• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2010

ҚАЗЫНАЛЫ ТҮБЕК ТҮЛЕЙ ТҮСЕДІ

1582 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында депутаттар мен жұртшылық алдында есеп берді. Атқарылған жұмыс, алда тұрған асулар 1,5 сағатқа созылған байыпты баяндамада келісті көрініс тапты. – Өңір халқының жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімінің мөлшері 18 мың АҚШ долларын құрады. Бұл – ел өңіріндегі екінші көрсеткіш, ал елдегі инфляцияның ең төменгі деңгейі біздің облыста тір­келіп, 4,6 % болды. Республикада бірінші болып елді мекендерді газ­бен, сумен, электр қуатымен, теле­ха­бар және байланыспен 100% қам­тамасыз еттік, деп бастады сөзін өңір басшысы. – Тәуелсіз Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” атты Қа­зақстан халқына Жолдауының әр жолы біздің іс-қимылымызға нақты бағдарлама, алдағы он жылға жаңа міндеттер жүктейтін дәуірлік құжат, – деп жалғады сөзін Қ.Көшербаев. – 2009 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемін төмендетуге жол берілген жоқ. 1269,4 млрд. теңгенің өнімі шы­ғарылды. Есепті кезеңде 18,4 млн. тонна немесе алдыңғы жылмен са­лыстырғанда 101,3 % мұнай өнді­ріл­ді. Өңдеу саласында, тоқыма және тігін өнеркәсібінде, тағам өн­дірісінде, мәшине жасауда өсім бай­қалды. Ең бастысы – 2009 жылы алға қойылған міндеттер ойдағыдай жүзеге асты. Жаһандық дағдарыс жағдайына қарамастан, халықты жұмыспен қамту іс-шарасы қалыпты жүрді. Облыс бойынша жаңадан 26 мыңнан астам жұмыс орны құ­рыл­ды. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда үш еседен астамға артық. Сөйтіп, соның нәтижесінде тіркелген жұ­мыс­сыздық деңгейін тежеп қана қой­май, сонымен бірге өткен жыл­мен салыстырғанда 0,7% төмен­детуге қол жетті. Ол 2010 жылдың 1 қаңтарына 0,6 % құрады. Облыс басшысы келесі кезекте өңір халқының барлық топтары ал­дындағы бүкіл әлеуметтік міндетте­ме­лер орындалғанын атап өтті. Жалақы бойынша борыштар, жұ­мыс­шыларды жаппай қысқартулар болған жоқ. Облыста, оның ішінде экономиканы әртараптандыруға ба­ғытталған барлық ірі инвестициялық жобалар дағдарыс сынынан өтіп, өздерінің өміршеңдігін көрсете білді. Ақтау темір балқыту зауытының прокат цехы, “Keppel Kazakhstan” кеме жасау зауыты, мұнай және газ өнеркәсібі үшін құбырларды өңдеуге арналған “GMMOS” серіктестігі және Форт-Шевченко қаласында “Түпқараған” ЖШС-іне қарасты темір-бетон бұйымдары зауыты пайдалануға берілді. Жүзеге асыру басталған жаңа жобалар қатарына “Досмарин” серіктестігінің металл құрылғылары, пластмасса зауыты­ның базасындағы битум шығару және “Теңіз Сервис” ЖШС-інің бұрғылау ерітінділерін дайындайтын зауыттарды қосуға болады. Одан соң облыс басшысы өзінің 2009 жылға арналған іс-қимыл жос­парындағы негізгі екі мақсатты, яғни, бірінші – қоғамның әлеу­меттік орнықтылығы мен жұмыспен қамту стратегиясын іске асыруды, екінші – ғаламдық дағдарыстың өңір экономикасына кері ықпалы жағдайында экономиканы одан әрі жаңғыртуды белгілегенін айтып, солардың қалай жүзеге асқандығына тоқталды. Осы мақсатта облыстық бюджеттің құрылымында 1 млрд. теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. Ол несиелеу жүйесі арқы­лы кәсіпкерлікті қолдауға, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына көмек беруге, азық-түлік қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз етуге және үлес­кер­лердің проблемаларын оң шешуге бағытталды. Өткен жылы жұмыс орын­дарын сақтап қана қоймай, жаңадан жұмыс орындары ашылды. Оған “Жол картасы” бағдарламасы арқылы мүмкіндік туды. Нәти­же­сін­де 10 мыңнан астам адам жұмысқа қосылып, 32 мектеп пен аурухана, 10-нан астам әлеуметтік нысан, ондаған шақырым жолдар жөнделді. Мемлекет есебінен 5 мыңға тарта адам екінші кәсіби мамандыққа ие болды. Жастар практикасы аясында жоғары оқу орындары мен колледж­дер­дің 900-ге тарта бітірушілерінің бастапқы жұмыс тәжірибесін алып, олардың әрбір төртіншісінің жұ­мысқа орналасқаны құптарлық болды. Өткен жылы ішкі еңбек нарығын қорғау үшін компаниялар саны 25%-ға көбейгенімен, шетелдік жұмыс күшін әкелуге квота алдыңғы жылғыдан екі есе азайтылды. Соның нәтижесінде шетелдік компаниялар жергілікті азаматтар үшін 4600 жұ­мыс орнын ашты, 9600 жұмысшы қайта даярлықтан өтіп, біліктілігін арттырды және де 595 шетелдік маман отандық мамандармен алмас­ты­рылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 1,2 млрд. теңге 30 мыңнан астам адамға берілді. 2009 жылы өзіндік өндіріс өні­мі­нің үлесін ұлғайту мақсатында бір­қа­тар шаралар қабылданды. Көк­өніс-бақшалық егіс алқабы 2,5 есеге ұл­ғайды. Тамшылатып суарудың жаңа технологиясын енгізу алдыңғы жылғыдан 3 есе өсті. Өткен жылы облыста тұңғыш рет ірі өңдеу өн­дірісі – Бейнеу астық терминалы­ның құрылысы басталды. Оның құрылысы осы жылдың алғашқы жарты жылдығында аяқталады. Сол кезде бүкіл батыс өңірі ұнмен толық қам­тамасыз етіліп, ұн мен ұн өнім­дерінің бағасы арзандайтын болады. Осы жерде мұнайлы өлкеде асыл тұқымды мал шаруашылығын да­мы­ту арқылы өзіндік ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өндіру көлемін ұл­ғайту қолға алынуда екендігін айт­қан ләзім. Соның нәтижесінде ет, сүт өнімдерін сатып өткізу 7%-ға ұлғайған. Азық-түлік қауіпсіздігі мә­селесінде “Берекет” маманданды­рыл­ған кәсіпорнына ерекше мән беріліп отыр. Мемлекеттік бұл кә­сіп­орын азық-түлік қорын жасақ­тау­мен қатар, оны нарықтық бағадан 30%-ға арзан сатуға мүмкіндік бер­ген. Ол тауарлар облыстың бар­лық аудан, қалаларында 65 сату нүктесі арқылы өткізілуде. Осы ретте тұр­ғындар тағы бір қолайлы жағдай, яғни кешенді шаралар алу нәти­же­сінде облыс бойынша тұтыну баға­сының индексі 2009 жылы еліміз өңірлері арасында ең төменгісі болып қалыптасқанын айтуға болады. Атап айтқанда, “МАЭК-Қазатомөнеркәсіп” ЖШС-мен келісілген тарифтік саясат бойынша үш жылдан бері коммуналдық қыз­метке тарифтер көтерілген жоқ. Және де ол саясат сақталып отыр. Экономикалық дағдарыс кезінде шағын және орта бизнеске ерекше мән берілді. Соған орай осы сала­дағы көрсеткіштердің қарқыны эко­номиканы дамыта түсудің бір тиімді тетігі екендігін көрсетті. Сөйтіп, шағын кәсіпкерлікте шаруашылық жүргізуші субъектілердің саны ал­дың­ғы жылғыдан 11%-ға өсті. Олар­да жұмысқа тартылғандар саны 72 мың адамды құрады. Бұл 2008 жылғы көрсеткіштен 20%-ға көп. Ша­ғын кәсіпкерлікте жұмыс жа­сай­тын­дардың халықтың жалпы са­нын­дағы үлесі 2009 жылы 34%-ға жетті. Соған орай облыстың шағын не­сие­леу ұйымдары өткен жылы 1,5 млрд. теңгеге 1230 шағын несие берді. Соның нәтижесінде жаңадан 2500 жұмыс орны ашылды. Өткен жылы ауыл тұрғындары берілген шағын несиелеудің 85% -ына ие болуының арқасында шамамен 2000-ға жуық адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туған. Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымның дамуына тоқталған облыс басшысы сөз ба­сын­да айтқанымыздай, 2010 жыл­дың басында облыстың барлық елді мекендерін газбен, сумен, электр қуа­тымен, байланыспен және теле­хабарлармен толықтай қамтамасыз ету 2,5 жылда жүзеге асып, оған қы­ру­ар қаржы, біраз күш-жігер жұм­салғандығын жеткізді. Және де осы жерде әкімдік міндеті инфра­құры­лымды әр ауылға, ауданға, қалаға жет­кізу ең мұқтаж адамдарға заңға сәйкес көмек көрсету екендігін атап көрсетті. Ауылдық аймақтарды дамыту мониторингі бойынша Маң­ғыстау облысы екінші жыл қатары­нан ауылдық жердегі тұрғындардың оң сальдосы байқалған бірден-бір аймақ болып табылады. 2009 жыл­дың қорытындысына сүйенсек, бала туудың деңгейі мен халық санының өсу қарқыны жағынан облыс Аста­надан кейінгі екінші орында екен. Жолдар – тіршіліктің күретамы­ры. Бұл ретте облыс аумағынан “Сол­түстік-Оңтүстік” және “ТРАСЕКА” екі халықаралық көлік дә­лізі өтіп, облыста көлік жол­дарының барлық түрінің тоғысуы өңірдің көліктік әлеуетін белсенді түрде дамытудың алғышартын жасайды. Соған байланысты өткен жылы аумақта көліктік инфрақұры­лымды дамытудың ірі-ірі жобалары қолға алынды. Ақтау халықаралық әуежайының жолаушылар терми­налы концессиялық негізде салы­нып, пайдалануға берілді. Ұшып-қону жолағы осы жылы қайта құрылымдалып бітеді. Өткен жылғы қыркүйекте “Өзен-Түркі­мен­стан шекарасы” темір жол құры­лысы басталды. Елбасы қолдауымен өңіріміз үшін стратегиялық маңызы бар Атырау-Ақтау автомобиль жолының Бейнеу-Ақтау учаскесін қайта құрылымдау мәселесі тиісті дәрежеде өз шешімін тапты. Оған қа­жетті қаржы Үкіметтен және Азия Даму банкінен қарыз түрінде тар­тылмақшы. Жезқазған-Бейнеу темір жолын салу жобасы бойынша, оны концессиялық негізде іске асыру тура­лы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік орталығының оң сарап­тамалық қорытындысы алынды. Теңіз жолдарына келсек, Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытқа кеңейту аясында алғашқы объектілердің құрылысы аяқталды. Теңіз және мұнай опера­цияларын қолдау базасы ретінде Баутино және Сарытас теңіз порт­та­ры дамытылу үстінде. Ералиев-Құ­рық теміржол құрылысын салудың бастауы ресми ашылды. Облыс аумағында Форт-Шевченко-Тау­шық, Қызылсай-Шопан Ата-Оғыланды” автомобиль жолдарын салу, басқа да қала, ауданаралық жолдарды жөндеу жалғасты. Бұл жұмыстарға бюджет қаражатымен қатар, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар да өз үлестерін қосып келеді. Жалпы, жолдарды дамыту қарқыны өсе түседі. Ол бірінші кезекте облыста битум зауытының салынуымен байланыстырылуда. Олай дейтініміз, зауыт шығарған өнімнің шамамен 14%-ын Маңғыс­таудағы жергілікті жолдарды да­мытуға бағыттайтын уағдаластыққа қол жетіпті. Есепті мерзімде әлеуметтік сала орнықты дамыды. Мысалы, ден­саулық сақтау жүйесіне алдыңғы жыл­ғыдан 3 млрд. теңге артық бөлі­ніп, күш-жігер сала ахуалын жақ­сартуға бағытталды. 2009 жыл “Ана мен бала денсаулығын қорғау жылы” деп жарияланды. Нәти­же­сінде осы саладағы жағдай түбегейлі өзгерді. Ана өлімі бұрнағы жылмен салыстырғанда 36%-ға төмендеді. Сәбилер шетінеуінің көбеюіне жол берілмеді. Жүрек, қан азаюымен сырқаттану көрсеткіші 38%-ға азай­ған. Облыстық аурухана қайта құ­рылымдалып, жаңа заманауи құрал­дармен жабдықталды. Кардио­хирургиялық бөлім ашылды. Бұл күндері онда жергілікті мамандар жүрекке операция жасауды қолға алды. Өткен жылы 20-дан астам маман дәрігерлер Израильдің, Австрияның, Сингапурдың, т.б. елдердің белгілі клиникаларында оқу-тәжірибеден өтіп келді. Осы және басқа да іс-шаралар сала ахуа­лын жақсарта түсуге ықпал етті. Білім саласындағы жетістіктер де атап айтуға тұрады. Облыс бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша екі жылда 13-тен 4-орынға көтерілді. Алтын белгі иелерінің саны екі есе өсті. Республика өңірлері арасын­дағы командалық есеп бойынша облыс үшінші орынға ие болды. Барлық мектептерде тұңғыш рет 1-сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ беру ұйымдастырылды. Бір жылда 13 балабақша пайда­лануға берілді. Бүгіндері 3 балабақша құрылысы жүріп жатыр. Осы жылы Үкімет тапсырмасына орай облыста­ғы балаларды балабақшамен қам­туды жыл соңына 50%-ға дейін жеткізуге міндеттіміз, іс жүзінде оны 70%-ға жеткізуге ынта-жігер де, мүмкіндік те бар, деді баяндамашы. Өткен жылы облыста 8 спорт нысаны салынып, пайдалануға бе­ріліпті. Олардың қатарында Жаңа­өзендегі спорт-сауықтыру кешені, Ақ­тауда мұз айдыны мен су бас­сейні, “Ақтау” әмбебап спорт залы, “Ақтау” сауда ойын-сауық ор­талығы бар. Шетпеде жүзу бассейні, Жетібайда бокс залы жұмыс істеп тұр. Қамқорлық пен қолдау нәтижесінде 140 спортшы спорттың алуан түрі бойынша Қазақстан құрама командаларына қабылданып, 113 спортшы ҚР спорт шебері және спорт шеберлігіне кандидат атағына ие болыпты. Облыста халықаралық, республикалық деңгейде бірнеше жарыс ойдағыдай өтті. Қырымбек Елеуұлы одан әрі өткен жылы облыстағы макро­эко­номикалық көрсеткіштер оң қарқын алып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. 270 млрд.теңге құрағанын, нақты көлем индексі –100%-дан асқанын, өңір экономикасына 293 млрд. теңге тікелей инвестиция тар­тылғанын атап көрсетті. Дағдарысқа қарамастан, индустриялық-инно­вациялық даму стратегиясының ая­сында облыста жалпы құны 1,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 12 жоба орындалуда. Тағы 10 инвести­циялық жоба сараптамадан өтіп, іске асыруға қабылданған. “Жер-Теңіз-Аспан” мега жобасы жал­ғасу­да, “Ақтау теңіз порты” арнайы эко­номикалық аймағындағы төрт жоба жүзеге асырылып жатса, сараптама кеңесі тағы 5 жобаны мақұлдапты. Қуаты 40 мың тонна металл қон­дырғылары болатын Ерсай верфінің құрылысы аяқталды. “Ақтау-Сити” қала құрылысының жобасы іске асуда. Дәлірек айтқанда, оның бірін­ші кезеңінде екі шағын ауданның құрылысын бастау жөнінде уағда­лас­тыққа қол жетті. “Кендірлі” дем­алыс аймағының құрылысын салу бойынша бірлескен іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Каспий энергетикалық хабын құру бойынша жобаны нақты жүзеге асыру бас­талды. 2009 жылы ішкі өнімнің оң өсімі болды, инфляция мен жұмыссыздық тежелді, ірі-ірі инвестициялық жобалардың бәрі де тоқтаған жоқ, әлеуметтік саланың әлеуетіне де көңіл толады, деді Қырымбек Елеуұлы. Одан әрі облыс басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай 2010 жылғы іс-қимыл жоспары жайлы баяндады. Онда дағдарыстан кейінгі дамуға негіз қалыптастыруға, өңір экономикасын тұрақтандыру, ин­вестициялық саясатты іске асырып, экономиканы әртараптандыруға бағытталған іс-шаралар белгіленіп, тиісті адамдарға нақты тапсырмалар берілді. Облыс әкімінің есеп беру жиы­нында облыстық мәслихаттың депу­таты, “Түпқараған” серіктестігі­нің басшысы Жәңгірхан Сарбасов, Жаңаөзен политехникалық кол­леджі­нің мұғалімі Тілектес Болат­баева, Мұнайлы ауданындағы №1-орта мектеп директоры Гүлжанат Қонысбаева, “Keppel Kazakhstan” кеме жасау зауытының директоры Анил Сұлтан облыста жыл ішінде атқарылған жұмыстарға ризашы­лық­тарын білдіріп, облыс басшысының жұмысына оң баға берді. Облыс әкімінің есеп беру жиынына Қазақстан Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инс­пек­торы Дәурен Абаев, Парламент де­путаттары Гүлнар Сейітмағамбетова мен Жансейіт Сәрсенқұлов қатысты. Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.