• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 10 Мамыр, 2018

Елбасы Жетісуда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді

474 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында Талдықорған қаласындағы Көр­­ме орталығы мен Салтанат сарайының жұмы­сымен танысты.

Кәсіпкерлікке қолдау көп

Облыс орталығындағы Көр­ме кешені қазіргі заманғы озық үлгімен салынған бірегей ғима­рат. Қазір мұнда «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы об­лыс­тық филиалының кеңсесі орна­ласқан. Аймақтағы бизнес қа­уым­дастықтың басын бірік­тіріп отырған Кәсіпкерлер пала­та­сының қызметі сан салалы. Әсіресе ниетті адамдарды кәсіп­керлікке баулу жолындағы құқық­тық кеңес беру мен құжат рәсім­деу жұмыстарының бір орта­лықтан әрі тегін көрсетілуіне ай­мақ тұрғындары дән риза. Кәсіп­керлерді қызықтырған сау­алдар мен алаңдатқан сұрақтар бойынша көрсетілетін қызмет «бизнес ин­кубатор» жүйесіне негізделіп жүр­гізіледі. Осы мақ­сатта заңгер, есеп­ші, салық маманы сияқты білік­ті кеңесшілердің халықпен жұ­мыс істеуіне толық жағдай жа­сал­ған. Жергілікті кәсіп­керлер­дің бас қосатын шаңы­рағына ай­нал­ған бұл орталық қазір Аtameken Business Cіtу атауына ие болды. 

Мемлекет басшысы осы Аta­meken Business Cіtу орталығы­ның жұмысымен танысып, Кәсіп­керлер палатасының атқарып отырған қызметінің нәтижесіне ри­зашылық білдірді. Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, аймақта 100 000 шағын және орта бизнес нысандары жемісті жұмыс жасауда. 

– Кәсіпкерлікті қолдауға бағыт­талған тапсырмаңызды орын­дау бойынша тиянақты жұмыс жүргізудеміз. Былтыр бір ғана «Бастау» мектебінде 1 312 адам оқып, кәсіпке бейімделді. Бұл оқыту бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, 19 ауданды түгел қамтитын болады. Қазірдің өзінде 3 361 адам кәсіпкерлік әліп­песін үйренуге ниетті, – деді Нари­ман Әбілшайықов.

Аtameken Business Cіtу орта­лығының жұмысы жанданғалы бері өңірдегі бизнестің дамуына кең жол ашылған. Кәсіпкерліктің өркендеуіне кедергі болатын жағдайлардың алдын алу арқылы іскерлердің табысы мен жұмысқа құлшынысы артып, аймақ экономикасында жаңа серпіліс пайда болды. Бизнесті себепсіз тексеру мен қолдан жасалатын әкімшілік кедергілерге қатысты даулы істердің 70 пайыздан астамы оң шешімін тауып отыр. Нәтижесінде кәсібін алаңсыз дөңгелетіп, өнім өндіріп отырған кәсіпкерлер қатары көбейді. 

Өңірдегі ірі бизнес құрылы­мына айналған, ет өндіруші «Meat Processing & Service» ЖШС құрылтайшысы, белгілі кәсіп­кер Бақытжан Әбдірасылов Елбасымен кездесуге арнайы келіп, еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа алғысын айтты.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Сіздің 2016 жылы Иранға жасаған cапарыңызда, делегация құрамында болып едім. Сол жолы біз ирандық кәсіпкерлермен ет экспорты жөнінде келісімшартқа қол жетізген едік. Қазір сол уағ­да­ластықты орындап жатырмыз. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Өзім шаруашылыққа ет өндіруге байланысты 2 млрд теңгеге жуық инвестиция тарттым. Райымбек ауданында 3 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салдық. Мал соятын орталық та бар. Да­йын етті сататын дүкендер же­лісін де аштық. Жұмысымыз клас­тер жүйесі бойынша жүреді. Қара­сай ауданын да етпен қамтып отыр­мыз. Мемлекет өндірген өнімі­міз­ге субсидия төлеп, шыққан шығы­нымызды өтеп беріп отыр, – деді кәсіпкер.

Елбасының аймақтағы аг­рарлық саланың дамуына қатысты қойған сұрақтарына тиянақты жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі ауыл шаруашылығының бүгінгі аяқ алысына тоқталды. Былтыр бұл сала бойынша жалпы өндірілген өнім көлемі 647,6 млрд теңгені құраған. Биылғы болжам бойынша ол 704,9 млрд теңгеге жетпек. 

– Ауыл шаруашылығына инвестиция құюға ынталы тараптар қатары көбейіп келеді. Өткен жылы салаға инвестиция тарту 42,7 млрд теңгені құраса, биыл 53,9 млрд теңгеге жетеді. Бұл еліміздегі инвестициялық қолайлы климаттың қалыптасқанының арқасында мүмкін болып отыр, – деп мәлімдеді Амандық Баталов.

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев аралап көрген келесі нысан Салтанат сарайы болды. Жақында ғана қолданысқа берілген қос қабатты ғимарат жер­гілікті бюджет есебінен салынған. Сарайда неке қиятын арнайы зал мен конференция өткізетін орын бар. Сондай-ақ Президентке Талдықорған қаласындағы құрылысы қызу жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандар мен жаңа театр ғимаратының жобасы таныстырылды. Бұл нысандардың біразы мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында салынуда. 

