• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2018

Ақтөбеде арыстардың ескерткішіне елеусіз қуыс­тан жер бөлінген

483 рет
көрсетілді

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде обком ғимарат­тарының алдында қолын көкке сермеп тұрған, пролетариат көсемі В.И.Лениннің ескерткіші орта­лық­тардан шеткері, адам аяғы аз қалтарыстау қала тұстарына көшірілді. Сол кезде Лениннің тас тұғыры Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі филармония ғимаратының артынан орын теуіпті. Осы жерде оның серіктерінің бірі, алдымен қызыл террордың үгітін жүргізген, содан кейін іле-шала қанды қырғынның өзін ұйымдастырған Михаил Фрунзенің ескерткіші де орнықты. Содан бергі аралықтағы отыз жылға жуық уақыт бойы коммунистік идеяны көксеушілер бұл жерге келіп, «күн көсемнің» туған күнінде гүл шоқтарын қояды екен. Мұны неге айтып отырмыз. Гәп төмендегіше. 

–В.И.Ленин мен М.В.Фрун­­­­­­зе­­нің 1991 жылдан бер­­­гі мекенжайындағы алаң­қай ­таяуда гүріл мен дүрілге тол­ды да кетті. Менің тұрған үйім филармония артында дәл осы тұста орналасқан еді. Қолдарына күрек пен қай­ла ұстап, жерді қопаруға кірісіп кеткендерден: не істегелі жүрсіңдер деп сұрап едім, олар маған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құр­бандарына арналған ескерт­кіш тұрғызамыз деген жауап қайтарды. Бұл қалтарыс – арыстарға лайықты орын емес. «Егеменге» соны айтуды өзімнің азаматтық парызым деп санаймын, – дейді тіл­шілер қосынына арнайы келген Ақтөбе қаласының тұрғыны Ерлан Сәулебаев. 

Арыстарға арналған ес­керт­­­кіш тұрғызылатын орын­ның дәл осы В.И.Ленин мен М.В.Фрун­зе ескерткіштерінің кү­ре­сінге тасталған қалта­ры­сынан таңдалғаны – ха­лық есімдерін қастер тұ­татын саяси қуғын-сүргін құр­бандарына қойылатын бедерлі белгі үшін елеусіз қуыс­тан жер бөлінгені қабыр­ғама қара тастай батады. Сон­да алып құрылыс алаңына айнал­ған облыс орталығында бұ­дан басқа лайықты орын табылмағаны ма деп қынжы­лады ол. Оның ойынша арыс­тар рухына арналған ескерт­кіш мұндай қуыста емес, қаладағы халық көп баратын саябақтар мен алаңдардың қасынан  немесе «Батыс-1», «Батыс-2» және «Батыс-3» деп аталатын жаңа тұрғын үй­лер мен мәдени әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатқан аудандардан ашылса құба-құп. Міне, «Егеменге» ел ішінен келген тұрғынның жа­нын мазалаған осы жәйт болып шықты. 

Әлбетте оқырман тілегін аяқ­сыз қалдыруға ешқандай моральдық құқымыз жоқ. Сон­­дықтан мәселенің мәнісін анықтап алмақ оймен Ақтөбе қала­сының әкімі Ілияс Испа­нов­қа хабарласқанды жөн көрдік. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құр­бан­да­ры рухына арналып тұр­ғызылатын ескерткішке қал­тарыстан жер бөлініпті, бұған не дейсіз дедік біз қала басшысына. 

Жасыратын ештеңесі жоқ, ол бұл мәселеден ат-то­­нын ала қашқандай түр та­ныт­ты. Бұған араласымыз жоқ, Мәдениет басқарма­сына хабарласыңыз деп жауап қайтарды І.Сапарбек­ұлы. Сонымен Ақтөбе об­лыс­­тық мәдениет, архив­тер және құжаттама бас­қар­масы­ның басшысы М.Қорған­баеваның каби­не­ті­нің есігін қағуға тура келді. 

– Белгілі бір құрылыс нысанын тұрғызу үшін жер алу немесе жер беру өкілеттігімізге кірмейді. Бұл қала әкімдігінің құзырындағы іс. Рас, облыс­та ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылатын ескерткіштің эс­киз­­дерін таңдау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның мүшелері соның арасынан бір эскизді лайықты деп тауып, соған сәйкес қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Таяу күндерде мұн­дағы  В.И.Ленин мен М.В.Фрунзенің ескерткіштері алы­нып, «Тарих» саябағына қойылады, – деді газет­ тілші­сіне Маржан Нағашы­бек­­­қызы.

Жергілікті мәдениет ведомствосы жетекшісінің мә­лім­­деуіне қарағанда, ес­керт­кіштер тұрғызу, әрі оған рұқсат беру жөніндегі мем­лекеттік комиссия­ облыс­тық комиссия мүшеле­рі ұсынған нұсқаны мақұлдапты. Ал осынау қастерлі де, киелі жо­баның қалтарыста, қаланың ескі бөлігінде қолға алынғаны қалай деп қойылған сауалға ол: қалтарыс деуге болмас, өйткені бұл шағын саябақ облыс орталығындағы үлкен кө­шелердің бірі – Есет батырға таяу орналасқан. Екіншіден, бұл алаңқай белгіленген жо­ба­ға сай бұрынғы көлем­мен салыстырғанда біраз кеңей­тілмек деп жауап қайтарды. 

Арыстарға арналып тұр­ғы­зылатын ескерткіштің тү­бінде тұратын азамат бұл айтыл­ғандарға қанағаттана ма, жоқ па ол арасы әзірге белгісіз, әйтсе де ескерткіш жөніндегі мәселенің қазіргі мән-жайы осындай екенін оның назарына бергенді жөн көреміз. Сондай-ақ көтеріліп отырған мәселеге қатысты алғанда Ерлан Сәулебаевтың қозғаған мәселесі өте орынды деп білеміз. Өйткені алаш арыс­тары мен тәуелсіздік – егіз ұғымдар. Ал ашаршылық құрбандарын айтар болсақ – бұл тоталитарлық машинаның қолдан жасаған қырғыны. Бұл отандық тарихымыздың қайғылы да қастерлі беттерінің бірі. Оның қай-қайсын да қастер тұту, есімдерін еске алу, бүгінгі зерделі ұрпақтың басты парызының бірі болып қала бермек.

Осы орайда газетіміздің Ақтөбе қаласындағы тілші қосынына арнайы келіп, биік ұлттық зерде мен парасат және ұлттық намыс тұрғысынан өз ойын бөліскен қала тұрғыны –еліміздің отаншыл азаматының бірі екенін таныта білді деген ойға табан тірегіміз келеді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