Азаттықтың алтын күрек желінің ескеніне 30 жылға жуықтаса да Шығыс Қазақстанда ономастика мәселесі әлі де күрделі қалпында қалып отыр. Әсіресе Зырян, Глубокое, Шемонаиха, Бородулиха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларында отаршылдықтың иісі аңқыған атаулардан көз сүрінеді.
Десек те тасбақа ілбіңмен болса да көшелердің атын ауыстыру, елді мекендердің бұрынғы, тарихи атауларын қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын да жоққа шығаруға болмас. Жақында Өскеменде өткен облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Роза Төлемісова жұрт көңілін қуантқан жағымды жаңалықты жеткізді. Оның айтуынша, жуықта Өскемендегі 21 көшеге қазақша атаулар беріледі. Мәселен, шаһардағы Мельзавод тұрғын үйі маңындағы №1 көше – Ақтоған, Меновное ауылына айналма автокөлік жолы маңындағы №1 көше – Керуен, №2 көше – Шұғыла, №3 көше – Саялы, №4 көше – Ақниет, №5 көше – Ынтымақ, №6 көше – Көкжиек, Высоковольтная 57 көшесі маңындағы №1 көше – Орманды, №2 көше – Шиелі, №3 көше – Шуақты, №4 көше – Керемет, №5 көше – Рауан, №6 көше – Ақбұлақ, А.Күленов атындағы 16 тұрғын аудандағы №1 көше – Жоталы, Бастау көшесі маңындағы №1 көше – Қайнар, 19 және 20 тұрғын аудандар арасындағы №1 даңғыл – Бейбітшілік даңғылы, 23 тұрғын аудандағы №1 көше – Бостандық, Ахмер ауылындағы №1 көше – Жаңажол, №2 көше – Күнбатыс, №3 көше Өрнек деген атауларға ие болмақ. Ал облыс орталығының 19 тұрғын ауданындағы Карл Маркс даңғылы Қазыбек би даңғылы болып қайта аталмақ. «Өскемен қаласының әкімдігіне даңғылға Қазыбек бидің есімін беру туралы ұсыныс облыстық соттың төрағасынан, қалалық ардагерлер және ақсақалдар кеңестерінен түскен болатын. Даңғылдың бойында орналасқан 41 көп қабатты тұрғын үйде бес мыңға жуық халық тұрады. Аталған аумақта тұратын тұрғындар да бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Қалалық мәслихат депутаттары тарапынан да бірауыздан қолдау тапты», – дейді Р.Төлемісова.
Сонымен қатар қоғамдық кеңес отырысында Бородулиха ауданының екі, Ұлан ауданының бір ауылының атаулары ауыстырылатыны жайында да айтылды. Бородулихадағы Пролетарка ауылына Ақши, Вознесеновка ауылына Қызылтай, ал Ұлан ауданындағы ел аузында «17 шақырым» аталып келген ауылға Сарыөзек сынды тарихи атаулары қайта берілмек.
Ертеректе Белағаш аталған Бородулиха ауданы жайында сөз қозғалған соң атауы ауыстырылатын екі ауылдың бүгінгі жағдайы қандай деген оймен аудан әкімінің сайтына көз жүгірткен едік. Байқағанымыз, Бородулиха ауданында 18 ауылдық округ бар болса, соның 13-нің атауы орысша екен. Степной ауылдық округіне қарайтын Вознесеновка ауылында бүгінде 43 адам қалыпты. Ал Жаңашүлбі ауылдық округіне қарайтын Пролетарка ауылында 161 адам тұратын көрінеді. Ойлап қараңыз, сонда ауылдың тарихи атауы болары болып, бояуы сіңіп, елді мекен құрудың аз-ақ алдында қалғанда берілмек. Бұдан пайда қанша? «Жылдан- жылға халық саны азайып, құрып бара жатқан ауылдарға атау бергеннен гөрі, жоғарыда аталған 13 ауылдық округтің атын неге өзгертпеске?» деп ойлайсың. Аудандағы адамдар бұл туралы не ойлайды екен?!
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы