Новооишим кентінің тұрғыны, тыл еңбеккері Зейнелғали Кенжеғалиев ақсақалдың редакцияға жолдаған хатынан жеке өміріне қатысты ащы запыранға толы сырлардың көмбесін ақтарғандай болдық.
Әкесі жұмыс үстінде қапияда қаза тауып, анасы 27 жасында жесір атанады. Бір кіндіктен жалғыз шиеттей бала асқар тау панасынан айрылған соң жетімдіктің ауыр зардабын тартады. Соғыс жылдары балалық шақтың балдәурені, күміс күлкісі көзден бұлбұл ұшып, кеңшардың ауыр жұмыстарына тартылады. Мамандық алып шыққаннан кейін аудандық деңгейде түрлі қызметтер атқарады. Көп жылғы бейнеттің зейнетіне енді жеттім-ау деген шақта хабар-ошарсыз кеткен ұлынан тірідей көз жазып, ауыр қайғыдан есеңгіреп қалады.
Тағдырдың маңдайға жазған теперішін бір кісідей көріп, сексеннің сеңгірінен асқан екінші топтағы мүгедек қарттықтың рахаты мен қызығын кешудің орнына жанын жегідей жеп жүргені несі деген сауал кейбіреулерді таңырқатуы мүмкін. Оның жауабын «Көкшетау облыстық және аудандық газеттерде штаттан тыс тілші ретінде қалам тартып жүрдім. Мұқыр ауылында болғанымда кәрі-жасы жиылып, көпірден, моншадан, автобус қатынасынан көрген қиындықтарын айтып, көмектесуді сұраған еді. Екі жылдың ішінде әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, халық ризашылық білдіргені бар» деген хат жолдарынан тапқандай боламыз. Демек, жоқшылық пен тоқшылықтың, жақсылық мен жамандықтың, ар-ұят пен құлқын-нәпсінің ара-жігін зерделей білетін қария үшін «алтын алма, алғыс ал» нақылы бұлжылмас өмірлік көзқарас ретінде орнығып қалған тәрізді. Ескінің көзіндей Қаби Тұяқбаев сияқты ұйымдастырушылық та, адамгершілік те біліктілігі мықты, көкірегі ояу, қолы таза лауазымды тұлғалар жайлы ой толғай келіп бүгінгі күнмен салыстырудың, сөзбұйдалығы мен енжарлығы атан түйеге жүк боларлық кей басшыларды сын садағына алуының бір сыры қоғамдық мүддені әркез бірінші орынға қоятын тәрбие ықпалында қалыптасқан бірбеткей, қайсар мінезінде жатса керек. Жергілікті жерде шешімін таппаған мәселелер бойынша жоғары жаққа шағымдануға мәжбүр болғаны ел мен жерге зәредей пайдасы тимесе де орынтақта тапжылмай отырған шенеуніктердің бюрократтық, қағазбастылық іс-әрекетінің салдары, мемлекеттік қызметті өздеріне жасалған артықшылық ретінде қабылдайтын қасаң көзқарас түсінігі демеске лаж жоқ. Хат иесі аудан әкімі Владимир Дудовтың (қазір басқа ауданды басқарады) қабылдауында болған кезінде Алма деген судьяның (бүгінде зейнеткер) Терешкова мен Мир көшелерінің қиылысына бетон құйманы заңсыз қойғанын, соның салдарынан адамдар мен көліктердің қатынауы, барар жерге жетуі қиындап кеткенін, әсіресе балалар үшін ауыр мехнат екенін айта келіп, алып тастауға ықпал етуін сұраған.
