• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Сәуір, 2018

Ассамблеяның айшықты қадамдары

474 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 23 жылдан асып барады. Еліміз тәуелсіздік алуының елең-алаңында құрылған бұл ұйымның да жылдан-жылға қабырғасы қатайып, бұғанасы бекіп келеді. Қазір ол Қазақстанмен бірге дүние жүзіне танылған айрықша ұйым.

Әлемнің көптеген мемлекеттерінде түрлі этнос өкілдері тұрып жатыр. Олардың өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға, жаңғыртуға біраз мемлекеттер жағдай жасап, олардың мәдени-этностық ұйымдарын құрған. Мемлекет тарапынан бір реттік қолдаулар да жасалып қояды. Бірақ біздегі, Қазақстан аумағында осы күнге дейін тұрып келген барлық этностардың мәдени дамуына, тілін, салт-дәстүрін жаңғыртуына мемлекет тарапынан назар аударылуы, тұрақты көмек көрсетілуі ерекше. Осы шаралардың негізгі ұйытқысы саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы – заңды тұлға құрмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, басты міндеті мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этнос­аралық қатынастар саласындағы өзара іс-қи­мылы­ның тиімділігін арттыруға себін тигізетін маңызды құрылым болып табылады.

2018 жылдың бірінші тоқсанындағы мәлі­метке қарағанда қазір біздің елімізде, ҚХА-ның шаңырағында 29 республикалық, 75 аймақтық, сондай-ақ 530 жергілікті этно-мәдени бірлестіктер тіркелген. Осылардың ішіндегі республикалық бірлестіктерге жататын орыс, славян және казак ассоциациясы – 45, «Қазақстан украиндарының Радасы» – 11, армян­дар­дың «Наири» ассоциациясы – 14, беларус­т­ардың бірлестігі – 12,  гректердің «Филия» қоғамы – 17, корейлердің ассоциациясы барлық облыс орталықтарында, неміс­тердің «Видергебурт»  ассоциациясы – 20, чешен­дер мен ингуштардың «Вайнах» қоғамы – 16 бастауыш ұйымдардың басын қосып отыр.

Этномәдени бірлестіктердің жанынан жас­тар ұйымдары да құрылды. Бүгінгі таңда олардың саны 135-ке жетті. Қазір олар 22 мың жасты өз қатарына тартып отыр. Үстіміздегі жыл­дың 15 наурызында «Көшбасшы бол!» атты рес­публикалық жастар конференциясы болып, онда этномәдени бірлестіктердің жастар ұйым­дарының лидерлері «Жаңғыру жолы» атты қозғалыс құрды. Оның мақсаты Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға жастарды тартуды мақсат етті.

Қазір Қазақстанның барлық түкпірлерінде еліміздің біртұтастық идеяларын, этносаралық келісімді, қазақстандық патриотизмді нығайту мен таратуды мақсат еткен 39 Достық үйі жұмыс істейді. Соның біреуі республикалық, 16-сы  облыстық санатта. Осы Достық үйлерінде 139 этноағарту кешендері (жексенбілік мектептер) жұмыс істейді. ҚХА-ның мақсаттары мен жос­парларын іске асыру үшін Достық үйлері түрлі мәдени шараларды жиі өткізіп тұрады. Мәселен, 2017 жылы ондай шаралардың саны 6973 болған.

Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында­ғы тағы айрықша институт – Аналар кеңесі. Ол өсіп келе жатқан ұрпақты қазақстандық бірлік пен рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге өз­дері­­нің үлесін қосып келеді. 2015-2017 жылдары Аналар кеңесінің саны 823-тен 1714-ке дейін артты. Бұдан оның сұранысқа ие болып, қо­ға­мы­мызда беделге ие болып келе жатқанын көруге болады.

ҚХА ұйымдары этносаралық келісім мен бірлікті ғана емес, қоғамдағы жалпы әлеуметтік мәселелерге, соның ішінде ортақ істегі келісімге, міндеттердің орындалуын бақылауға, өзін-өзі басқаруды жетілдіруге және т.б. істерге де белсенді түрде араласып келеді. Осындай жұмыстармен Ассамблея құрылымдарының арасындағы Қоғамдық келісім кеңестері айналысады.  Қазір барлық облыс орталықтарынан ауылдық округтерге дейін олардың саны 2978-ге жетіп отыр.

ҚХА-ның жанынан 2009 жылдан бастап Ғылыми-сарапшылық кеңес пен Ғылыми-сарапшылық топтар да құрылған. Бұлар этносаралық қатынастар саласы бойынша қабылданатын шешімдерді сарапқа салып, олардың ғылыми негізі дұрыс бағытта болуын қадағалап отырады. Бұл кеңестер жалпы саны 48 ғалымды қатарларына тартқан, соның ішінде 31 ғылым докторы, қалғандары ғылым кандидаттары мен ғылыми-зерттеу инсти­тут­тарының басшылары. Кеңестер барлық облыс­тардың орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында құрылған. Олардың ғылыми базалары аймақтық жоғары оқу орындары.

Парламент Мәжілісінде ҚХА қатарынан сайланған 9 депутат және саяси партиялардан мүше болып енген 22 халық қалаулысынан тұра­тын депутаттық топ бар. Бүгінде бұл топтың жұмысы қызу жүріп, бірнеше заңнама­лық құжаттарға бастамашы болды.

Ассамблея қайырымдылық акцияларының да ұйытқысы болып, бірнеше шаралар жасады. Соның ішінде былтыр, «Қайырымды ел – 2017» жобасын қолға алып, отбасылық үлгідегі балалар үйін қолдау акциясын жасады. Ал «Аялы алақан» шарасында ешқайдан көмек ала алмайтын науқас жандарға қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды.

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің белсенді қызметімен әлемге таныл­ған ұйым екенін жоғарыда айттық. Ол ТМД елдерінде құрылған өзінің әріптес ұйым­дарымен тығыз ынтымақтастықтар жасауда. Ал 2017 жылы Бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісінің тұсаукесерін ҚХА БҰҰ штаб-пәтерінде жасады. Осыдан кейін және оған дейін де 36 елдің өкілдері қазақстандық тәжірибені үйренуге ықылас білдірді.

Міне, Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі айшықты қадамдары, қысқаша айт­қанда, осындай. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»