Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында экономиканың барлық саласында озық технологияларды енгізіп, цифрландыру ісін жүргізуді міндет етіп қойды. Ол білікті мамандар даярлаудың өзектілігін бірден алға тосады. Осыған орай еліміздегі білім ордаларының атқарар ісі, мақсат-міндеті де жеңіл болмайды. Бұл жөнінде біздің тілшіміз Рудный индустриялық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Абдрахман НАЙЗАБЕКОВПЕН әңгімелескен еді.
– Абдрахман Батырбекұлы, экономиканы серпінді дамыту үшін елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының маңызы қандай?
– Елбасы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында «әлемнің төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқанын» айтты. Адамзат дамудың жаңа, серпінді сатысына аяқ басты. Тәуелсіздігін алған 25 жыл ішінде Қазақстан өмірдің барлық саласында үлкен жетістіктерге жетті. Еліміздің үшінші жаңғыруы бастау алып, индустрияландыру бағдарламасы жүргізіліп жатыр. «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Бұл цифрландыру бағдарламасы төртінші өнеркәсіптік революцияның негізі, іргетасы болып табылады. Ол тек өнеркәсіп пен индустриялық өндірісте ғана емес, өмірдің барлық саласын, оның ішінде әлеуметтік саланы да тұтас қамтиды. Цифрландырылғанда экономикада еңбек өнімділігі артады, өндіріс пен ауыл шаруашылығында қол еңбегі барынша жеңілдейді, әлеуметтік салада тұрмыс жақсарады, уақыт үнемделеді. Бұл жөнінен әлемдегі алпауыттар қатарындағы АҚШ, Германия, Жапония сияқты бірқатар елдер оқ бойы алға кетті. Өмірдің барлық саласында цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырмай, Қазақстан әлемдегі озық 30 елдің қатарынан көріне алмайды. Ол үшін ең алдымен материалдық байлықты жасауымыз керек. Ол үшін экономиканың өндірістік саласы алдыңғы орынға шығатыны белгілі ғой. Онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру қиын. Өзге таңдау жоқ. Бұл – бүгінгі уақыттың ақиқаты.
– Цифрландыру ісі экономиканың қай саласының да серпінді дамуының кепілі болатынын сеземіз. Бірақ ол айтуға ғана оңай болмас үшін не істеу керек?
– Өмірдің барлық саласын цифрландырудың дұрыс бағыт екенін дүние жүзіндегі дамыған елдердің мысалынан көріп отырмыз. Оның өзі бола қалатын іс емес, онымен қосарланып көп өзекті мәселе басын көтереді. Цифрландыру дамудың жоғары сатысы болғандықтан өндіріс пен ауыл шаруашылығында техниканы барынша жаңалау, компьютерлендіру, кең жолақты интернет апару, роботтандыру, автоматтандыру және іс қағаздарын жүргізуді дәстүрлі қағаз құжаттардан электронды нұсқаға көшіру ісін жеделдете жүргізуді уақыт талап етеді. Ал маман дайындаудың өзектілігі осы жұмыстардың барлығының салмағын басып кетеді. Білікті мамансыз, кадрсыз цифрландыру ісі сөзсіз ақсайды. Рудный индустриялық институты бірсыпыра мамандарды еліміз өндірісінің флагманы болып саналатын Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне және тағы да басқа салаларға арнап дайындайды. Бүгінгі уақыт мамандар даярлауға заманауи көзқарас қалыптастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Ескі сүрлеумен жүрсек ұтыламыз. Мысалы, бүгінде кен инженеріне кен өндірудің қыр-сырын, оның озық технологиясын ғана білу тым аздық етеді. Мұндай деңгейдегі түлек кен өндірісіне ертең керексіз болып қалуы әбден мүмкін. Бүгінгі кен инженері озық технологиямен бірге оның бағдарламалық басқарылуын, роботтануын бес саусақтай білмесе, өндірісте жұмыс істей алмайды, онсыз цифрландыру жүзеге аспайды да, кен өндірудің дамуы кенжелейді. Австралия дүние жүзінде кен өндіру саласындағы озық технологияларды енгізу жөнінен көш басындағы елдің бірі. Осы елде өмірге келген Mikromine бағдарламасының бір өзі кен қорын бағамдауға, оны үйлестіруге, кеніш пен шахталарды жобалауға, кен бар жерді бұрғылап жаруға және оның құрамын бақылауға, кен іздеу жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді. Сол сияқты ашық және жерасты кен өндіру жұмыстарын модельдеуде, жоспарлау құралдарын құруда және күнделікті өндірістік тапсырмаларды атқаруда Surpac бағдарламасы еңбекті соншалықты жеңілдетеді және тиімділікті арттырады. Дүние жүзіндегі кен өндіретін ірі компаниялар Mikromine және Surpac бағдарламалар кешенін геологиялық барлау жұмыстарына, ресурстарды модельдеуге, кен жұмыстарын жоспарлауға пайдаланады. Бірақ кен шығару компанияларының мамандары жұмыс үдерістерінің өте жоғары дәрежеде автоматтандырылуы нәтижесінде ғана мен айтып отырған озық бағдарламаларды пайдаланудың қарапайым әрі өте тиімді болатынын айтады. Студенттер осы бағдарламаларды терең білмей, маман бола алмайды. Сондықтан біздің институт «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» және «КазМинералс» акционерлік қоғамдарының кеңесімен бұл бағдарламаларды сатып алып, оқу үдерісінде пайдалана бастады.