Тұрғындардың қарапайым ғана өтінішін сол мезетте қанағаттандыруға әкімнің бір ауыз пәрмені жететін еді. Неге екені белгісіз, ондай шешім қабылданбаған. Қария арқадан қағып шығарып салғанға мәз болып кете барған. Одан кейін бірнеше арнайы кездесуде де орындалмайтын уәдені үйіп-төгіп, кабинеттік жұмыс стиліне бейім екенін аңғыртқан. Әйтпесе жүйкені жұқартқан сергелдең бірнеше жылға созылмас еді. Шамасы, Елбасының «Біз баяғыдай жинап аламыз да, сөйлеп-сөйлеп қоя береміз. Ешкім ешқандай ұсыныс жасамайды, олай болмауы керек. Бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Ұнай ма, ұнамай ма, ол басқа мәселе. Соның бәрі елге қызмет істейтін болса, тыңдау керек» деген сын сөзі мен ісі үйлеспейтін осындай басшыларға бағытталған секілді. Стансаға дейін тартылған жолдың жөндеу көрмегені, орталық аурухана жанындағы алаңның көгалдандырылмауы, күтімсіздік салдарынан ағаш көшеттерінің қурап қалғаны, тағы басқа проблемалар жайлы жазған мақаласының жергілікті басылымда жариялануына аудан әкімі мен орынбасары кедергі жасаған.
«Жазған құлда шаршау жоқ». Кейіпкеріміз талай кабинеттің табалдырығын тоздырып, құйма бетонды алдырғаны сол еді, көлденең біреулердің шлагбаум орнатып, қара құлып салып қойғанын естиді. Бұл заңсыздықты әкімдік көре-біле тұра тамағына тас жұтып алғандай үндемейді. Осындайда Президенттің «А» басқарушылық корпусының мемлекеттік қызметшілерімен кеңесінде бюрократтық пен сөзбұйдалықтың азаюын, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жақсаруын, этиканың қатаң сақталуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз ұстанымның болуын талап ете келіп, «бюрократизм – мемлекеттік басқару жүйесіндегі жұмыстың нормадан тыс болуының салдарының бірі» дегені еске түседі. Қарияның шыңғырған шындыққа бұғау салуға әрекеттенген іс-әрекеттерді әшкерелейтін хаты басқару саласы жүйесіндегі көптеген көлеңкелі жайттардың бетін ашып берді. Әкімдер қызметінің өлшемдері көп.
Олардың ішінде адамдардың нақты проблемаларын көре білумен қатар, дер кезінде шеше білудің маңызы зор. Өкінішке қарай, ауданның кей шенеуніктері мемлекеттік қызметтің жаңа дағдыларына машықтанудың орнына ескі, таптаурын сүрлеуден әлі шыға алмай жүргендей әсер қалдырады. Аудан әкімінің орынбасары Асқар Бекеевтің тілшілер қосыны жіберген хаттағы тайға таңба басқандай айтылған нақты мәселелерді айналып өтуге тырысқаны байқалады. Ал Новоишим ауылдық округінің әкімі Самат Айтмағанбетов Терешкова көшесіне енгізілген біржақты қозғалыс неге негізделген деген сұрағымызға жауап бере алмады. Сонда мәселенің байыбына үңілместен бір жапырақ қағазға қол қоя салудың неге апарып соқтырарын білмегені ме?
Телефон арқылы хабарласқанымызда Зейнелғали ақсақалды қолдаушылардың бірі Гүлмира Дәулетбаева былай деді: «Бетон құйма мен шлагбаум алынғанымен жұртшылықтың өтініш-тілектері толық орындалмай отыр. Көшеге біржақты қозғалыстың енгізілуін ешкім түсіндіріп бере алмайды. Бұл маңайда 4 қабатты 5 үй, 2 қабатты 3 үй, 5 қабатты 1 үй және жеке баспаналар орналасқан. Көше асфальтталған, кең. Мектептерге, балабақшаларға, дүкендерге бару үшін қаншама алтын уақытымызды жоғалтып, айналып жүруге тура келеді. Сондықтан солақай шешімді жойып, әділдік қалпына келтірілгені жөн. Биліктегілер қашанғы жеке адамдардың жетегінде жүре бермек?
Біз осы сауалды облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасы мен аудан әкімдігіне жолдағанды хош көрдік. Бірнеше жылға созылған сөзбұйданың соңы жартыкеш шешім күйінде қалғанын ауданның жаңа әкімі Болат Жұмабековтің есіне салғымыз келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан