• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Мамыр, 2018

Алматы базарлары жаңарады

780 рет
көрсетілді

Еліміздің ең ірі қаласы саналатын алып шаһар Алматыда дәл бүгінгі күні үлкенді-кішілі  57 базар жұмыс істейді. Миллиондаған тұрғынды азық-түлікпен және басқа да тауарлармен  қамтып отырған базарлардың дені қала маңында орналасқан. Соңғы уақыттары көпшілікті қуантқан жайттың бірі – сауда алаңын заманауи форматқа көшіру мен салық түсімінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мегаполистегі барлық базарлар жаңарады деген  жағымды жаңалық.

Соңғы бес жыл ішінде қала басшылығы «қызыл жиекке» орналасқан, санитарлық нормалар мен мегаполистің архитектуралық келбетіне сай келмейтін 20-дан астам базарды жойған болатын. Қазіргі кезде олардың орнына жүргінші аймақтары, қоғамдық көлік үшін кеңейтілген жолдар, жер үсті өтпелі жолдары пайда болды. Бұл өз кезегінде қала көшелеріндегі қалың кептелістің сәл де болса бәсеңдеуіне оң ықпалын тигізген.

Дегенмен шаһардағы барлық базар талапқа сай деп айта алмайсыз. Әлі де болса сауданың кейбір  талаптарына  жауап бермейтін базарлар бар, ал кәсіпкерлер контейнерлер мен дүңгіршіктерде жұмыс жасауда. Қаланы одан әрі дамыту үшін мұндай базарлар алынуы тиіс. Жуырда ғана қаладағы көлік құралдарын сататын ауқымды алаң «Кар Сити» сауда орталығы алдындағы 100-ден астам сауда мен  қоғамдық тамақтану нүктелері жойылды. «Рахат» базары маңын жалға беру мерзімі аяқталысымен оның айналасына қалалықтар үшін аллея жасау жоспарланған.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері келтірген мәліметке сәйкес қазіргі кезде қаладағы 16 базарда жаңарту жұмыстары жүзеге асып отыр. Олардың меншік иелері  16 миллиардтан астам инвестиция бөлген. Жыл аяғына дейін тағы да  алты базар реконструкцияланбақ.  Бес базар модернизациялануда және жаңарту жұмыстары  келер жылы толықтай  аяқталатын болады.    Қала басшылығы базарларды модернизациялаудың бірқатар  нақтылы шарттарын да белгілеген.  Яғни кез-келген сауда орындарында стационарлық нысан міндетті түрде салынуы шарт.  Оған қоса обьктілердің  барлығы санитарлық – эпидемиологиялық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келуі тиіс. Базар маңында тұтынушылар үшін барынша қолайлы көлік тұрақтарының болуы да міндеттеледі. Ең бастысы еліміздің салық заңдылығының қатаң сақталуы мен кәсіпкерлердің арнайы тіркеуден өтуі жіті қадағаланады. Сондай-ақ сауда алаңдары аумағында POS-терминалдар мен кассалық аппараттардың болғаны жөн.

Базарларды модернизациялау қазірдің өзінде өз тиімділігін көрсеткен. Соңғы жылдары қаладағы көтерме-бөлшек сауда айналымы  3,4%-ға артып, 12,8 трлн. теңгені құраған. Бұған сауда алаңы  мен сауда орындарының санын ұлғайту және  кәсіпкерлер жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету  арқасында қол жетіп отыр.

Айта кетерлігі, Алматыда биылғы жылы қолайлы қала  кеңістігін жасау мақсатында  бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек Жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңынан өзге мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары жаңарады. Орталықтандыру қағидасы бойынша қаланың барлық аудандарында  600 аула қайта қалпына келтірілмек. Оған қоса ұзындығы 155 км болатын 157 көше жөндеуден өтіп, ұзындығы 30 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілерге арналған арнайы тротуарлар салынбақ.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