Бағдарламалық өнімдерді жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіпорындарында, құрылыста, кен өндіруге пайдаланатын техникалардың ақауын білуде, экономика мен әлеуметтік өмірдің барлық салаларында пайдалану барынша тиімді. Студенттер осының барлығын білім ордасында оқып қана қоймай, тәжірибе жүзінде үйренуі үшін өндіріс пен өнеркәсіптегі озық технологияларды бағдарламалық басқаруды қамтамасыз ететін өнімдерді сатып алуды жалғастырып отырмыз.
– Жас маман кен орнына немесе кәсіпорындарға барғанда өзін озық технологияларды бағдарламалық басқаруды меңгерген маман ретінде көрсете ала ма? Әлде жас маманның алдында ондағы білікті мамандардан үйрену мерзімі тұра ма?
– Маманға бүгінгі уақыт талабы жоғары. Студент институтты бітіріп, өндіріске барғанда барлығын бес саусақтай білетін маман дәрежесінде болуы тиіс. Ол үшін өндірістегі технологияларды бағдарламалық басқарудың барлығын студент кезінде оқып, үйреніп, тәжірибеден көріп үлгеруі тиіс. Өмір осыған жетелеп келе жатыр. Біздің институтта қазір оған жағдай жасалған. Жоғарыда айтқанымдай, біз дайындайтын мамандықтарға қажетті бағдарламаларды сатып алып жатырмыз. Екіншіден, өндіріс орындарымен, кәсіпорындармен, белгілі кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Кәсіпорындар тәжірибеден өтуге барған студенттерге болашақ өз мамандары ретінде қарайды, жұмыстың бүге-шігесі үйретіледі. Алайда, қазір маман дайындау ісі тек институттан басталмауы тиіс.
– Неге?
– Өмірге дендеп еніп келе жатқан цифрландырудың негізі болып табылатын бағдарламалардың «әліппесін» балалар мектеп қабырғасында оқып, үйренуі керек. Жоғары оқу орнында студент өзінің мамандығына сай бағдарламалық басқаруды бірден тереңдеп меңгеруді бастайды. Сондықтан мектепте оқушылар компьютерде жұмыс істеуден бастап, роботтарды, бағдарламалауды білу деңгейін игермесе, жоғары оқу орнында ол тереңдетіліп оқытылған кезде оқу бағдарламасына үлгере алмайды. Мамандығын игеру қиын болады. Биыл облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бастауымен аудандар мен қалаларда жиырмадан аса цифрлы технологиялық ІТ кабинеттер ашылды. Бұл ауыл балаларын да цифрлы технологияның «әліппесімен» танысуға, жұмыс істеуге, ізденістерге баулитын игі іс болды.
Мектеп пен жоғары оқу орны арасында тығыз байланыс орнағанда жастар өзінің болашақ мамандығы жөнінде алдын ала мол ақпарат, бағыт алады, оның қыр-сырына көзі қаныға береді. Кеншілер қаласындағы мектептер мен Рудный индустриялық институты арасында жақсы байланыс бар. Мектеп оқушылары институтқа келіп, барлық саладағы бағдарламалық өнімдермен, лабораториялар жұмысымен танысады, үйренеді.
– Сіз мектеп оқушыларын математика-физика, информатика пәндеріне баулу, техникалық мамандыққа тарту керектігін жиі айтасыз.
– Ол рас. Бұл түсінген адамға нарықтың ыңғайымен «көрпені өзіңе қарай тарту» емес, Елбасымыз айтып келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Осыған дейін білім гранты аздық ететін, жастар көрші елдер бөлген гранттарды алуға тырысқан уақыт болды. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» жастарға жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қосымша 20 мың білім гранты бөлінетінін айтты. Соның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл білім алғысы келген жастар үшін өте үлкен қамқорлық. Ал мектеп оқушылары көбінесе, гуманитарлық мамандықтарды, халықаралық дипломатияны, заңгерлікті, оның сыртында экономист, бухгалтер болуды қалайды. Сөз жоқ, осы мамандықтардың қайсысы да мемлекетке керек. Бірақ еліміздің материалдық байлығын индустриялық өндірістер, ауыл шаруашылығы, құрылыстар, өңдеу кәсіпорындары жасайды. Мұнсыз мемлекеттің баюы, еліміздің әлеуметтік гүлденуі де мүмкін емес. Ал осы салаларға техникалық мамандықтар ауадай қажет. Баланың белгілі бір пәнге, соған сәйкес бір мамандыққа бейімділігі болады, оны жоққа шығармаймын. Бірақ оған жас кезінен техникалық мамандықты ата-анасы, ұстазы айтып түсіндірсе, математика, физика пәндеріне қызықтырса, баланың өсе келе техникалық мамандық иесі болуы әбден кәміл. Жастар мемлекет бөлген білім грантының маңызын түсініп, оны дұрыс пайдаланғанда, техникалық маман жетіспеу мәселесі де шешімін табады. Сонда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда кідіріс болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Рудный қаласы