Кешегі қияметі де қиянаты да көп, Кеңес Одағы дейтін қызыл империяның тұсында да қайнаған өмір, қарбалас тіршілік болды, қазақтың талай азаматы қайраткер атанды, маңдайы жарқырап съездер мен сессиялардың төрінде отырды. Сол кезеңде бұйырған қызметті біз де абыроймен атқардық. Елге белгілі талай азаматтармен аралас-құралас та болдық. Көпшілігін ардақтап аға тұттық. Аруағыңнан айналайын Димекеңнің нұрына балқып, шапағатына шомылдық. Асанбай Асқаровпен, Әліпбай Алыбаевпен, Өзбекәлі Жәнібековпен, Өмірбек Жолдасбековпен, сол тұста-ақ жалындап келе жатқан жас жолбарыс Нұрсұлтан Назарбаевпен сыйлас та сырлас болдық.
Өмірдің өзі жолықтырған, тағдыр табыстырған, қанаттаса қызмет атқарған сондай асыл ағалардың бірі – Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев еді. Аңқылдаған ақкөңіл, кіршіксіз таза, сезімтал да сергек кісі еді. Әбекеңмен ол кісі Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы боп келген кезден бастап ағалы-інілідей жақын араластық.
Қай заманда болмасын ер-азаматтың халық алдында атақ-абыройының артып, бедел құрметке бөленуіне ел үшін атқарған еңбектері ықпал ететіні анық. Адал еңбек, төккен тердің арқасында Әбубәкір Әлиұлы елімізде су шаруашылығы саласының белгілі маманы болды. Кезінде Әбекеңнің Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін, одан кейін Талдықорған облысын басқарып, кең-байтақ Қазақ жерінің ерні кезерген алқаптарын ернеуінен суға толтырып, мәуелі баққа айналдырғаны біздің бұл айтқанымыздың айқын дәлелі бола алады.
Әбубәкір Әлиұлы таршылық заманда туып, қиыншылықта ғұмыр кешкен, бейнеттің ауыр тауқыметін тарта жүріп, өзінің күш жігер-қайратымен, ақ адал еңбегімен ерте есейіп ел қатарына қосылған азамат. Ешнәрсе өздігінен бола қалмайтынын, барлығы да ерен еңбекпен, жанкешті тірлікпен келетінін ұғынған қайраткер. Әбекеңнің Талдықорған облысын басқарған, ел үшін бел жазбай еңбек еткен кездерін әрқашан сағынышпен еске аламын. Жұмысты жанын беріп істейтініне, тазалығына, адалдығына, өзіне тапсырылған жауапкершілік жүгін сезінетін азаматтық болмысына әркез тәнті болушы едік.
Әбекең әсіресе кіндік қаны тамған Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты, мұны қалың жұртшылық әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Ол Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары туған жерінің еліміздегі ауыл шаруашылығына қолайлы аймаққа айналуы үшін барын салды. Жазы ми қайнатар ыстық аймақта ауыл шаруашылығын өркендету үшін бірінші кезекте суландыру жүйесін шешу аса маңызды мәселе еді. Бастауын көрші елдерден алатын Сырдарияның суын жаз айларында үнемді пайдаланып, ел игілігіне жарату мәселесі сол кезде шешілген болатын.
Су шаруашылығы бойынша маманданған Әбубәкір Тыныбаев ағамыз бұл мәселені оңтайлы шешуге өзінің алған білімін барынша пайдаланып, шаңы шығып жататын ауданды ақ күріші жайқалған жасыл желекке айналдырды. Бұл шындығында сол кезде талай басшыларды ойландырып-толғандырған мәселе еді. Сол үшін де Әбекеңді Қазалы жұрты әлі күнге дейін аузынан тастамай әңгіме қылады. Су тапшылығынан зардап шегіп, тұйыққа тірелген жылдары қиындықтан қисынды жол тауып шыққан тапқырлығын оның зор еңбегін, білімі мен болмысын, ұтқыр ойын, ұтымды ұйымдастырушылық қабілетін, азаматтық ар-ожданын жерлестері жоғары бағалайды.
