• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Мамыр, 2018

Астана төрін күй тербеген күн

517 рет
көрсетілді

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні 500 домбырашыдан құралған оркестр «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйін орындайды деген дүбірлі ақпарат естіген құлақты елеңдетіп тастаған.

Оған арнайы Қазақ Ұлт­тық өнер университетінің, Л.Гу­милев атындағы ЕҰУ-дың, С.Сейфуллин атындағы Аг­рар­лық университеттің сту­де­нттері, Оқушылар сарайы мен №3 музыкалық мектептің оқу­шылары және dombyra-flashmob.kz сайтында тіркелу арқылы күй тарта алатын қала тұрғындары мен қонақтары да қатыса алатындығы айтылған болатын.

Сонымен мамыражай май­дың алғашқы күні Астана жұр­ты «Бәйтерек» мону­ме­нтінің ал­дын­да жиналды. Тайға мінген ба­ладан бастап таяққа сүйенген қа­рияға дейін жиналды дегенді қазақ «тайлы-таяғы қалмай» дей­ді ғой, бұл домбыра-флеш­моб­қа дәл солай жиналды. Бұл сөзді көрермендер ғана емес, қатысушыларға да қарата ай­туға болады. Күйшілердің алды 74 жастағы ақсақал болса, кішісі 10 жастағы жеткіншек. Ал бастаушысы Астана қала­сы Мәдениет және спорт бас­қар­масының бастығы Болат Ма­жағұлов. Мұндайда қаланың мә­дениет басқармасының басшысы қолына домбыра алып, қал­а тұрғындарының қақ ортасында отырғаны көзге де, көңілге де жарасымды-ақ екен.

Домбыра-флешмобқа домбыралы ақындардың арнау жырымен басталды. «Бес жүз күйші қолына домбыра алса, Бес жүз жылқы шапқандай дүбірлетіп» деп бастады Серікзат Дүйсенғазы, «Ұлдарға Құрманғазы атамыздың, Қыздарға Дина апамның жолын берсін» деп қостады Мейірбек Сұлтанхан, «Тұлпарлары тықыршып тоқтамай тұр, Болат ағам жәйменен бастай берсін» деген Мұхтар Ниязовтың жырынан кейін күй ағыны бөгеуді бұзған тасқындай ағытылып кете барды.

Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерлік жасаған оркестр Құрманғазының «Са­ры­­­арқа» күйін дүркірете жө­­нел­­ді. Әр жақтан шашырай ке­ліп жайғасқан әр адам бір сәтте бір күйді төгілте жөнелгенде шынымен де бойыңды белгісіз бір­ ыстық ағын кернеп кетеді екен. Бұл әсер – бөлек әсер! Бұл – қазақтың бір деммен соққан жү­регіндей, бір жүректен шық­қан тілегіндей елес берген ерекше сәт!..

Тегінде, елімізде талай фле­ш-моб өтіп жүр ғой, бірақ бұл флеш­мобтың орны ерекше бол­­ды. Өйткені қазақтың тұла бой­­ында домбыраның үні бар! Дом­быраның үні қа­нын­­дағы қыл пер­нені басып өткенде жан-жү­регі тебіренбейтін қазақ кем­де-кем. Сөйтіп арғымақтай алағызып алған домбырашылар бір күймен тоқтай алмады. Ке­зек-кезегімен «Балбырауын», «Ер­ке сылқым» күйлерін төгіл­тіп-төгілтіп келіп, әрі қарай ауыз­ды­ғын шайнап алып қашқан ат­тың басын «Адай» күйіне жі­бе­ре салды!..

Домбыраның пернесімен ша­нағында ойнақтаған он сау­сақ шынымен де ұлы дала төс­інде дүбірлеген мың сан тұл­пар­дың тұяғындай дүркіреп тарт­ты дегейсің! Тартты! «Адай­ды» тартпай күйшілердің де, тыңдаушы жұрттың да арыны басылар емес. Айқайлап, шу­лап ашық аспан астында те­ңселіп тұр!

Бұрын да мереке күндері 10-15 күйшінің басын қосып «домбыра-думан» өткізіп жұртқа қазақы һәм мерекелік көңіл күй сыйлап жүрген «Байтақ» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жаңарған Қарабала: «Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен «Байтақ» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен өткізіп жатқан бұл шараны «Ұлы Дала үні» деп атадық. Мақсатымыз – мәдени мұрамыз бен ұлттық рухани құндылықтарымызды кең көлемде насихаттау. Алдағы уақытта мұндай флешмобты бұдан да ауқымды етіп өткізу жоспарда бар. Өзгелердің де қызығушылығын тудырып жатқан секілді. Алматыда, басқа қалаларда  өткізуге қабарласып жатқандар бар», - дейді.

Ұлттық рухани құнды­лық­та­рымызды кең көлемде наси­хат­тау деген осындай-ақ болар. Керемет күй, керемет күн! Ма­мыр десе дегендей, көңілді жұрт­қа күннің көзі де ерекше елжіреп, шуағын төкті! Қыр арқасын қыс қажаған ас­та­на­лықтар арқасын күнге, кеу­де­сін күйге төсеп ғажайып бір әсерге бөленді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»