Бұрынғы сенатор, белгілі заңгер, көрнекті қоғам қайраткері Сабыр Қасымов ұйымдастырған бұл қор туралы көптен бері айтылып келгенімен, ресми тұсаукесерін жасау мен жұмыс орнының ашылу сәті кешегі күннің үлесіне тиіпті. Оған Оралбай Әбдікәрімов, Амангелді Айталы, Өмірзақ Озғанбаев, Сайлау Батыршаұлы, Мәмбет Қойгелді, Бекет Тұрғараев, Дихан Қамзабек, Зиябек Қабылдинов, Берік Әбдіғалиұлы, Омар Жәлелұлы, Қайырбек Қошкеұлы және т.б. ел ағалары мен танымал азаматтар қатысты.
Қордың мақсаты не деген сұраққа осы жерде «Ел бірлігі және Қаһармандар сабақтастығы» деген тақырыппен ұйымдастырылған дөңгелек үстелде оның ұйымдастырушысы С.Қасымов өз баяндамасында толық жауап берді. Өздерінің тәуелсіздігіне қол жеткізген барлық мемлекеттер халқының азаттығы мен бостандығы жолында қан мен терін төккен, бірақ ұзақ жылдар отарлық саясат есімдерін атауға тиым салған ерлерінің тағдыры, жасаған ерлігі туралы арнайы шешім қабылдап, олардың лайықтыларын тіпті ұлттық батыр деңгейіне көтеруге тырысады. Бұл ұлттық сананың, патриоттық сезімнің, жасампаз үлгінің өрістеуіне кең жол ашатын маңызды міндет. Осының өзі тарихи ақиқат пен әділдікті қалпына келтіру болып саналады. Ал отарлаушылар жазған тарихтың бәрі әрқашанда әділетсіз, өздерінің зорлық-зомбылықтарын ақтаған, шынайы тарихты өз ыңғайына бұрмалап жазылғандығы белгілі. Соның ішінде азаттық үшін күрескендерді қылмыскерлер қатарына жатқызып, ал олардың күресін талқандаған қанды жорықтарын ерлікке балап жазған жайлар жиі кездеседі. Сондықтан тарих сахнасына қайтадан шыққан жас мемлекеттер өздерінің ұлттық азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ерлерін ақтауды өздерінің борышы мен міндеті санайды.
Баяндамашы осы жерде бұрынғы КСРО-дан тараған жас мемлекеттердің ұлттық ерлерінің есімдерін жаңғырту жолында жасаған үлгілі еңбектерін еске алып өтті. Мәселен, Литвада осы мақсатты мұрат тұтқан 29 мемлекеттік акті қабылданған. Грузия мен Ресей Федерациясында да бірнеше заңнамалық құжаттар өмірге келген. Ал бізде жекелеген тарихи оқиғалар мен даңқты тұлғаларға ғана арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, ескерткіштер тұрғызылған. Есімдері көшелерге беріліп, Мемлекет басшысының баяндамаларында да айтылады. Тіпті кітаптар жазылып, фильмдер де түсірілуде, бірақ осының бәрі мерейтойлық даталарға арналған бір реттік шаралар деңгейінде қалып қоюда. Арнайы мемлекеттік акт қабылданбағандықтан жергілікті билік органдары атаусыз қалып бара жатқан батырлар мен ерлердің есімін жаңғыртуға тек көңіл хошына қарай келісім береді немесе одан тіпті бас тартады. Ал есімдері ақталмай, халыққа танылмай жатқан ерлер өте көп. Бұл өте үлкен проблема. «Қаһармандар» қорының міндеті солардың еңбектерін таныту, есімдерін халыққа жеткізу және қолданыстағы заңнамаларға олардың жарқын есімдері мен істерін жаңғырту туралы толықтырулар мен өзгерістер енгізуге бастамашы болу. Сондай-ақ жарқын есімдермен үйлестірілген патриотизмді де заңнамаға енгізген жөн. Өз мақсатымызға қол жеткізу үшін бізге ұланғайыр істер атқаруға тура келеді. Барлық облыстардың орталықтарында қордың филиалдарын ашып, елдің түкпір-түкпірінде азаттық жолында құрбан болған, жазықсыз жапа шеккен, қуғынға ұшыраған ерлер мен олардың ұрпақтарын халыққа таныстыру, тарихқа енгізу керек. Сананы жаңғыртудың жарқын жолының бірі осы болады, деді баяндамашы. Жиында сөйлеген азаматтардың бәрі де айтылып жатқан мәселеге байланысты ағынан жарылып, қалың көпшілік біле бермейтін деректерді ортаға салды. Соның ішінде Республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, тарихшы Өмірзақ Озғанбаев 1996 жылы Санкт-Петербургке парламенттік делегацияның құрамында іссапармен барғанда сол кездегі үш сенатор 1927 жылы осында жерленген Мемдуманың қазақтан сайланған депутаттарының бірі А.Бірімжановтың зиратын тауып, басына мінажат еткенін айтты.