Ертеректе ағамыздың су шаруашылығына қатысты айтқан мына бір әңгімесі есімде қалыпты. «Сырдарияның оң және сол жағалауында орналасқан шаруашылықтарға суды бұрынғыдай бір мезгілде емес, күн аралатып беру жүйесін енгіздік. Өйткені су көлемі өскен сайын оның ағыны да күшейеді. Демек, су бір жақ жағалаудағы шаруашылықтарға толық мөлшерде, қажетті мерзімде жететінін байқадық. Судың ағыны күшейіп, жүрдек болған сайын оның ысырабы азаяды. Су топыраққа сіңіп, буға айналып үлгермейді. Егер суды бөлген жағдайда оның діттеген жеріне жетуі өте қиын. Қызылорданың су шаруашылығын басқарған жылдары осындай амал-тәсілдерді қолданып, шаруашылықтарды судан тарықтырмауға бар күш-жігерімді жұмсадым», дейтін еді.
Әбубәкір Әлиұлы Қазалы ауданын басқарып тұрғанда іргелес жатқан Арал ауданының хатшысы болған Тәкей Есетов ағамыздың Әбекең жайында мына бір естелік айтқаны бар еді.
– Арал мен Қазалының шекарасында «Ақбай» деген алқап бар. Сол жерге Әбубәкір замандасым көптен бері көз тігіп жүріпті. Бір күні кездескенімізде «Қос ауданның халқы еңбекқор, егін егіп, оның пайдасын көрейін десе су тапшы. Егер «Ақбай» алқабынан су қоймасын салатын болсақ, жер емген шаруалар ала жаздай егінін суарып, қамбасын дәнге толтырып алар еді. Екі ауданның күшін біріктіріп, су қоймасын салайық, кейін болашақ ұрпақ бізге алғысын айтып жүреді» деп ұсыныс жасады. Су саласының білікті маманы ретінде облысымызға аты шыққан Әбекеңнің бұл ойы менің көкейіме қона кетті. Су иесі Сүлейменнің өзі берекелі іске бел буып, білек сыбана кіріскенде мен қалай бас тартайын. Қолдай кеттім. Міне, сол Әбекеңнің бастамасымен пайда болған сол су қоймасының қызығын Қазалы мен Арал халқы әлі күнге дейін көріп келеді. Мұны енді кемеңгерлік демей, не дейсіз? – деп Тәкей Есетов ағамыз ағынан жарылған болатын.
Мейірім бар жерде адамгершілік қалыптасады. Ағамыздың балалық шағы жылылық пен мейірімге толы қарапайым қазақ ауылында өтті. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, еңбексүйгіштік бала жастан қалыптасты. Өнегелі отбасында тәлім алған Әбубәкірдің өмірде қарақан басын ғана емес, халық мүддесін ойлайтын елжанды азамат болып өсуіне сол ата-ана тәрбиесі көп септігін тигізді.
Қызылорда облысында табан аудармай еңбек еткен 18 жыл ішінде Әбубәкір Әлиұлы күріш дақылын суарудың жаңа инженерлік алқаптарын жобалауға, тың жерлерді игеруге, облыстың барлық аудандарында үлкен каналдар салуға белсене қатысты, көлдетіп суару жүйесін дамытты. Сонымен қатар Сыр өңірінде Әбубәкір Әлиұлының тікелей қатысуымен жайылымдарды суландыру, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жөнінде үлкен жұмыстар атқарылды. Облыста ауылшаруашылық дақылдарын егетін алқаптардың көлемі күрт артып, Сырдың ақмаржаны атанған – күріш дақылының өнімділігі облыс бойынша әр гектарына шаққанда 50 центнерге дейін жетті. Суармалы жерлердің жалпы көлемі 235 мың гектарға дейін ұлғайып, күріштің ауыспалы егісі 150 мың гектарға дейін артты. Нәтижесінде Қызылорда облысы еліміздегі негізгі күріш өсіруші аймаққа айналып, Одақ бойынша күріштің бестен бірін, ал Қазақстан бойынша 75 пайызын өндіретін мүмкіндікке ие болды.
