Шидей қарындаштан «шедевр» шығару – тек шынайы суретшінің ғана қолынан келетін шеберлік. Ал кірпідей қадалатын карикатура жанры кім көрінгеннің илей салатын көнтерісі емес. Машақаты мол машық. Шынтуайты сол, шала ұйқы шабыттандырады.
Түніңді түгел арнамай «түбін түсіре» алмайсың. Жақсы дүние шыққанша, жаныңды жай таптыртпайтын жайсыздау бір жанр. Бәлкім, содан да шығар-ау, сүйегі асыл сурет өнеріне жүрегі даулап, жең түретіндердің қатары тым сирек. Ұшты қалам ұстаған үркердің шоғырындай ғана қазақ баласының алдыңғы легінде алты құрлыққа аты кеткен белгілі суретші, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Айдарбек Ғазизұлы ағамыздың жүретіндей жөні бар...
Кенжелеп қалды деп жүрген карикатура әлеміне Айдекең күні кеше келген жоқ. Яки, жалына жолшыбай жармасқан жан емес. Әуестігі әуелден бар-тын. Бояу біткенге бала күнінен бауыр басыпты. Жасы сәл-пәл өтіңкіреп кеткеніне ұялатын ұяң ұл «Пионерге» інісінің атынан сурет салып тұрыпты десе, сенер ме едіңіз? Әскерде жүріп-ақ «Боевой листокты» бірінен соң бірін бұрқыратыпты. Борышы біткен соң, ел қатарлы еңбекке араласты. Қай салаға барса да қаламы мен қағазын қолтықтай жүретін. Бір қызығы, жұрт ұйықтап жатқанда, Айдекеңнің «екінші тынысы» ашылатын...
Осы саланы оқып аламын деп жыл сайын оқталғанымен «оңайшылықпен» ол да орындала қоймады. Ал жолы болмағанға жаси қоятын Айдекең бе? Қайта оны қайраттандыра түсті. Өнерің өрлеу үшін өзіңді де жан-жақты өсіруің керек қой. Ағамыз талмай ізденетіндердің қатарынан табылды. Қай тақырыпта әңгіме қозғалмасын Ғазизұлының ғибратты айтары бар еді. Өйткені ол білетіні бар, көргені көп кішіпейіл де иманды жан.
Қиялдағыны қиыстырып құрау қай кезде де қиынның қиыны емес пе еді? Осы жолда ол Игорь Смирнов, Николай Казанцев сынды нағыз мықтыларға еліктеді. Ал Николай Аштеманды өмірлік ұстазым деп әліге дейін үлгі тұтып келеді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, ол кісінің салған суреттері өте мазмұнды әрі ұғынықты шығатын. Бесікте жатқан баласына дейін Бидструпты қарайтын бұл шаңырақ, расымен де өнер қонған әулет еді.
Алла өзі талант бермесе, адамды таңғалдыра алмайтының ақиқат қой. Әрбір дүниесін көрген жанның көзі тоятындай көркем етіп жеткізуге күш салды. Аңғарғанға, ар жағында қылтиып астарлы ой жататын. Кез келген кескіннің композициялық берілуіне көбірек назар аударды. Шығармаларына шендестіру әдісін де шебер пайдалана білді. Бояуын барынша қанық жеткізді, ойын мейлінше анық айта алды. Қай қырынан қарасаң да иі қанған идея менмұндалап тұратын.
Ал шындығында ол жанына жақын бояу іздеп жүрді. Ұлттық реңк табуға ұмтылды. Жалғыз бояумен бүтіндей бір ұлттың болмысын беру анау-мынау адамның қолынан келе бермейтін тәуекел-тұғын. Ақырында алуан кейіпке еніп, мың құбылып, сан түрленетін түсті де тапты. Ол – қоңыр дауысты, қоңырлау мінезді, қоңырқай көзді қазақтың болмысын бере алатын бояудың нағыз өзі еді. Бірде екеуара әңгімеде «Менің осыған дейінгі азды-көпті дүнием негізінен мына үш тақырыпты қамтыпты. Әдепкі кезде тұрмыстық, одан соң ұлттық тақырыпқа қарай ойысып, ал кейінгі жылдары жалпы адамзат баласына ортақ құндылықтар жайлы сөз қозғап жүр екенмін» деп қалғаны бар.
Иә, ағамыздың мейлінше өндіріп жұмыс істеген жылдары баспасөз саласына бет бұрған жылдарынан бастау алады. Осы тұста петерборлық карикатурашы Виктор Богорадтың айтқан мына бір сөзін айналып өте алмайтын сияқтымыз. «Карикатурашылар үнемі БАҚ-пен бір қайықта». Иә, жаны бар сөз. Ол кісінің жаңа нөмірде жарияланған әр суреті басылымға зор бедел әкелетін. Ал басылым шындықты шұқып тұрып көрсететін шыншыл суретшіні шыңдаған үстіне шыңдай түсуші еді. Міне, жиырма үш жылдың жүзі болды ағамыз ел газеті «Егеменде» табан аудармай еңбек етіп келеді. Алла бізге осындай әлем мойындаған азаматпен иықтаса жұмыс істеудің бақытын бұйыртыпты. Дара дауысымен баураған Димаштың дүниені дүркіретіп жатқан шағында, біздің Айдекең де шет мемлекеттердің біршамасынан шытырлатып жүлде жинап жатты. Жүлдеден жүлде жауып, қанжыға қайта-қайта майланып жатқан сондай шақтарда «Басқасын қайдам, біздің өз «Димашымыз» қасымызда» деп қалжыңдайтынбыз.
Кейінгі жылдары санада сірескен стеротиптерді сырып тастап, әріге кетіп қалған әлемдік карикатураның көшіне қосылды. «Күллі әлемге көзімді ашқан карикатурашы Күлмешкенов еді» деген бір сөзінде ағамыз. «Әйтпесе Қазақстанның өз қазанында қыз-қыз қайнап жүре берер ме еді, кім білсін?!»...
Соның әсері ме екен, соңғы жылдары пәлсапалық карикатуралар парадын бастап та жіберді. Шығармашылық шеруі шартарапты шарлаған шабыт иесі бүгінге дейін 50-ден астам елдің байқауына қатысты. Жүлдесіз құр қайтқан кезі, тіпті жоқтың қасы. Соңғы алған қомақты сыйы – «2017 жылдың ең үздік карикатура суретшісі» шартараптың «сен тұр мен атайын» дейтін таңдаулы суретшілері қатысқан ең ірі байқау болатын. Әр шебер жүзге жуық туындысын жолдап, кей-кейде мың жарым мықтыға дейін бақ сынасатын бұл сайыстарда үздік жүздікке кірудің өзі үлкен жетістікке баланатын. Солардың арасынан суырылып шығып жиырма жетілікке кіру тек Айдарбек Ғазизұлының ғана қолынан келетін табандылық!
P.S. Ағамыздың жеке көрмесін асыға күтіп жүрген көпшіліктің де көңілі бір демделетін кез келер. Алла қаласа, сол сәт те алыс емес сияқты ғой. Әр түстің қадір-қасиетін арттырған алпыстың асқаралы биігі құтты болсын дей отырып, «мехнатты өнердің» мектебін ашып, балғын суретшілерді осы салаға баптап тәрбиелесеңіз, тіптен тамаша болар еді деген тілекке қосарланған базынамыз бар! Және де осыншама мол мұраны Астана төрінен карикатура музейі етіп ашып, келер ұрпақтың көзайымына айналдыра алсақ, бұдан сауапты іс бола қоймас...
Амангелді ҚИЯС,
«Егемен Қазақстан»