«Осындай ұмыт бола бастаған ардақтыларымыз көп. Біз бүгінгі күнімізге ұмыт бола бастаған сол қаһармандарымыздың қанатының астында жеттік, сондықтан олардың есімдері мен істерін жаңғырту – ұлағатты іс болады», деді ол.
«Мемлекет пен қоғамның белсенділіктері екі басқа, ал осындай істер қоғамның белсенділігімен жасалады», дей келіп, тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелді «Жапонияның қоғамдық ұйымдары Қазақстанда жерленген тұтқындарының бәрінің есімдерін анықтап, олардың ұрпақтарын тауып, бастарына белгілер қойып жатыр. Сондай жұмыстарды Польшаның қоғамдық ұйымдары да атқаруда. Біздің мына қорымыз да сондай ұлағатты істердің бастамашысы болуы керек. Сонымен бірге қазақ жері үшін, қазақ халқының мүддесі үшін күрескен кейбір орыстың демократтарын да ұмытпай, олардың есімдеріне лайықты бағасын беруге тырысқанымыз жөн. Мәселен, Тимофей Седельников деген Мемлекеттік думаның депутаты болған адам өзімен бірге 54 депутаттың қолдарын қойдырып, патшаға қазақ жеріне переселендерді қаптатуды тоқтату керек деп хат жазған. Сол сияқты Кеңес өкіметі орнағанда Қазақстанда басшы қызмет атқарған А.Шкапский деген комиссар Ленинге «уберите своих шовинистов» деп хат жолдаған. Осындай ерлердің есімдерін де жаңғыртуға тиіспіз», деді ол.
Сөз алған ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталы өзінің пікірін қазіргі қоғамымызда қаһармандарға деген сұраныс бар ма деген сауалдан бастады. «Қазір біз цифрлы қоғам болып бара жатырмыз, қалыптасып келе жатқан зиялы қауымымыз да цифрлы интеллигенция, қазіргі идеологиямыз да осы технологияның айналасында болып жатқанда бүгінгі ұрпақтың санасын өткенімізбен қалай сабақтастырамыз? Осы мәселе бізді қатты толғандырады. Сондықтан қаһармандар есімдерін бүгінгі ұрпақтың қаһармандарымен қалай үйлестіру күн тәртібінен түспеуі керек. Қазір екі заманның қаһармандары өзара идеологиялық бәсекелестікке түсуде. Осы тұрғыдан келгенде бізді ақпараттық салада да, идеологиялық салада да үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз рухани жаңғыруды қазіргі цифрлы идеологияға бейімдеуіміз керек, сонда ғана жеңетін боламыз. Қай сала болса да ұлттық рухты көтермей, тек жаңа технологиялардың ығында кететін болсақ, біз жаңа қыспаққа түсуіміз мүмкін», деді ғалым.
«Қазақ халқы – батыр халық», «Алаш және жастар», «Қазақтың ұлы ойшылдары және қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу», «Алаш және тарихты танудағы тұлғалық ұстаным» деген тақырыптарда баяндама жасаған З.Қабылдинов, Д.Қамзабек, О.Жәлелұлы, Қ.Кемеңгер және т.б. басқалардың баяндамалары мен жарыссөзге шыққандардың сөздерінде де маңызды деректер мен ұтымды ойлар айтылып, сонымен қатар «Қаһармандар» қорының мақсаты зор екендігі атап көрсетілді.
Сөйтіп қазақтың жоғалтқанын түгендеуге қоғам атынан ниет білдіріп отырған тағы бір ұйым дүниеге келді, тек оның ісі алға бассын дейік.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»