Өз басым сол жылдары ел басқарып, халық мүддесі жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың өмір жолынан қазіргі биліктегі басшылар үлгі-өнеге алуы керек деп есептеймін. Ол кездегі басшылардың көпшілігі шетінен идеяшыл, мақсаткер еді. Алға қойған мақсатына қол жеткізу жолында бар күш-жігерін сарп етіп жұмсайтын-ды. Бүгінде Әбекеңдей еңбекқор, мемлекет мүддесіне жан-тәнімен берілген адамдар көп емес. Өз басым сонау Кеңес заманында үндемей жүріп үйдей іс тындырған асыл азаматтардың тізімін жасай бастасам Әбубәкір Әлиұлы есімі бірден ауызға орала кетеді. Сол сәтте-ақ тұғырлы тұлғаның еңбек жолы, кісілік келбеті әсерлі фильм көргендей көз алдыңнан өтіп, жан дүниеңді шуаққа бөлеп, көңіліңді жадыратады. Сол сияқты Әбубәкір Әлиұлымен болған әрбір кездесудегі әңгімесі жадымда жаңғырып тұрады. Әдетте көп журналистер: «Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?» деген сауалды қойып жатады. Оларға Ұлы Абай айтқандай, адам бойында болуға тиіс талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым сынды асыл қасиеттерді бала кезден бойға сіңіріп, үнемі ұштап отыру керек екенін айтамын. Өз басым Әбекеңнің бойынан осы данышпан Абай көрсетіп берген бес асыл қасиетті анық байқағандай боламын. Бес асыл қасиетті бойына жиған адамды өмірі текке өтпеген «нағыз адам» деп атайтынымыз да содан.
Иә, адам баласы анасынан ақылды болып тумайды. Бірақ Құдай берген сананы ұштап, өмірдің ащы-тұщысын татқан адам ақылы толысып, салмақты адамға айналатыны сөзсіз.
Сол себепті де парасат-пайымы жоғары, ақыл-ойы асқақ, сезімі сергек, білімі терең, табиғаты таза, өрісі кең, өресі биік, бітімі бөлек Әбекеңдей ұлтжанды азаматты өзіме парасатты аға санап, оның бойындағы асыл қасиеттерін үнемі өзіме үлгі еттім.
1977 жылы Талдықорған педагогика институтының ректоры болып тағайындалып, білікті маман дайындау ісіне бел буып, білек сыбана кірістім. Сол кезде Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев ағамыз еді. Әріпбай ағамыз өз ортасына іскерлігімен танылған талапшыл басшылардың бірі болатын. Мал шаруашылығы саласын бір кісідей білетін Алыбаев мен ректорлық қызметке тағайындалғаннан кейін Жетісуда көп аялдаған жоқ. Шаруаның жайын жетік білетін маман орталық билікке қажет болғаннан кейін Әрекең Ет-сүт өнеркәсібі министрі болып тағайындалып, Алматыға ауысты. Осы аралықта Сақан Құсайынов Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Бірақ сол жылдары қуаңшылық болып, күйі қашып, шатқаяқтаған шаруашылықты тез арада оңалтудың сәті түспеген соң, Дінмұхамед Қонаев облыс басшысын ауыстырып Жетісуға сол кезде республиканың суландыру ісіне көп еңбек сіңірген Әбубәкір Тыныбаевты тағайындады.
Әбубәкір Әлиұлы Талдықорған облысының басшылығына келгеннен кейін көп уақыт өтпей-ақ, Жетісу жері түлеп сала берді. Ол кісінің қажырлы еңбегінің арқасында 1981 жылы облыс қол жеткізген толағай табыстардың арқасында КОКП Орталық партия комитетінің, КСРО Министрлер кеңесінің, Бүкілодақтық кәсіподақтар кеңесінің және Бүкілодақтық орталық комсомол комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Ал 1983 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Орталық партия комитетінің, ҚазКСР Министрлер кеңесінің және Қазақстанның кәсіподақтар кеңесінің, Қазақстан орталық комсомол комитетінің ауыспалы Қызыл Туы тағы да Талдықорған облысының көгінде желбірегені есімде. 1982-1984-1985 жылдары ауа райы ауыл шаруашылығы саласына қолайсыз болса да Талдықорған облысы КСРО-ның бес жылдық жоспарын жоғары деңгейде орындап, биік белесті бағындырды. Сондай-ақ облыс орталығы Талдықорған қаласында біраз жұмыстар атқарылды. Қала тазалық жағынан шырайлы шаһар мәртебесіне ие болып, Кеңестер Одағының Орталық партия комитетінің, КСРО Министрлер кеңесінің, Бүкілодақтық кәсіподақтар кеңесінің және Бүкілодақтық комсомол орталық комитетінің ауыспалы Қызыл Туына ие болды. Осылайша Әбубәкір Тыныбаев аз ғана уақыттың ішінде Талдықорған облысын Қазақстанды былай қойып, бүкіл Одақ бойынша экономикасы қуатты өңірге айналдырып, еліміздің абыройын асқақтатты.
Ол кезде Димекең аталған облысты басқаруды кез келген адамға сеніп тапсыра бермейтін-ді. Оның өзіндік сыры да бар-тұғын. Тұтас республика көз тігіп отырған облыстағы жүйелі жұмыс тұтас республиканың түпкілікті экономикасына ықпал ететіні белгілі. Сондықтан Димекең облыстың бірінші хатшылығына бейнелеп айтсақ от пен судан өткен, жұмыстың мәнін біліп, ұршықтай үйіретін азаматтарды тағайындауды дағдыға айналдырған болатын. Менің жұмысым шаруашылық жұмыстарымен тікелей сабақтасып жатпаса да, Әбекеңмен жақын араласып, жақынырақ танысудың сәті сол жылдары түсті.
Біздер көбінде Әбекеңді су шаруашылығы саласында қамшы салдырмай жұмыс істеп, биік белесті бағындырған басшы ретінде танимыз. Иә, Әбубәкір Әлиұлының республиканың суландыру жүйесін дамытып, Қазақстанды Иран бағына айналдыру жолында сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Әбекең әсіресе Талдықорған облысын басқарған сәтінде бойында жаңа іскерлік қабілетін таныта түсті. Сол жылдары ағамыздың орталық билікте әбден ысылып, мол тәжірибе жинағанын анық аңғардым.
Әбубәкір Әлиұлы Талдықорғанды басқарған 1981-1986 жылдары облыстың шаруашылық саласы оңалды, елді мекендерде мәдениет үйлері, жаңа жобамен аурухана, орта мектеп, балабақшалар салынды. Осылайша жұмысты тиімді басқарудың арқасында Жетісу аз ғана уақыттың ішінде үлкен экономикалық табыстарға қол жеткізді.
Бір таңғаларлығы, Әбекең мың сан шаруаны атқарса да шаршау дегенді білмейтін-ді. Ол кісі қазақтың дәстүрлі өнерінен күш алып, жанартаудай жалындап жүретін. Ағамыздың көңілі түскенде әуелетіп ән салып, жан-жүрегіңді бір ғажайып күйге түсіретіні де бар еді. Бір күні ағамызға үйімнің төрінде ілулі тұратын Мұса Әділов деген шебердің қолынан шыққан домбыраны сыйға тартқым келді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын аяулы ағамыз менің бұл сыйыма жас балаша қуанды. Бірақ үлкен қызметте жүріп айналасындағылардан бір сабақ жіп алмауға әдеттенген ағамыз: «Мырзатай, ел біліп қойса, осыны да әжептәуір сөз қылады деп бірден елп ете қалмады. Бірақ, кейіннен жүргізушісін жіберіп, сол домбыраны алдырған еді. Бүгінде биені түгімен, түйені жүгімен жұтып жатқан заманда биліктегі кейбір бауырларыма ағамыздың осындай асыл қасиеті жетпей жатқандай көрінеді.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өмірі жарқын, айтқаны нақыл, ел ағасының жасына келсе де жас кездегі қарқынынан танбай өмірдің жыры, отырыстың гүлі болып жүретін азаматтар болады. Ондай азаматтар жастық шағында да ел ағасына айналған сәтінде де болмысын бұзбай сақтап қалады. Өмір бақи төңірегімен сыйластықта болады. Сондықтан да шығар, Әбекең жайында сыр тарқатқанда әңгіменің ауаны сыйластыққа қарай еріксіз тарта береді.
Әбекең құрметті демалысқа шыққаннан кейін де ара қатынасымыз үзілген жоқ. Мен Дипломатиялық академияны басқарған жылдары немересі Оралды жетектеп әкеліп, қолыма тапсырды. Бүгінде сол Орал баламыз еліміздің абырой-беделін асқақтатып, республикалық деңгейде қызмет жасап, табысты еңбек етуде. Бұл енді Оралжанның ата үмітін ақтағаны деп білемін.
Әбекең жөнінде таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Мен өзімнің біраз естеліктерімде абзал азаматтың еңбегі жайында жазып та жүрмін. Шүкір, ұрпақтары ата-ана алдындағы парыздарын орындап, ұлықтап келеді. Ұлы – Нәби Тыныбаев елі үшін еңбек етіп, әкеден мирас болған еңбекқорлық қасиетінің қалпын бұзбай Отанға қызмет етуде. Асыл ағаның алтын асықтай қыздары да жетіліп, бір-бір қауым елге айналып, Әбекеңнің көре алмаған қызықтарын көруде.
Әбубәкір ағамыз табиғатынан сезімтал, жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, не нәрсені үйренуге бейім, көп білуге құштар, дарынды, адамгершілік қасиеті жоғары, мейірімді, кез келген нәрсеге балаша қуанатын кісі еді. Қалың ойдың құшағында жүретін ағамыз терең ойлап, тереңнен сөз қозғайтын, байыппен, байсалдылықпен елдің, жердің жағдайын, арғы-бергі тарихын, тағдыры жайында қызықты әңгімелердің майын тамызып тұрып айтатын әңгімешіл қасиеті де бар-тын. Ол ақкөңіл, адамға сенгіш, өсек-аяңмен ісі жоқ, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, біреудің алдын кесіп өтпейтін, асып-тасымайтын, жаны тынбай еңбек етуге даяр тұратын абзал адам болатын.
Әбубәкір Тыныбаевтың Үкімет пен халықтың алдындағы сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, Ленин, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар Достығы» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. КСРО 11 шақырылымның және 9, 10 шақырылымдарының Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бірнеше шақырылған Талдықорған және Қызылорда облыстарының халық депутаттары кеңестерінің депутаты болды, КОКП және Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат болып сайланды.
Еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан асыл азамат, белгілі мемлекет қайраткері Әбубәкір Тыныбаевтың атқарған жұмыстары еліміздің қай облысына барсаңыз да алдыңыздан шығады. Ол кісінің басшылығымен салған су қоймалары мен тораптары әлі күнге дейін халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Сондықтан да елі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен Әбекеңнің туғанына 90 жыл толуына байланысты, асыл ағамыздың киелі рухын еске алып, азаматты ардақтауға арналған іс-шаралар Жетісу өңірі мен Қызылорда облыстарында тиісті деңгейде аталып өтеді деген ойдамын.
Асылдарды ардақтау артта қалған тірілердің парызы. Өйткені ел үшін еңбек еткен ерлердің өмірі өскелең жас ұрпаққа қай жағынан да үлгі болып қала бермек.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