Бұл жәдігер қазір Бай-өлке аймақтық (Моңғолия) орталық музейінің қор сақтау бөлімінде тұр. 747-ші нөмірлі, «ТТ» маркалы тапаншаның анықтамалық құжатында: «Пистолет қаруды Иосиф Виссарионович Сталин азамат Қашқынбай Мәлікұлына сыйлады. 1943 жыл. 15 қаңтар» деген түсіндірме жазу бар екен.
Сталин тапанша сыйлап жүрген Қашқынбай кім? Қашекең шетел қазақтарынан шыққан ірі қайраткердің бірі. 1918 жылы туған. Бай-өлке аймақтық іс басқару орнында сақталған және қайраткер өз қолымен толтырған архивтік деректе: 16 жасында алғаш мектеп табалдырығын аттағаны жазылыпты. Үш сыныптық білім алғаннан кейін ел басқару ісіне араласқан. Оны оқытқан ұстазы семейлік Бердіқожа Жолтаев дейтін Коминтерн өкілі екен.
Қазақ қайраткерін қырық жылдан астам ел басқарған Юмжагийн Цеденбал қатты құрметтейтін болған. Ол өзінің бір естелігінде: «Мен Қашқынбайды ерекше қадірлеймін. Ол ел басқаруға лайық кемеңгер тұлға» депті («Халқының адал перзенті» естеліктер жинағы, Ұлан-батыр, 2004 жыл. 79-бет).
Өйткені Қашқынбай Мәлікұлы өз дәуірінде үш дүркін Ұлы Құрылтайға депутат болып сайланған. Ұлы Құрылтай төрағасының хатшысы қызметін атқарған. Замандасы Абай Рамазанұлының естелігінде: «Қашқынбай Моңғолдың төрт ұлы патшасының мөрін ұстаған адам. Ұлы Құрылтайдың хатшысы қызметін атқарып тұрғанда Құрылтай аппаратында сақтаулы Шыңғыс ханның мөріне, ХІХ ғасырда Моңғолды билеген Боғда ханның мөріне, 1924 жылдан 1950 жылдар аралығында барлық құжаттарды заңдастырған Кіші Құрылтай мөріне және өз дәуіріндегі Ұлы Құрылтай мөріне иелік жасап, әр дәуірдің тарихи құжаттарын кепілдендіріп отырған» – деп жазыпты. Яғни төрт патшаның мөрін ұстаған қазақ.
Ендеше Қ.Мәлікұлы Сталинмен қалай кездесіп жүр, енді соған тоқталайық. Қашекең Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда Моңғол елі атынан майданға көмек әкеліп, 4 ай майдан шебінде солдаттармен бірге окопта жатып, соғысты өз көзімен көрген. Бұл сапары жайында қайраткер 1985 жылы жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында «Өмір өрнектері» дейтін көлемді естелік жазыпты. Осы естеліктен үзінді келтірсек: «...1942 жылдың күзінде мені Ұлан-батырға шақырды. Қызыл Армияға көмек апаратын топтың құрамына енгізіпті. Делегацияны маршал Х.Чойбалсын бастап жүрді. Мен байөлкеліктер жинап берген азық-түлік, киім-кешекті солдаттарға үлестірдім. Осы рәсімнен кейін делегацияны И.Сталин қабылдап, қонақасы берді. Ол кісі менің қазақ екенімді біліп, ықылас танытып, тапаншасын сыйлады. Екеуміз бірге фотоға түстік. Фотоны түсірген адам қайтар жолда немістердің әуе шабуылынан қаза тапты. Барлық құжаттар өртеніп кетті» деп жазыпты.
Қазақ қайраткері Қашқынбай Мәлікұлы 1986 жылы дүниеден өтті. Марқұмның кіндігінен тараған ұрпақ-жұрағаты қазір Қарағанды облысының Осакаров ауданы мен Теміртау қаласында тұрып жатыр.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»