Ғалым Оспанов – натюрморт шебері. Суретшінің туындыларындағы заттардың аясы қатаң шектеулі − бұл көбінесе алма, алмұрт, жемістер салуға арналған сауыт. Шығарма жемістерді немесе олардың біреуін ғана жинақтап қамтитынына қарамастан, композиция қысқа және жалпылама түрде шешіледі. Қылқалам шеберінің Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде көрерменге ұсынылған «49 және 2» атты кескіндеме көрмесінен оның ең танымал туындыларын тамашалауға болады.
Оспанов өзінің шығармашылық ізденістерінде аса жоғары талғамға ие. Оның кескіндемесіне тән қолтаңбасы авторлық стилін айқындаған бірқатар ерекше өзгешеліктерінен білінеді. Бұл камералық форматтарды таңдау және натюрморт жанрына деген айқын ұмтылыс, сондай-ақ ешкіммен салыстыруға келмейтін туындының формалды-түстік құрылымы. Көзге көрінетін қарапайым заттардың ар жағынан суретші «жансыз табиғат» пен адам болмысының құштарлығы арасында параллель жүргізу арқылы жасырылған драманы көруге ұмтылады. Автор аса мән беретін жергілікті түстер оны эмоциямен, мәнерлілікпен, шынайы сезімдермен толтыра отырып заттық әлемнің «тыныш өмірін» бұзады.
– Суретші шығармаларында адамдар әлеміндегі секілді, заттар әлемі де бір-бірімен және сыртқы ортамен күрделі қарым-қатынаста құрылады. Үлкен және кіші, тығыз және мөлдір, түрлі-түсті, жанды-жансыз – барлығы да зерттеуге және жалпы экзистенциалдық заңдылықтарды ұғынуға бағытталған. Сезанн сияқты, Оспанов қарапайым нысандардың шектеулі саны арқылы әлемнің алуан түрлілігін көрсетуге тырысады – онда алма немесе шабдалы, үстелдің геометриялық жазықтығы, алмұрттың немесе вазаның сопақтығы «ұмтылатын» шеңбер бар. Бірақ Ғалым өз бағытын іздейді, жемістердің бейнесінде тікелей түсіндірмеден бас тарту арқылы түсті нығайтады, форманы кеңейтіп, жарықты күшейтеді, ол заттық әлем мен таза дерексіздікке кетудің арасындағы нәзік шекара тепе-теңдігін сақтайды, – дейді көрме жетекшісі Екатерина Резникова.
Жарық пен көлеңке ойынын бақылап, формалардың органикасын аңғару, күрделі түс бояуларын пайдалану арқылы суретші әлемнің сұлулығы мен кемелденуі туралы түсінігімен бөлісіп, көрерменді баурап әкететіні ойымызға оралады.
Сондай сәтте, кенеп бетінде уылжып піскен жемістер...
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