Аудандар экономикасына айрықша назар қажет

Жұмыс сапары аясында БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізген Мемлекет басшысы өңірді да­м­ытудың негізгі бағыттары және са­­парының қорытындылары бо­йынша облыс басшылығына бе­ріл­ген тапсырмалар жөнінде айт­ты.

– Менің тапсырмаларымның бәрі облыста толық орындалуда. Бұл өңірдегі жұмыстардың бастамасы жақсы деп санаймын. Үш жылда 3 миллион шаршы метр­ден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тек былтырдың өзінде 35 мектеп салынды, – дейді Елбасы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Бес әлеуметтік бас­та­маның» өңірдегі іске асырылу барысына оң баға беріп, облыс­тың туристік әлеуетін дамыту қажеттігі туралы айтты.

– Жұмыс сапарым барысында Алакөлге барып, оның туристік кластерімен таныстым. Барша қазақстандықтарға бізде тамаша демалыс орны бар екенін айтқым келеді. Бұл жер осыған дейін иге­рілмеген болатын. Оның инфра­құрылымы да, қонақүйлері де болмаған еді. Бүгінде бұл өңірде бизнес өкілдері белсенді түрде жұмыс істеуде. Көлдің жаға­сында әлемдік стандарттарға сай келетін бес жұлдызды қонақүй салынды, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ Елбасы өңір­дің негізгі экономикалық көрсет­кіштері оң қарқын алып отыр­ғанын атап өтіп, облыстың даму барысына тоқталды.

– Алматы облысы, әсіресе аграрлық салада, бәріне үлгі бо­лып отыр. Өңір экономикасы 4,2 пайызға өсті, бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен жоғары. Ауыл шаруашылығы мен құ­ры­лыс салалары өркендеп, іске қо­сылған әлеуметтік нысандар көбейіп келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге Қазақстан Пре­­зиденті облыс басшылығы тара­­пынан ерекше назар аударуды қажет ететін міндеттерге тоқ­талды.

– Облыстың бүкіл экономикасы 3-4 ауданда шоғырланған. Оның өзі тек өнеркәсіпті қам­тиды. Осы аудандар өңір эко­но­микасының 70 пайызын қамта­масыз етіп отыр. Басқа аудандар баяу дамуда, осы мәселеге назар ау­дару керек, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірде мал ша­руа­шылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секторын дамыту қажеттігі жөнінде айтты.

Алакөлде туристік кластер қанат жайып келеді

Елбасының Жетісу өңіріне сапары Алакөл ауданынан бас­тал­ғаны белгілі. Алакөл жағасында еліміздің туристік әлеуетін арт­тыруға қатысты арнайы жиын өт­кізген Президент өз сөзінде «Алакөл – Қазақстанның ту­ристері көптеп келетін жер болуы керек. Дәл елдің ортасын­да, Алматыға да, Қарағанды мен Ас­танаға да жақын. Мына жақ­тан Балқаш пен Жезқазғанға да жақын. Бұл – шипалы көл. Суы­ның емдік қасиеті бар. Өте қа­жетті жер. Қазақстандықтар осы жерге келіп демалуы керек...» де­ген болатын. Жоғарыда айтып өт­кеніміздей, Талдықорғандағы кездесу барысында да Елбасы жергілікті кәсіпкерлерді Алакөл аумағын дамытуға шақырды. 

Алакөлге асыққан демалушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Бұйырса, турис­тер саны 1 миллион адамға жетпек. Көлге темір жолмен қатынас жолға қойылған. Биылдан бастап Алакөлдегі демалыс орындарына дейін пойызбен қатынауға мүмкіндік бар. Елбасы осы сапарында аралап көргеніндей, Ақши ауылындағы жаңа темір жол вокзалы іске қосылмақшы. 

– Мемлекет «Алматы – Тал­дықорған» бағыты бойынша тамаша жол салып берді. Бұл Алакөл арқылы Шығыс Қазақстанға апаратын өтпелі жол болады. Жол салудың арқасында көп жұмыс орны ашылады, – деді Мемлекет басшысы.

Былтырдан бері көлге тікелей әуе қатынасы ашылып, ұшақпен қатынау қызметі іске қосылған еді. Алакөлге Астана, Алматы және Талдықорған қалалары ар­қылы тікелей әуе рейстерімен баруға болады. Билет бағасы да қолжетімді. Туристердің қызы­ғушылығын арттыру үшін билет құнының біршама мөлшерін об­лыстық бюджет есебінен суб­сидиялау қарастырылған. Биыл әуе көлігінің қызметін пайда­ланушыларға қо­лайлы жағдай жасалып, Үшарал бағытына Scat әуе компаниясы қызмет көрсете бастайды. Бұл туралы жақында Алматы облы­сының әкімі Амандық Бата­лов Scat әуе компаниясының бас­шылығымен жүздесуде тал­қыланды. Жақында Ресейдің Но­восібір қаласынан тікелей әуе қатынас жолы ашылады деп жос­парланып отыр. 

Қазір Алакөлдегі туристік кластерді дамытуға мемлекет тарапынан үлкен жұмыстар жасалуда. Әсіресе көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту мен Үшарал қаласына дейінгі жолдарды күрделі жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. 

Жалпы, Алматы облысы бойынша кейінгі 4 жылда туристік қызмет көрсету көлемі екі есеге өскен. Тиісінше, қазынаға түскен табыс та еселеніп келеді. Мысалға, былтыр бюджетке 8,3 миллиард теңге кіріс кірген. Биыл бұл көрсеткішті 10 миллиард теңгеге дейін жеткізуге ынта бар.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы