап алатын болдым. «Алпамыс батыр» жырын түгелге жуық жатқа білдім. Кейде өзімнің де кеудемді өлең кернеп, шумақтар тізбегі төгіліп түсетін болды. Оның үстіне біздің ауылда той-томалақ өте қызықты өтетін. Баяғы салт-дәстүрдің саф қалпы ғой. Қыз ұзату, неке оқу, неке кезінде балалардың куәлікке жүріп «куәдүрміз, куәдүрміз, куәлікке жүрәдірміз» деп басталатын өлеңдері, сол түнгі «құдаласу» ойындары – бәрі өлең-жырға, тапқырлық, шешендікке құрылатын. Өзім де өлең жаза бастадым. Ал енді келін келер ауылға бір күн бұрын жетіп жайғасып алған жыршылар кеште отырып жырлағаннан таң намазы кезінде бір-ақ орындарынан тұратын. Содан күн арқан бойы көтерілгенше сәл мызғып алып, қайта жырлайды. Солай ұзағынан жырламаса, бір-екі қайырым терме-толғауларды Сүгір секілді небір дүлдүлдердің жырына сусындап үйренген біздің ауылдың шалдары амандасудай көреді. Сондықтан еріксіз ұзақ толғау жырларға ұмтыла бастайсың.
– Атақты Сүгір жырау сіздің ауылда болды ма?
– Иә, біздің үйге де келген екен.
– Міне, қызық...
– Жоқшылық кезі ғой, бір күні бір ақсақал, қасында Сүгір жырау бар ауылда құс фермасын қарайтын Молдабай деген шалдың үйіне барып әй, Молдабай, аузымызға ет тимегелі айға жақындады, құс-құбырт болса да таңдайымыз сорпаның дәмін алсын, андағы тауығыңнан сой, деген екен. Сонда Молдабай ұялып, ойбай-ау, сіздерге тауық не болады, мына құмда (біздің ауылда ешкіні қой, сиырға қосылмайтын майда, ұсақ мал деп есептегендіктен оны «жандық» деп атайтын) қоралы жандығы бар Көмек деген бізге күйеу болып келетін жігіт бар, сол үйге барып, лақ болса да жандық жейік, деген екен. Жолдан тағы бір шал қосылып, үшеулеп біздің үйге қарай келе жатқанда әкем жаманат хабар әкеле жатқан жоқ па екен деп қорқып кетіпті. Сонда Молдабай алыстан айғайлап әй, Көмек, қорықпа. Сүгір жырлағалы келе жатыр, біз сол жырауға сойған жандығыңнан ауыз тиіп, жыр тыңдағалы келе жатырмыз, депті. Жырау келгенге қуанып әкем «серкеш емес серке соям» деп, айнала көршіні жинап, Сүгірді таң атқанша жырлатқан екен. Сонда қара кештен таңға дейін жырлағанда Сүгір жыраудан аққан тер отырған көрпешесін киіз үйдің жұртындай дөп-дөңгелек қылып шылқытып тастаған екен. Бұл енді мен дүниеге келерден он жылдай ілгері болған оқиға. Сүгір жырау кейін «атақонысыма жақындай түсейін» деп Қарақалпақстан мен Түрікменстанның шекарасына жақын жердегі Тақиятас деген жерде бірталай жыл тұрақтаған екен. Сондықтан да көбіне Хорезм аймағының жырауы болып айтылып жатады.
– Ауылдарыңызда қазақ мектебі болды ма?
– Біз тұрған жерде қазақ мектебі жоқ еді, түрікмен мектебіне бардым. Сондықтан қазір түрікменнің тілін толық түсінемін. Жырын да өз жыршыларынан кем салмаймын деп ойлаймын. Сегізінші сыныпқа дейін сондағы жабық мектеп-интернатында оқыдым да, кейін «қайтсем де Қазақстанға кетемін» деген арманмен, Ташауыз облысының Тақта ауданы Ызмықшир деген ауылында тұратын нағашыларымның қолына барып, сондағы №49 қазақ орта мектебінде оқыдым. Оқулық осы Қазақстаннан барады екен. Онда «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттері, «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын», «Жұлдыз», «Ара» журналдары бәрі болды. Қапысыз сусындадым. Сөйтіп бір жағы оқуға дайындалып жүріп 1974 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түстім. Алып-ұшып келгенмен, үйдің кенжесі болып аттың жақсысын мініп, киімнің жаңасын киіп, тамақтың дәмдісін жеп ерке өсіп, ептеп елдің көтермесіне де көңіл марқайтып қалған басым құлази бастады. Оның үстіне мамандық басқа, аңсар, арман басқа, әмбе үйреніспеген жат орта сені, сен оны жатырқап дегендей біраз қиналдым. «Алатау» деген ансамбль бар екен, сонда ән айтып тұрамын арасында. Сондай арт жақта қалған ауылды қатты сағынған бір кездері Сүгір жыраудың қартайған шағында атының басын атақоныс Маңғыстауға бұрып тұрып елмен қоштасатын ұзақ жыры көмекейіме келіп кептелді де тұрды. Басында ел мен жердің қадір-қасиетін толғап, әбден жырлап келіп:
«Адайда Абыл, Нұрым, қарт Қашаған, Кешегі Сәттіғұлдай болмасам да, Елу жыл мерекеңді амалдадым. Аударып атақоныс туған жерге, Балаларға кәрілік жағын хабарладым. Арғымақ, аршын жүйрік болсам-дағы, Бүгінде бәсім кеміп шабандадым» деп кете беретін ұзақ жыр. Күні-түні осы жырдың әуресіне түстім. Әбден сіміріп айттым. Ақтан, Абыл, Елбайларды айттым. Сөйтіп жүріп бір күні сол Сүгір атамыздың соқпағымен баяғы бабақоныс Маңғыстауға бір-ақ тарттым.
– Сіз барған тұста Маңғыстауда жыршылық өнердің жағдайы қалай екен?
– Шынын айтайын, ол кезде жыршылықты қойып «жыр» деген сөздің өзін жоқ қылып жіберуге барын салған отаршыл жұрт алдыңғы жүлгені үзуге шақ қалған. Қазір «Сүгір жыраудың термесі» деп айтылып жүрген мақамды сонда әкелдім. Ол Омар деген жыраудың саз-мақамы еді, Сүгірдің сөзінің орнына Елбайдың сөздерін салып айтып жүргем. Кейін эстрадамен айтылған Елбайдың сөзі «Сүгір жыраудың термесі» деген атпен танылып, әлемнің бірталай елінен бас жүлде алып қайтты. Ал «жыршы-жырау» деген сөз «ұлтшыл» деген ұғымды білдіретіндей көргендіктен, 1970 жылдардан бастап аузы дуалы аға буын жырды жойып алмау мақсатында «термеші» деген терминді пайдалануға мәжбүр болды. «Терме» деген арнау, қисса, дастан, жоқтау сияқты жырдың бір саласы ғана. 1917-1977 жылдар аралығында домбыраға қосып өлең айтатындарды әнші немесе ақын деп атау белең алды. Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, Мәди, Әсет, Сауытбек, Мұхит, Қайып сияқты т.б. «әншілер» әннің сөзін де, өзін де өзі шығарып өзі орындаған өнерпаз, яғни ақын, сазгер әрі әнші. Ал осындай жан-жақты тұлғаларымыздың бірер толғау, қисса-дастан білмеуі мүмкін емес қой! Міне, осыдан кейін жалпы Қазақстанда «термеші» деген сөз «жыршы-жыраудың» орнына шықты да жыршылық дәстүр тұралап қалды. Дей тұрғанмен басты мақсатымыз ұлт мұрасы болып табылатын жыршы-жыраулық дәстүрді ұрпаққа ұлағат ретінде сақтап қалу мен қайта өрлету болғандықтан, бұл тұрғыда бір жағын Хиуа хандығы мен Бұқара әмірлігіне артып, Аралды айнала қонған Сыр өңірі мен Қарақалпақ (Бесқала) аумағы, Каспийді жағалай жайлаған Маңғыстау аймағында ғана жыраулар жылғасы – жыршылық дәстүр сақталып, жалғасын табуда.
Ақын, жырау, хан кеңесшісі, батыр, қолбасшы – Бұхар жырау мен Қожаберген жыраулардың өмір сүрген өңірі, сүйегі жатқан сүбелі топырағы – Арқа аймағын айтпағанда, Махамбет, Шернияз, Шыман, Өтеген, Сартай, Мұрат, Мұхит, Нұрпейіс, Абай, Шәкәрімнің туып-өскен жерлерінде де жыршы-жыраулық дәстүр мүлдем жоқтың қасы.
