• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Мамыр, 2018

Даму бағдарламасымен әріптестік елімізге «жасыл» технологиялардың келуіне жол ашты

505 рет
көрсетілді

Елімізде экономикалық салалар мен тұрмыста электр қуаты мен суды үнемдеуге, ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген «жасыл» технологияларды енгізуге жақсы жол ашылып отыр. Бұл ретте БҰҰ Даму бағдарламасымен жасалынған ынтымақтастықтың қарапайым адамдар үшін тиімділігі мол болғаны анық. Оған біз Даму бағдарламасының Қазақстандағы жоба менеджері Гүлжамал ИСАЕВАМЕН әңгімелескен кезімізде көз жеткіздік. 

– Қазақстан мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы «жасыл» тех­нология­ларды енгізу жөніндегі ынты­мақтастық қалай қалып­тасты?

– Оған Қазақстанның 2013 жылы «жасыл» экономикаға өту жөнінде арнайы тұжырымдама қабылдауы себеп болды. БҰҰ Даму бағдарламасы экономикасын заман талабына сай реформалағысы келетін, табиғат пен оның ресурстарын үнемді пайдалануға ұмтылатын елдерге қолдау көрсету мақсатын көз­дейді. Соған сай ол әлемнің әр шалғайында көптеген жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп келеді. Соның бірі – «жасыл» технологияларды енгізу жөніндегі жобалар.

Жалпы, БҰҰ Даму бағдар­лама­сы мен Қазақстан арасын­дағы ынтымақтастық ел тәуелсіз­дігінің елең-алаң шағынан бастау алды деуге болады. Соның ішінде бір ғана «жасыл» экономика мәселесіне келсек, ол Қазақ­стан осы жөнінде арнайы тұжы­рымдама қабылдағаннан кейін бастау алды. Мұндағы Даму бағдарламасының алдына қойып отырған мақсаты – «жасыл» технологияларды қолданысқа енгізіп, оларды пайдалануды қарапайым қазақстандықтарға үйрету.

– Оны қалай үйретіп жатырсыздар?

– Біз бұл мәселені ең алдымен су секторынан бастадық. Өйткені Қазақстан су көздеріне оншама бай ел емес. Бірақ соған қарамастан ел адамдары суды өте ысыраппен пайдаланады. Сондықтан ең бірінші кезекте суды тиімді пайдалану жолдарын көрсетіп беру қажет болды. Ол үшін ең алдымен бюджеті 600 мың еуро болатын 14 гранттық жоба әзірленді. Бұл қаржы Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен Даму бағдарламасы тарапынан бөлінді. Ал жобаларды қай жерде жүзеге асыру керектігін қазақстандықтардың өздері шешті. Осы үшін Қазақстандағы Су ресурстары комитетімен ынтымақтастық орнатылды. Сөйтіп әрқайсысы 40-60 мың еуро тұратын гранттық жобалар 8 облысты қамтыды. Осы бойынша біз 18 түрлі «жасыл» технологияны қалай енгізуге бола­тын­дығын көрсетіп бердік.

– Түсінікті болу үшін нақты бір жоба жа­йын­да баяндай кетіңізші.

– Мысалы, Қызылорда облы­сының Арал ауданын­дағы сегіз мектепті таза ауыз сумен қам­ту жобасын алайық. Бұрын бұл мектептер ауыз суды тасымалдап әкеледі екен. Біз қажетті құрал­дарды (сорғылар мен су таза­лайтын құралдар) орнату ар­қылы мектептерге таза су шы­ғарып бердік. Қазір мектептер орналасқан ауылдардың халқы да осы суды пайдаланып отыр. Өйт­кені бұл суды тасып ішкеннен әлдеқайда пайдалы болып шыққан және су сапасы да жақсарған. 

Екінші бір мысал. Түркістанда күн мен жел қуатын пайдаланып жұмыс істейтін сорғы орнаттық. Ол жер астынан су шығарды. Осы суды бау-бақша суаруға тиімді пайдалану үшін тамшылатып суару технологиясы енгізілді. Оның үстіне егістікке парниктер орнатылды. Парниктерді жатаған жылыжайлар деп түсінуге болады. Сөйтіп енді осы іспен шұғылданған адамдар жылына үш рет өнім алуға қол жеткізді. Осы парник шаруашылықтары арасында фермерлер кооперативі құрылды. Сонда мұның пайдасын өзіңіз есептеп көріңіз. Біріншіден, сорығының жұмыс істеуіне көп қаржы жұмсалмайды. Өйткені ол күн мен жел қуаты арқылы жұ­мыс істейді. Екіншіден, егіс­тікті суару үшін көл-көсір су кетпейді. Өйткені ол тамшылатып қана суарылады. Су топыраққа емес, тамырдың дәл өзіне барады. Үшіншіден, парниктер орнату арқылы адамдар бұрынғыдан әл­деқайда мол өнім алады. Өйт­кені бір жылда үш рет өнім жинайды және алғашқы өнім бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ерте піседі. Ерте піскен өнім мол пайда көзі. Төртіншіден, кооператив құру арқылы шаруалардың басы бірікті. Демек олар бұрынғыға қара­ғанда әлдеқайда жедел даму­ға мүмкіндік алды. 

Кент әкімі қазір бұл істің пай­далы екендігін көріп, сорғы ар­қылы шығарылған суды құбыр тарту жолымен әр үйге жеткізу мәселесін шеш­ті. Оған қаржыны өздері тапты.

Жалпы, біз өзіміз енгізген жобалар тиім­ді жұмыс істеп тұруы үшін әр жобаның 53 пайы­зын қаржыландырамыз. Қалғандарын жергілікті әкімдіктер, шаруа қожалықтары немесе тұрғындар өздері қаржыландырады. Өйт­кені қаржы қосқан кезде барып адамдардың бойында жауап­кер­шілік пайда болады. 

Сондай-ақ бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе, біз өзіміз қаржыландыратын жобаларды таңдап алған кезімізде, оларды екінші бір жерде көшіріп пайдалану мүмкіндігінің болуына мән береміз. Өйткені біздің мақ­сатымыз «жасыл» технологияларды қалай енгізуге бола­тындығын адамдарға көр­сетіп беру, олардың көзін ашу ғой. Көзі ашылғаннан кейін адамдардың бұл істі өз беттерімен таратып, көбейтіп алып кететіндігіне сенім зор.

– Иә, Қазақстанның кез кел­ген азаматы «жасыл» тех­но­логиялардың пайдалы екен­­дігін көріп, үйреніп алса, мұнан әрі бұл істер­ді олардың өздері-ақ атқарып кете алатын секілді. Ал енді бұдан гөрі күрделілеу, мәселен, іргелі шаруашылықтарға арналған жобаларыңыз бар ма?

– Ондай жобалар да бар. Олар жоғарыда айт­қан 14 жобадан тыс. Барлығы – 4 үлкен жоба. Бұл жоба­ларды өңірлерге арналған деп айтуға бола­ды. Жалпы бюджеті 3 миллион еуроны құрайды. Сізге түсінікті болу үшін бір-екеуін әңгімелейін.

Ақтөбе облысындағы Қарғалы су бөгеніне әртүрлі деңгейде дат­чик­термен жабдықталған ав­то­­матты жүйені орнаттық. Датчик­тер бөген­дегі судың дең­гейін өлшеп тұрады да оны ав­то­мат­тан­дырылған компьютерлік жүйеге береді. Су тым артып бара жатса, жүйе арқылы орталық­қа хабарландырылады және бөгендегі артық су жіберіле бастайды. Көктемгі су тасқыны жағдайында мұның маңызы зор. Біріншіден, бөген бұзылмай аман сақталады. Екіншіден, бұл жағдайдан халық дер кезінде хабарланады.

Қазақстанда 1,5 мың су қой­масы мен бөген бар екен. Оның 77-сі стратегиялық мақсатта деп есептеледі. Міне, осылардың барлығына біз әкеліп, көрсетіп берген технологиялар орнатылатын болса, Су ресурстары комитетіндегілер орта­лықтанған жүйе арқылы олардың барлы­ғын бақылауда ұстап отыра алады және су тасқынының алдын алудағы мүмкіндіктері де күшейе түседі. Бұл үлкен жетістік болар еді. Су ресурстары комитетіндегілер осы істі қолға алмақ. Осы үшін «Су қоймаларының қауіпсіздігі туралы» заң қабылдауға күш салынуда.

Тағы бір жоба. Алматы облы­сының Ақши кентінде 5 мың адам тұрады. Олар ауыз сумен қам­тылған. Бірақ су кете­тін кәріз жүйесі жоқтықтан, пай­дала­нылған су кентті ластайды. Осы проблеманы шешумен айна­лыстық. Алдымен су молынан пайдаланылатын мектеп пен балалар бақшасына су үнемдегіш технологиялар орнаттық. Сондай-ақ күн табақшалары арқылы қуат алып, су қыздыратын геокол­лектор орнаттық. Сөйтіп мұн­дағы қалдық сулар көп азайды. Енді пайдаланылған судың өзі био­логиялық тазартуға жібе­рі­леді. Оны тазартатын станса қо­йып бердік. Сөйтіп қайыра тазар­­тылған су бұрынғыдай жерді бос­қа ластамай мектеп маңа­йын суландыруға, айналаны көгал­дандыруға жұмсалатын болды. 

Сондай-ақ осы Ақшиде көк­темде тасыған суды каналдар арқылы жинақтап, ауыл сыртына шығарып, бөген тұрғызып, бір жерге жинақтайтын жүйе жасадық. Ол шағын бөгеннің қасынан 10 жылыжай орнаттық. Жылыжайдағы фермерлердің басын біріктіріп, кооператив ұйым­дастырдық. Олар жылыжайда өсірген гүл, көкөністерін Алматыға апарып сатып, пайда табады және кентті көкөніспен қамтиды. Осы арқылы кенттің бірқатар проблемасының шешіл­гендігін байқауға болады.

Сондай-ақ Салтанат Рахым­бекова басқара­тын «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ұйымымен бірлестікте жұмыс істеп, Арнасай ауылындағы жылыжай ішінде тұман тудыратын технология орнаттық, тағы да басқа жобаларды жүзеге асырдық. Міне, осының барлығы «жасыл» технология­ларды енгізудің пай­дасының мол екендігін көр­сетіп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»