«Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландпен байланыстырады. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Қызғалдақ Нидерландқа кең тарап, гүл саудасында ең өтімді өнімге айналды. Қазір қызғалдақ нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін сіздің елге қарыздармыз», Нидерланд корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс осылай деп ризашылығын білдіріпті.
Иә, әлемге танымал қазақтың қызғалдағы Оңтүстікте өседі. Осы апта Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» атты республикалық қызғалдақ фестивалін ұйымдастырумен басталуы осының айғағы. Бүкіл түркі әлемінің киелі төрі, қасиетті, әулиелі орны болып табылатын Түркібасы төбесінің күншығыс жағындағы ғажайып төбе – Шұбайқызыл шоқысы деп аталады. Қазіргі Түлкібас ауданының атауын Түркібасы етіп қайта өзгерту туралы ел Үкіметіне ұсыныс хат жолданғаны жөніндегі қуанышты хабарды естіп жиынға келген жұрттың көңілі бір жадырап қалды. «Түркі және Түркеш қағанаттары тұсында Түркібасы төбесіне орда тіккен қағандар Шұбайқызыл шоқысына да көздің қарашығындай қарап, ұрпақтарға мирас, аманат етіп қалдыруды өсиеттеген. Біраз ғасыр бұрын Ақсу-Жабағылы мен Шұбайқызылдың қызғалдағын, сарғалдағын Грейг, Кауфман қызғалдағы атандырып, Нидерланд (Голландия) еліне, Еуропаға әкеткен. Шын мәнінде голланд, нидерланд қызғалдақтарының жаратылған жері, өскен төрі, шыққан төркіні – Шұбайқызыл, Ақсу-Жабағылы және Қазығұрт пен Қаратау!» – дейді Шұбайқызыл тарихын зерттеген тарихшылар.
Осы арада айта кетелік, ғасыр бойы «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп аталып келген жерге, қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілген болатын. 1977 жылдан бері бұл жер мемлекеттің қарауындағы аймақ болып саналады. Фестивальге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, мәслихат депутаттары, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, туризм саласындағы кәсіпкерлер мен туристік компаниялар, шетелдік қонақтар, қылқалам шеберлері, фотосуретшілер, ақын-жазушылар және жастар қатысты. Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Алатау мен Қаратаудың қауышқан жері – Түлкібас ауданының Ақсу-Жабағылысында және Шұбайқызыл деп аталатын теңдесі жоқ төбеде өсетінін фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы айрықша атап өтті. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған іс-шара жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысу мақсатында өткізіліп отыр. Шұбайқызыл шоқысы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда да кездеседі. Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Осындай әсем табиғатты аялап, туған жерді қадірлеу баршамыздың міндетіміз», деді облыс әкімі.
«Текті төрім – Түркібасым» деген театрландырылған – хореографиялық қойылыммен бастау алған іс-шарада «Шырайлым – Шұбайқызылым» жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Аталмыш байқау 2013-2015 жылдары өткізіліп, биыл қайта қолға алынып отыр. Бұған дейін аудандық, облыстық деңгейде өтіп келген шара ауқымы кеңейіп республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Жас қаламгерлер байқауында бас жүлдені оңтүстікқазақстандық ақын Әлімжан Әлішер иеленсе, 1-орынға астаналық Қарлығаш Хабай, 2-орынға жас жазушы Абылайхан Есімбай мен Нұртас Тұрғанбек лайықты деп танылса, 3-орынды Ұлықбек Бекұзақұлы, Арайлым Мұратәлиева, Суанатилла Сейітов сынды жас қаламгерлер иеленді.
Сондай-ақ фестиваль барысында қылқалам шеберлері және фотосуретшілердің көрмесі мен мемлекеттік табиғи парктер шеруі ел назарына ұсынылды. Шұбайқызылға «Қызғалдақ» белгісі орнатылды. Іскер әкім Нұрбол Тұрашбеков тізгін ұстаған аудандағы іс-шара осылайша жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Айта кетелік, қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі қорғауға алынып, еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Соңғы жылдары оңтүстіктің әсем табиғатын тамашалауға келетін шетелдіктердің қатары да арта түскен. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірге 270 мыңнан аса турист келген. Олар тұмса табиғаттан бөлек, тарихи, архитектуралық және археологиялық ескерткіштерге ерекше қызығушылық танытқан.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»