Сүйінбай, Майкөт, Бақтыбай, Құлмамбет, Бөлтірік, Ескелді ғана емес, сол сияқты Дәурен сал, Тілеміс, Қылышбай, Бармақ, Қарқабат, Сауытбек, Мәуілімбай, Жамбыл, Кенендер өткен Жетісу өңірінде кеше ғана дүниеден өткен Аяз Бетпаев, сондай-ақ Ақан Әбдуәлі, Ерболат Шалдыбеков сияқты әнші-термешілер болмаса, толымды дастан білетін кәнігі жыршы-жырау жоқ дерлік. Менің білуімше, тек қана өз бетінше жаттап, өзінше жырлап, Абылайхан, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы және өзге де жыр-дастандарды ондаған сағат айта алатын Әбіш Әділбеков дер едім.
Ал жырау, профессор Алмас Алматовтың аянбай атсалысуының арқасында 1998 жылы 0621 «Дәстүрлі өнер» жыр мамандығының мемлекеттік оқу стандарты бекітіліп, жоғары оқу орыны классификаторына енгізілді. Қазақ ұлттық консерваториясынан бастау алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жалғасын тауып, бүгінгі таңда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытылып келе жатқан бұл мамандықты бітірген жүздеген жүйріктер мемлекетіміздің түрлі өңірінде осы салада еңбек етіп, ғылыммен де айналысып жатыр.
– Термеші демекші, біраз ұғымдар ауысып та кеткен секілді. Кейде бір бесінші сыныптың шынашақтай баласын «жырау» деп сахнаға шығаратын жайттарды көретін болдық...
– Дұрыс айтасың. Бұл жөнінде ғұлама ғалым, жазушы, ақын Қабиболла Сыдықовтың мына бір анықтамалы сөзі өзіме қатты ұнайды. «Байтақ дала төсінде көші-қонды күндер кешкен қазақ халқы жан сезімін жырмен ағытқан. Тебіренсе телегей теңіздей бұрқап, ақ жаңбырдай ақтарылған ақын, жыраулар елін елдікке, ерлікке үндеген. Халқының қайғысына қабырғасы қайысатын болса, қуанышына жүрекжарды жыр төккен. Шын мәніндегі бұқара жыршылары халықтың асыл арманы мен терең ойын бейнелеп, адамгершілікті ту еткен» дейді. Міне, жыршы-жыраулықтың бүкіл қасиеті осы сөздерге сыйып тұрғандай. Бұлай халқының қамын ойлап, отаншылдығын оятып, ұлағатты ынтымағы мен ар-ұятын сақтауды санасына сіңіруші – сал-серілер мен жыршы-жыраулар болғандықтан, өзгеге тәуелді, ұлтсыздандыру бағытындағы саясатқа сай келмей, бұлардың салқыны тиетіндігі бесенеден белгілі еді. Бұдан олардың міндетін де көресің.
Ендеше жыршы-жырау дегеніміз, өте білімді, парасатты, абыз, ақыл иесі, тыңдаушысын ұйыта білетін, сөзін өзгеге өткізе алатын психолог, философ, тарихшы, шежіреші, шешен. Айтар сөзін өлеңмен өрнектей отырып, аспапқа қосып, сазға салып, құлаққа құятын өнер иесі. Бұған мысал Маңғыстаудың «жеті қайқысының» бірі Өскінбай Қалмамбетұлы болса, Маңғыстаудың соңғы жыраулары Шамғұл Ыбырайымұлы мен Сүгір Бегендікұлы. Жетісудағы Кенен Әзірбаевты да өз басым жырау деп білем. Қазір жыршы бірнеше күйді меңгеріп, әнді де әдемілеп айта алса деген ой мазалайды. Егер жазу-сызудың кенже қалуын дәлел етсек, бір ғана Маңғыстаудан шыққан ұзын саны жиырманың үстіндегі «тақтақтардың (ақындардың)» қай-қайсысы да мұсылманша сауатты болған, кей кездерде шалғайдағы әріптестеріне араб харіпімен өлең жолдап, айтысқа шақырғанын жұрт жақсы біледі.
– Өзіңіз түрікменше де жыр айтамын дедіңіз, олар өздерінің жырын қазақ жыршысының жырлағанын қалай қабылдады?
– Өз басым түрікменше де, татарша да, өзбекше де, қырғызша да, қарақалпақша да ән-жыр айтамын. Сұрағыңа орай түрікменше жыр айтқан бір жағдайды айтып берейін. Қайбір жылы Президент Түрікменстанға баратын болып, өнер адамдарының қатарына бізді қосыпты. Олардың тәртібі қатаң ғой өзі, Құдай сақтасын, отыз адам шекарадан бір күнде әрең өтіп болдық. Жаға-жеңімізді жазып тұрып тексерді десем асырғаным емес, әбден шаршатты. Содан екі ара өнер концерті болып, сахнаға шықтым. Алдымен қазақша бір жыр айтып болғаннан кейін түрікменше сөйлеп бастадым. «Мен кіндік қаным тамған Түрікменнен кеткеніме қырық жыл болыпты. Мен сонда да түрікмен тілін ұмытпадым. Мен енді түрікменше ән-жыр айтып берейін» дедім де, қасымда тұрған түрікменнің шөгермесін (3-4 айлық қозының терісінен тігілетін бас киімді солай айтады) басыма кие салып Мақтымқұлының бір жырын айтып едім, 600 адамдық зал түрегеліп тұрып қол соқты. «Тағы да» деп қолқалады. Осы сәтте мен тағы да кіріспе сөз қосып, біздің туысқан ел екенімізді, бұл елге таза ниетпен қонаққа келгенімізді, алайда шекарада сонша тексергенін айттым да, түрікменнің «Төрт өрім шашты» дейтін тағы бір әнін салдым. Көрермен қатты ризашылық білдірді. Содан не керек қатты қошеметтеді. Енді қайтуға бет алып шекараға келсек алдымыздан кеденнің басшысы өзі шығып тұр. Қасына бір офицер ме, біреу жетіп келіп «бұларды тексермейміз бе?» дегендей ыңғай жасап еді, зекіп жіберді. Бұларды өзгерткен кешегі концерттегі жағдай екен. Бүкіл қауіпсіздік қызметінің адамдары сол жерде, телеарналары түсіріп тұрған ғой. «Аман аға ғой бұл, теледидар көрмедің бе, түрікменше жыр айтқан Аман аға! Бұл кісілер – қонақ, біреуінің затын тексеруші болмаңдар, Бұлар арқалай алғанынша алтын алып кетсе де тимеңдер, одан Түрікменстан жұтап қалмайды», дегені. Сөйтіп өзі дастарқан жайып, күтіп шығарып салды. Мінеки, желісін үзбей сақтаған жұрттың жырға деген құрметі. Біз үзілген жырдың жүлгесін жалғап, халықпен қауыштыру керекпіз.
– Ол үшін не істеу керек?
– Бұл жағында істелетін шаруа шаш-етектен. Қысқа әңгіменің күрмеуіне келмейді. Тым болмағанда Астанадағы Баянғали Әлімжановты, Павлодардан Жәнібек сал Мәліковті, Оралдан Қатимолла Бердіғалиевті, Атыраудан Қайрат Кәкімовті шақырып шеберлік сыныбын өткіздіріп, олардың жыр терме мақам-саздарын жазып алып, оқу құралына айналдыруға тиіспіз. Осылайша әр аймақтың өз әуен ерекшелігін сақтай отырып, студентке жыл сайын бір толғау немесе дастан жаттатуға мүмкіндік мол. Олардан Гомер немесе алты ай жырлайтын Мұрын жырау жасау міндетті емес. Тек жырды қазақтың қазынасы, ұлттық қанды қоюлатып, патриоттық сезімді оятатын құрал ретінде сақтап қалумен қатар әлемдік өнер аренасында осындай құндылығымыз бар екендігін көрсету. Репертуары 4-5 сағаттан кем болмайтын, музыкалық сауатты, дәстүрлі өнерді дәріптеуші маман – өнерпаз дайындау үлкен жетістік. Сол мақсатта Мырзатай көкеміздің емеурінімен және Сырдың даңғайыр жырауы Алмас Алматовтың қоймай қолқалауымен Астанаға келген жайымыз бар. Алла жолындағы адалдық пен адамдықты ту қылып, елінің елдігі мен ерлігін жырлайтын аймақтың ақын-жыраулары 1935-1985 жылдар аралығында қазаққа ортақ қасиетті саxнадан аласталып қалған болатын. Менің мақсатым да алты алашқа қазақ қазынасының бір бөлшегі ретінде Маңғыстау жыршылық дәстүрін желісін үзбей жеткізу еді.
– Сіз қанша уақыт жырлайсыз?
– Нақты айта алмаймын, десе де бүгін кеште бастасақ, ертең осы уақыттан өте барып, тағы не бар деп ойлануға болатын шығар...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»