• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Мамыр, 2018

АЭФ-да төрткүл дүниені толғандырған мәселелер талқыланады

865 рет
көрсетілді

Астана экономикалық форумының басталуына санаулы күн ғана қалды. Жаһан жұртын алаңдатқан сын-тегеурін­дер талқыланатын, әлемдік проблемаларды шешу жол­дары қарастырылатын форум базасындағы Global Challenges Summit-2018 конгресі аясындағы тақырыптың қай-қайсысының да өзектілігі дау туғызбайды.

Бүгінгі таңда әлемге әйгілі сарап­шылардың, саясат­тану­шылардың, дүние жүзінің бизнес элитасының көпшілігінің ой-пайымдауларына салсақ, адамзат түбегейлі өзгерістердің табалдырығында тұр. Осыған дейінгі даму барысында шешуші рөл атқарған бірқатар ресурс­тар сарқылуда, технологияның өте жедел дамуынан туындайтын мәселелерді болжап білу де мүмкін емес. Озық технология адамзатты жаңа этикалық нор­маларға көшуге мәжбүрлейді, цифрлы экономика адамдардың тұрмыс салтын, мемлекеттердің ұстанған саясатын өзгертеді, күн сайын жаңа мүмкіндіктер мен тәуекелдер пайда болады. Дамы­ған елдер әлі де әлемдік қоғам­дастықтың дамуының оңтайлы стратегиясына сай уағдаластыққа қол жеткізе алмауда. Ал даму­шы елдерге осы ғаламдық өзге­рістерге орай бейімделу үшін, уақыттың жедел көшіне ілесіп алға жылжу үшін қазіргі қолында бар ресурстар аздық етеді.

Ертеңгі күннің, одан арғы күндердің қалай болатыны бүгін жасалып жатқан шешімдерге тәуелді екені түсінікті. Бұл орайда алда туындайтын мәселелерді алдын ала күн тәртібіне шыға­ра­тын және оларға жауап іздейтін, сәй­кесінше қадам жасайтын ел жаһан­дық табысқа жетуде зор мүм­кіндікке ие болмақ. Ал Global Challenges Summmit-2018 ст­ра­­те­гиялық шешімдер қабыл­да­натын алаңның қызметін атқарады.

Таза энергияның тиімді тұстары

Ғалымдардың жыл өткен сайын Жер шарында энергияға деген сұраныс ұлғайып бара жат­­қанын, уақыт өте келе бұл сұраныс­ты өтеу үшін түрлі проб­лемалар туын­дайтынын айтып дабыл қағып келе жатқанына талай жыл­дың жүзі болған. 2040 жылға қарай электр энергиясына деген әлемдік сұраныс 70%-ға артады деп күтілуде. Қоршаған ортаға залалсыз қуат көзін алуды дамытқан елдер осы көрсеткішті одан сайын арттыруда. Ал экономикасы жаңғыртылмайтын табиғи ресурстарды өндіруге негізделген дамушы елдердің табысы уақыт өткен сайын кеми түсуде.

Сөз жоқ, дамыған елдер­дің басым көпшілігі баламалы энер­гетикаға қатысты бағ­дар­лама­лар жасап, оны біртін­деп жүзеге асырып жатыр. Жаңғырмалы қуат көздерінің артықшылығы – оның таусылмайтындығы мен экологиялық тазалығы жасыл энергетиканы серпінді дамытуға негіз болып отыр. Ғалымдар тобы 2050 жылға қарай жаңғырмалы энергия көздеріне толық көшуге мүм­кіндік бар деп санайды. Мұн­­дай жағдайда электр қуа­тына деген сұраныс толық өтеліп қана қоймай, оның бағасын арзан­датуға да жол ашылады.

– Күн батареясынан алына­тын бір ватт электр қуаты 2015 жылы 0,3 долларға дейін құлдыра­ды, ол 1977 жылы 76 доллардан қымбат болатын. Яғни соңғы 5 жылда күн энергиясын тұтыну құны 80%-ға арзандады. Алдағы уақытта басқа да қуат көздерінен алынатын энергияның бағасы арзандай береді, – деген қорытынды жасады ғалымдар.

Халықаралық энергетикалық агенттік 2040 жылға қарай электр энергиясының 60%-ын жаң­ғыр­малы көздерден, оның ішінде күн мен желден алынады деген болжам жасап отыр. Әлемдік энергиялық баланстың осылай өзгеруі мұнай-газ сек­торын­дағы бірқатар компаниялар­ды баламалы энергетикаға инвестиция құюға, сондай-ақ корпо­ратив­тік венчурлық қорлар құруға итер­мелегені осыған байланысты.

Жалпы, «жасыл қаржылан­дыру» – бұл экологиялық орнық­ты дамудың кең шеңберінде экологиялық артықшылықты қам­тамасыз ететін инвестиция­лар. Оған қоршаған ортаны қор­ғай­тын, табиғи ресурстарды сақ­тайтын және климаттың өзге­руі­нің алдын алуға немесе оның өзгеруіне бейімделуге ықпал ететін инвестицияның бар­лық түрлері жатады.

Бүгінгі таңда капиталы тұ­рақ­ты түрде өсіп келе жатқан, әлеу­меттік жауапкершілігі күшті инвесторлар осы бағытта бел­сенді жұмыстар атқаруда. Жеке­лей қалталы тұлғалар мен ұйым­дар өздерінің қаржылық көрсет­кіштерін инвестиция құю салаларын таңдау барысында әлеуметтік және экологиялық факторларды біріктіруге талпынып отыр. Олардың абсолютті басым бөлігі Еуропа мен АҚШ-та.

Климаттық облигацияларға құйылар инвестициялардың ең кең тараған саласы көлік, машина жасау саласы болса, энергетика мен мультисекторлық инвестициялар екінші және үшін орында тұр.

«Жасыл» энергетиканы қар­қынды дамытушы елдердің санатында энергияға деген сұраныстың басым бөлігін жаңғырмалы қуат көздері арқылы өтеп, энергияны экспорттаумен де айналысатын Данияны ерекше атап өту керек. Одан кейінгі орынды Гер­ма­­ния алады. Жаңғырмалы энергия өндіру ерекше қарқын алған мез­гілде бұл елдерде мұндай қуат көз­дері сұранысты 100 пайыз өтей­ді. Мұндай жағдайда жылу, атом электр стансалары резервтік функ­цияны атқарады, себебі ЖЭК-гене­рация әлі де болса тұрақты емес.

Қазақстан қалыс қалған жоқ

Жаңғырмалы қуат көздерін дамыту Қазақстанда да қарқынды жүргізілуде. «Қазақстан-2050» Стра­­те­гиясында 2050 жылға қарай ба­ламалы және «жасыл» энер­гетикалық технологиялар барлық тұтынылатын энергияның 50%-ын бере алатыны атап өтілген болатын. Қазақстан осы бағытта БҰҰ Ғаламдық конвенцияларының ( Рио-де-Жанейро, 1992), Мың­жыл­дық саммитінің деклара­ция­сын (Нью-Йорк, 2000) және Бүкіл­­әлемдік тұрақты даму сам­митінің (Йоханнесбург, 2002) ұстанымдарын біріктіру мен бағдарламаларын жүзеге асыру жайлы міндеттемелерді мойнына алды. 2016 жылы тамызда Қазақстан Үкіметі Париж келі­сіміне қол қойды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсыны­сымен 2013 жылы «Жасыл» эко­­номикаға өту тұжы­рым­­да­­масы қабылданды. Аталған құжатта экономиканың ауыл шару­а­шы­лығы, көлік, жаңғыр­малы энергетика секілді салаларын реформалауға бағытталған басымдыққа ие нақты тапсырмалар тізімі көрініс тапты. Осы тұжырымдамаға сәйкес еліміздің энергетикалық балансындағы баламалы энергия үлесін 2020 жылы қазіргі 1%-дан 3%-ға, 2030 жылы 30%-ға және 2050 жылы 50% -ға көтеру жоспарланған. 2020 жылы бұл деңгейге 22 жел электр стансасын (қуаты 957 МВт) 18 күн электр стансасы (қуаты 750 МВт), 13 су электр стансасын (қуаты 268 МВт), басқа да 53 нысан салу арқылы жету көзделген.

2012 жылдан бастап Қазақ­стандағы жалпы электр энергия­сы өндірісіндегі «жасыл» энер­гетиканың үлесі 2 еседен астам өсіп, өткен 2017 жылы 1%-ға жеткен болатын. Жаңғырмалы энергия көздері соңғы жылдары Қазақстанда энергетикалық кешеннің даму векторының бірі ретінде көр­сетілуде. Сарапшы­лар­дың баға­лауы бойынша Қазақ­станның ЖЭК әлеуеті өте жоғары.

Қазіргі таңда басты тақырыбы «Болашақ энергиясы» аталған ЭКСПО-2017 мұрасы ретінде «жасыл» технологияны дамытатын халықаралық орталық құру жөнінде жұмыстар жүріп жатыр. Бұл орталық үлкен тәжі­ри­белер алаңына айналып келе­ді, болашақта Орталық Азия ел­дерімен, Қытаймен, Кореямен, Еуроодақ елдерімен, басқа да мемлекеттермен арада әріптестікті дамытады деген үміт артылып отыр.

Даму кілті адами капиталдың қолында

Болашақ әлемі озық техноло­гияларға арқа сүйейді, адам мен машина арасындағы шекара мүлдем азая түседі. Бұл футурист ғалымдар ондаған жыл бұрын болжаған, ал бүгінде шындыққа айнала бастаған аксиома. Жер-жерде жасанды интеллектіні пайдалану, виртуалды әлемдегі өмір адамзаттың алдына жаңа сауалдар қойып отыр. Адам қандай құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс? Өміріміз қандай этика­лық нормаларға бағынуы керек?

Бүгінгі таңда қорашаған орта, білім және мәдениет адамның дамуының маңызды факторлары болып табылады. ХХ ғасырда дамыған елдердің білім беру секторында үлкен өзгерістер орын алды. Білім беру жалпыға қолжетімді және міндетті болды, ал әлеуметтік құқықтар бірінші орынға шықты. Толеранттылық, нәзік жандылардың құқықтары ХХ ғасырдың адамы бейнесін қалыптастырды. Адам 21-ші әлем қалыптасқан білім кеңістігін күрделі өзгертуі мүмкін, себебі қазірде инновациялардың жаңа толқынының босағасында тұр­мыз. Қоғам жаңа әлеуметтік-эконо­микалық ақиқаттарға сәйкес дәстүрлі білім модельдерінің трансформациялануын, бәсеке­лес­тіктің қарқын алуын бастан кешуде.

Соңғы жылдары технология­лар білім жүйесін өзгертуде – білім алу жеңілірек болып келеді.

Болашақтың адамы планшетке «жасанды ақыл-парасаты бар мұғалімді» жүктеп, өзінің жеке ұс­тазынан айы­рылмай жүре алады. 10 жылдан кейін жоғары білім алу ерекшелік болуын тоқтатып, оқи білу сияқты қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін. Технологияның жаңа айналымы кітаптар, кинематограф, картиналар өмірден мәңгілікке жоғалады деген үрей тудырады. Алайда ақиқат бұдан басқашалау. Мұндай құн­ды­лықтардың барлығы болашақ­та да керек. Дегенмен техноло­гия­лық прогресс өнердің дамуына әсер етпей қоймайды. Мы-са­лы, бейнекөрініс жазбалары техно­логияларының пайда болуы өткен ғасырдың 60-жылдары медиа-арт, бейне-инсталляциялар сияқты бағыттың пайда болуына әкелген. Өнердің жаңа түрлері болашақта пайда болады, дейді халықаралық ғалымдар тобы.

Әлем дамудың постиндус­трия­лық дәуіріне енген кезеңде страте­гиялық ресурс нақ осы адам ка­питалы болып отыр. Қазақ­стан­дағы экономикалық өсу көп жағынан еңбек ресурстары саны­ның есебінен қамтамасыз етілген.

Бүгінде ел халқының 11%-ы ғана білімдер экономикасы са­ласында жұмыс істейді, ол жо­ғары білікті зияткерлік еңбек­ті, шығармашылық қабілетті көр­сетеді. Бүгінгі таңда орта білім беру саласында жаңартылған маз­мұнға өту жалғасуда. 2017-2018 оқу жылының басынан бастап 15 мектепте бірқатар пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша қанатқақты жоба басталды. Кәсіптік білім беру саласында оның сапасын, қолжетімділігін және беделділігін арттыру үшін жаңа тәсілдер әзірленді. 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 141 біліктілік бойынша жаңа мо­дульдік бағдарламалар іске қосыл­ған, онда 3 біліктілікке дейін алу қарастырылған. 10 мамандық бойынша ағылшын тілінде оқыту жүргізіледі.

 Елбасының тапсыруымен 2017 жылдан бастап 583 колледж­де «Техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы іске асырылуда. Үш тілде оқытуды іске асыру үшін оқу пәндерінің 50%-ы оқыту тілінде беріледі, 20%-ы – екінші тілде, 30%-ы ағылшын тілінде жүргізіледі. Еліміздегі жоғары оқу орындарының көпшілігінде 2,5 мың арнайы топ құрылып, онда 30 мың адам үш тілде білім алатынын айта кетейік.

Дүниежүзілік экономика­лық форумның сарапшылары GlobalRisksReport-2017 баянда­ма­­­сында 30 жаһандық сын-те­геурінді анықтады. Олар 5 са­нат­қа бөлініп қарастырылады: эко­но­ми­калық, экологиялық, геосая­си, әлеуметтік және тех­но­­ло­гиялық. Дүниежүзілік эконо­ми­калық форум осы сын-тегеу­рін­дерді күшейтетін және олар­дың арасындағы арақатынасты өзгертуі мүмкін процестерді де анықтады. Олар: халықтың қар­таюы, халықаралық құрылым­дар рөлінің өзгеруі, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның бұзылуы, созылмалы аурулардан зардап шегетін адамдар санының өсуі, цифрлы технологияларға тәуелділіктің артуы, кедейлер мен байлар арасындағы табыс­тар айырмасының ұлғаюы, күш орталықтарының жылжуы, сон­дай-ақ урбандалудың күшеюі, тағы басқалар. Осындай жаһан­дық мәселелер туындаған тұста Астана экономикалық форумы сынды алқалы жиынның да бағасы арта түседі. Бұл форумның мақсаты – дүниежүзілік сарапшы­лар қоғамдастығына, техноло­гия­лық элитаға, мемлекеттік басқару өкілдеріне, ірі корпорация­лардың ви­зионерлері мен көшбас­шы­ларына мағыналы жауаптар мен жаһандық ауқымдағы шешімдерді іздестіру алаңын ұсыну.

Әдеттегідей Астана эконо­мика­лық форумының базасындағы Global Challenges Summit-2018 еуразиялық конгресіне қатысатын халықаралық және отандық спикерлер туралы оқырманға аз-кем ақпарат ұсынып отырмыз.

 

Цзинь ЛИЦЮНЬ, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің директоры

Бейжің шетел­дік зерттеулер уни­верситетін бітірген. Қытай Халық Респуб­ликасы Қаржы ми­нистр­лігінің департамент бастығы, қаржы министрінің орынбасары, Азия даму банкінің вице-президенті, Қытай инвестициялық корпорациясы бақылаушы кеңесінің төрағасы, Азия инфрақұрылымдық банкінің вице-президенті, Азия инфрақұрылымдық банкінің президенті болып қызмет атқарған.

Азия даму банкінде вице-президент қыз­метін атқара жүріп Оңтүстік, Орталық және Батыс Азияның жеке сектордағы операциялары жөнін­дегі бағдарламаларына жауапты болған.

Мартина ДАЛИЧ, Хорватия премьер-министрінің бірінші орынбасары, экономика министрі

Загреб универ­си­тетін, Сплит уни­вер­ситетін бітір­ген, экономика ғылым­дарының докторы.

2005-2012 жылдары Хорватияның Еуропалық одаққа қосылу жөніндегі келіссөз жүргізуші тобының құрамында болды. Хорва­тия Қаржы министрлігінде министрдің хатшысы, министрдің көмекшісі, министрлік­тің макро­экономикалық болжамдар бөлімі­нің меңгерушісі, қаржы министрі қызметін атқар­ды. Экономика, еңбек және кәсіпкерлік министрі, премьер-министрдің көмекшісі қызметін атқарды.

Тоомас ИЛЬВЕС, Эстонияның бұрынғы президенті

Эстониялық сая­саткер, дипломат, жур­налист. Колумбия университетін, Пен­сильвания универ­ситетін бітірген. «Азат Еуропа» радиосының Мюнхендегі зерттеу институтының сарапшысы, «Азат Еуропа» радиосының Эстониядағы редакциясының бөлім меңгерушісі, Эстония Социал-демократиялық партиясының жетекшісі, Еуропалық парламенттің мүшесі, Эстонияның АҚШ, Канада, Мексика елдеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі болған. Эстонияның сыртқы істер министрі, Эстония президенті қызметтерін атқарған.

Андрей ШАРОНОВ, «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің президенті

Уфа авиация инс­титутын, РФ Пре­зи­денті жанын­дағы Ре­сей мем­ле­ке­ттік қыз­мет ака­демия­сын бі­тір­­­ген, әлеуметтану ғы­л­ым­­­дары­ның кандидаты.

Ресей Федерациясы Жастар ісі жөніндегі коми­теті­нің төрағасы, Экономикалық даму және сауда министрлігінде департамент бастығы, министрдің орынбасары, «Тройка Диалог» инвестициялық компаниясының басқарушы директоры, осы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы болған. 2010-2013 жылдары Мәскеу үкіметі мэрінің экономикалық саясат бойынша орынбасары лауа­зымын, 2013-2016 жылдары «Сколково» Мәскеу бас­қару мектебінің ректоры қызметін атқарды.

Жиырмадан астам ғылыми еңбек пен мақаланың авторы.

Алина АЛДАМБЕРГЕН, KASE басқармасының төрағасы

1995 жылы Қазақ мемлекеттік бас­қару академиясын үздік бітірген, 2007 жылы Рочерстер универ­си­­тетінің Е.Саймон Уильям атындағы Іс­кер­­­лік әкімшілендіру мектебін аяқтаған.

Бұған дейін А.Ө. Алдамберген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, «Самұрық-Қазына Финанс» ЖШС бас директоры, Қаржылық нарық және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары, Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары болған, «ABN AMRO Банк Казахстан» АҚ-та және басқа да екінші деңгейлі банктерде басшылық қызметтер атқарған.

Қанат БОЗЫМБАЕВ, Энергетика министрі

Қазақ мемлекеттік басқару академия­сын бітірген. «Эдем лтд» ЖШС экономисі, Ал­маты қаласы әкі­мінің көмекшісі, Эко­но­мика және сауда министрлігі өңір­лік саясат бөлімінің бастығы, «ҚазТрансОйл» ұлт­тық компаниясы» АҚ Қаржы департаментінің бастығы, экономикалық мәселелер бойынша вице-президенті, Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мұнай мен газ департаментінің директоры, Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, «KEGOK» АҚ бірінші вице-прези­денті, «KEGOK» АҚ президенті, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы, «AirAstana» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Самұрық» холдингі» АҚ басқарма төрағасы, «KEGOK» АҚ басқарма төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Павлодар облысының әкімі болып қызмет атқарған.

«Құрмет» орденімен марапатталған, ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі.

Алмас БАТАНОВ, ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы

Қазақ мемлекеттік аграрлық универ­си­тетін экономика ма­ман­дығы бойынша, Алматыдағы технология және бизнес университетін өндірістік стандарттау және сертификаттау инженері маман­дығы бойынша тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ноттингем университетінде ақпараттық технологиялар менеджменті магистрі мамандығы бойынша білім алған.

Бұған дейін «Метрология» РММ Алматы қалалық филиалының жетекшісі, «ҚазМетрИн» РММ Оңтүстік Қазақстандағы филиалының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы, филиал басшысының орынбасары, Экономика­лық зерттеу институтының бас сарапшысы, Прези­дент Әкімшілігі Стратегиялық зерттеу және талдау орталығының сарапшысы, консультанты, референті, Өңірлік даму министрлігі Өңірлік мониторинг және бағалау департаментінің директоры, Премьер-Министрдің орынбасарының кеңесшісі, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасары, Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары болып қызмет атқарды.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»